Бизнес жүргізу үшін мемлекеттен жер жалға алу жолдары
Жалға алу мерзімі, мөлшерлемелер мен жалға алу құқығын сатып алу

Кәсіпкерлер мемлекеттен коммерциялық мақсаттарға — дүкен, автожуу, қойма және басқа да бизнес түрлеріне жер телімін жалға ала алады. Бұл үшін жердің сатылатын кезін күтудің қажеті жоқ — өзіңіз өтінім беріп, рәсімді бастап кетсеңіз болады. Жер телімін жалға алу жолдарын, қандай құжаттар дайындау қажет екенін және өтінім беру кезінде ескеретін жайларды осы мақалада түсіндіреміз.
Жалға алу құқығы туралы не білу керек
Жерді жалға алу — бұл келісімшарт негізінде рәсімделетін жерді ақылы түрде уақытша иелену және пайдалану құқығы.
Жалға алу құқығын сатып алған жағдайда ғана басқаларға беруге немесе сатуға болады. Жалға алу құқығын сатып алу кәсіпкерге коммерциялық негізде жалға алу құқығын басқару мүмкіндігін береді. Жер мемлекет меншігінде қалатындықтан, кәсіпкер жердің меншік иесі атана алмайды, бірақ жалға алу құқығын басқа тұлғаларға беруге, кепілге қоюға, осы жер телімі арқылы инвестиция тартуға мүмкіндігі болады. Мұндай құқықты, мысалы, бизнесті жерімен қоса сату, Жалға алу құқығын үшінші тұлғаға беру немесе кепілге қойып несие алу үшін сатып алады.
Бірақ жалға алу құқығын сатып алған кезде де, жер телімінің пайдалану мақсатын өзгертуге болмайды.
Жерді жалға алу үшін өтінім беру тәртібі
Егер кәсіпкер мемлекеттік жерді бизнес мақсаттарда жалға алғысы келсе, онда ол электронды аукционға қатысуы керек. Бұл ретте тек жарияланған аукциондарға қатысып қоймай, жаңа аукцион өткізуге бастама көтеруге болады. Мысалы, кәсіпкер бос тұрған нақты жер телімін таңдаған болса, сол жер бойынша әкімдікке өтінім бере алады.
Өтінім беру
Қажетті өңірдегі бос жер телімдерінің бар-жоғын ашық деректер порталынан немесе әкімдіктің ресми сайтынан тексеруге болады.
Өтінім egov.kz порталы арқылы жіберіледі, толтыру кезінде келесі деректер көрсетіледі:
- құқық түрін таңдау — жерді уақытша ақылы түрде пайдалану (жалға алу)
- жерді пайдалану мақсатын көрсету — мысалы, ғимарат салу
- өңірі мен орналасқан жерін көрсету — мысалы, Абай облысы, Курчатов қаласы, Достық пен Құнанбаев көшелерінің қиылысы
Бұдан кейін ашық кадастрлық картаға өтіп, жер телімінің шекараларын сызу қажет. Жүйе автоматты түрде екі құжатты қалыптастырады — учаскенің схемасын және оның алдын ала бағаланған құнын. Өтінімге ЭЦҚ арқылы қол қойылып, әкімдікке жіберіледі, онда жер қатынастары бөлімінің мамандары учаскенің бос екендігін, оның аймақтарға бөлу ережелерін бұзбайтынын және мәлімделген мақсаттарға сай келетіндігін тексереді. Барлығы дұрыс болса, жер телімі электрондық аукционға шығарылады.
Осы сәттен бастап кәсіпкер байқауға тең құқықты шарт бойынша қатысады. Қатысу үшін кепілдік жарна төлеп, бөлек өтінім беру қажет. Аукцион жеңімпазы жалға алу шартына қол қойып, сатып алу құнын төлейді.
Кейін кәсіпкер жердің нақты шекарасын өзі немесе мердігердің көмегімен анықтап, кадастрлық паспорт пен құқықтарды тіркеу үшін төлем жасайды. Барлық құжаттар мен актілер БМЖМК (Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры) порталындағы жеке кабинетке жүктеліп, ЭЦҚ-мен қол қойылады.
Елді мекендердің орталығындағы жер телімдері өндірістік мақсаттарға — зауыт, цех, қойма салдыру үшін берілмейді. Мұндай жерлер индустриалдық аймақтарда немесе қаланың шетінде орналасады.
Жалға алу мерзімі
Жалға алу мерзімі аукцион нәтижесінде анықталады, бірақ әдетте жердің түрі мен санатына байланысты 5 жылға дейін қысқа мерзімге және 49 жылға дейін ұзақ мерзімді пайдалануға беріледі.
Жалға алу мөлшерлемесі және салықтар
Коммерциялық жерге қойылатын жалға алу мөлшері өңірге байланысты — әр әкімдік өз аумағының ерекшеліктерін ескере отырып, базалық мөлшерлемесін бекітеді. Мысалы, Алматы облысы, Боралдай кентінде базалық мөлшерлеме 1 шаршы метрге 505 ₸, ал жаңа Алатау қаласында 1 шаршы метрге 1900 ₸ құрайды.
Сонымен қатар, жер теліміне қойылатын жыл сайынғы жалға алу ақысы базалық мөлшерлеменің 100-120%-ы аралығында белгіленеді, бұның өзі жер салығына тең:
Жалға алу ақысы = Базалық мөлшерлеме × (1,0-ден 1,2-ге дейін)
Нақты мөлшерлеме жердің орналасуына, жергілікті ерекшеліктерге және пайдалану мақсатына байланысты. Мысалы, қала орталығындағы сауда жүргізуге арналған жер қала шетіндегі қойма құру үшін алынған жерден қымбатырақ болады.
Егер кәсіпкер жалға алу құқығын сатып алғысы келсе, қосымша төлем жасау қажет болады:
- 10 жылға дейін — әр жалға алу жылы үшін 2%
- 11–30 жыл — 20% + әр 10 жылдан астам әрбір жыл үшін 1,5%
- 31–49 жыл — 50% + әр 30 жылдан астам әрбір жыл үшін 1%
Мысалы, кәсіпкер кадастрлық құны 6,35 млн теңгені құрайтын 10 жылға учаскені жалға алады. Жалға алу құқығын сатып алу үшін әр жылға шыққандағы құнның 2%-ын төлеу қажет. Бұл 1 270 000 теңгені құрайды.
Бизнес жер салығын төлемесе де, 851.00 — «Жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы бойынша салық есебi» нысанын тапсыруы керек. Бұл барлық жер пайдаланушылары үшін міндетті есеп.
Бизнес жүргізу үшін мемлекеттен жер алу оңай емес, бірақ барлығы айқын әрі түсінікті ұйымдастырылған. Коммерциялық жер тек аукцион арқылы ғана жалға беріледі. Бастысы — жер алудағы мақсатыңызды нақты көрсетіп, аймақтарға бөлінген шекараны бұзбай, электрондық рәсімді сақтау. Құжаттар неғұрлым негізделген болса, қажетті жер телімін алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.