ЖШС жарғысы: оны дұрыс рәсімдеу жолы
Жарғыны таңдау, рәсімдеу және өзгерту

Мақаланың мазмұны
Кәсіпкер ЖШС үшін үлгілік жарғыны пайдалана алады немесе бизнесінің ерекшеліктеріне қарай жеке жарғы әзірлей алады. Қай нұсқаны таңдаған дұрыс, жарғыда не жазылуы керек және оны қашан өзгерту қажет екенін түсіндіреміз.
ЖШС жарғысының мәні
Жарғы — ЖШС-ның құқықтық мәртебесін және қызмет ету тәртібін айқындайтын негізгі құжат. Онда компания мен қатысушылар туралы мәліметтер, басқару тәртібі, серіктестердің құқықтары мен міндеттері белгіленеді.
Жарғы негізгі шешімдерді кім қабылдайтынын, таза табыстың қалай бөлінетінін және үлесті сату кезінде қандай ережелер қолданылатынын алдын ала белгілеуге көмектеседі. Бұл әсіресе компанияда бірнеше қатысушы болған жағдайда маңызды. Себебі өзара келісім болмаса, келіспеушіліктер бизнесті басқаруды қиындатуы мүмкін.
Үлгілік жарғы мен жеке жарғының айырмашылығы
ЖШС үлгілік жарғы немесе жеке жарғы негізінде жұмыс істей алады.
Үлгілік жарғы — серіктестіктің қызметіне қатысты дайын ережелер жиынтығы. Ол стандартты ережелер жеткілікті компанияларға қолайлы.
Жеке жарғы бизнестің құрылымы мен қатысушылардың өзара келісімдерін ескере отырып әзірленеді. Мысалы, онда басқару тәртібі мен келіспеушіліктер туындаған кезде жасалатын әрекеттерді нақтырақ белгілеуге болады.
Таңдау компанияның ерекшеліктеріне байланысты. Егер ЖШС-ның бір ғана қатысушысы болса және басқару құрылымы қарапайым болса, үлгілік жарғы жеткілікті. Ал компанияда бірнеше қатысушы болса, оның үстіне қосымша ережелерді алдын ала келісіп алғысы келсе, жеке жарғы әзірлеу мүмкіндігін қарастырған жөн.
ЖШС жарғысында міндетті түрде көрсетілуге тиіс мәліметтер
Жарғыда мынадай мәліметтер көрсетілуге тиіс:
- серіктестіктің атауы мен орналасқан жері
- қатысушылардың тізімі
- жарғылық капиталдың мөлшері
- басқару органдарын құру тәртібі мен олардың құзыреті
- ЖШС ұйымдастыру және оның қызметін тоқтату шарттары
- серіктестіктің қатысушылары мен үлес сатып алушыларына оның қызметі туралы ақпарат беру тәртібі мен мерзімдері
- заңда көзделген жағдайларда серіктестіктің қызметі туралы мәліметтерді жариялау үшін пайдаланылатын бұқаралық ақпарат құралының атауы
- қатысушылардың құқықтары мен міндеттері.
Міндетті мәліметтерден бөлек, заңнамаға қайшы келмейтін басқа да ережелерді жеке жарғыға енгізуге болады.
ЖШС жарғысы қай тілде әзірленеді
Қазақстанда мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Алайда бұл әрбір ЖШС-ның жарғысы тек қазақ тілінде әзірленуге тиіс дегенді білдірмейді.
Мемлекеттік емес ұйымдар мемлекеттік тілді және қажет болған жағдайда басқа тілдерді де қолданады. Алайда бұл бапта ЖШС жарғысының тіліне қатысты жеке талап белгіленбеген.
Компанияның бірнеше қатысушысы болса, құжатпен барлығына жұмыс істеуге ыңғайлы болуы үшін жарғыны екі тілде әзірлеуге болады.
Қатысушылар, үлестер және жарғылық капитал
ЖШС жарғысында жарғылық капиталдың мөлшері көрсетіледі. Ол құрылтайшылардың салымдары есебінен қалыптастырылады. Жарғылық капитал толық төленгенге дейін қатысушылар арасында табысты бөлуге болмайды.
Басқару органдары
ЖШС-ның жоғары органы — қатысушылардың жалпы жиналысы. Ағымдағы қызметті жеке-дара немесе алқалы атқарушы орган басқарады.
Жарғыда басқару органдарын қалыптастыру тәртібі мен олардың құзыретін айқындау маңызды. Бұл басшы мен қатысушылардың өкілеттіктерін ажыратып, қандай шешімдерді жалпы жиналыста қабылдау қажет екенін түсінуге көмектеседі.
Қатысушылардың құқықтары мен міндеттері
Қатысушылар ЖШС-ны басқаруға қатысуға, оның қызметі туралы ақпарат алуға және өз үлестеріне билік етуге құқылы.
Жарғыда қатысушылардың міндеттері және қажет болған жағдайда олардың қарым-қатынастарын реттейтін қосымша ережелер де бекітіледі.
Таза табысты бөлу жолдары
Қатысушылар арасында компанияның бүкіл түсімі емес, таза табысы бөлінеді.
Жалпы жиналыс тиісті кезеңдегі қызмет нәтижелері бекітілгеннен кейін тоқсан, жарты жыл немесе жыл қорытындысы бойынша таза табысты бөлу туралы шешім қабылдай алады. Қатысушылар табысты толық немесе ішінара бөлмеу туралы да шешім қабылдай алады.
Табысты бөлу туралы шешім қабылданса, әр қатысушыға жарғылық капиталдағы үлесіне мөлшерлес түрде табыстың бір бөлігі төленеді. Төлем шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде ақшалай төленеді.
Бір және бірнеше қатысушысы бар ЖШС жарғысы
ЖШС-ны бір немесе бірнеше тұлға құра алады. Қатысушылардың саны шешім қабылдау және оны рәсімдеу тәртібіне әсер етеді.
Егер қатысушы біреу болса, ол жалпы жиналыстың құзыретіне жататын мәселелер бойынша шешімді өзі қабылдап, оны жазбаша түрде рәсімдейді. Бір қатысушысы бар ЖШС құрылған кезде құрылтай шарты жасалмайды.
Қатысушылар саны бірнешеу болса, мәселенің сипатына қарай шешім қабылдау үшін жай немесе басым көпшілік дауыс не бірауыздан келісім қажет болуы мүмкін. Сондықтан серіктестер қандай шешімдерді өз бетінше қабылдай алатынын, қайсысын өзара келісу керегін және ортақ келісімге келе алмаған жағдайда қалай әрекет ету қажет екенін алдын ала анықтап алғандары маңызды.
ЖШС жарғысын нотариуста куәландыру қажет пе
ЖШС жарғысын міндетті түрде нотариалды куәландыру заңда көзделмеген.
Жарғы барлық құрылтайшының бірауыздан қабылдаған шешімімен бекітіліп, олардың барлығы қол қояды. Егер серіктестікті бір адам құрса, жарғыны жалғыз құрылтайшы бекітеді.
Жарғыға өзгерістер енгізу тәртібі
ЖШС жарғысына өзгерістер енгізу қатысушылардың жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатады. Егер серіктестіктің бірнеше қатысушысы болса, шешім дауыс беру арқылы қабылданады. Ал қатысушы біреу болса, ол шешімді өзі қабылдайды.
Жалпы жиналыс тек күн тәртібіне енгізілген және қатысушыларға алдын ала хабарланған мәселелер бойынша шешім қабылдай алады. Мәселелердің басым бөлігі жай көпшілік дауыспен шешіледі. Жалпы ереже бойынша дауыс беру ашық түрде өткізіледі.
Шешім қабылданғаннан кейін өзгерістер жеке құжат түрінде рәсімделеді немесе жарғының жаңа редакциясы бекітіледі. Одан кейін ЖШС-ны мемлекеттік қайта тіркеу қажет пе, әлде тіркеуші органға хабарлау жеткілікті ме, соны анықтау керек. Бұл енгізілген өзгерістердің сипатына байланысты.
Кәсіпкерге қай нұсқаны таңдаған дұрыс
Үлгілік жарғы қалыпты жұмыс ережелеріне сүйенетін компанияларға қолайлы. Ал жеке жарғы бизнестің ерекшеліктерін ескеріп, заң аясында серіктестер арасындағы қарым-қатынасты толығырақ реттеуге мүмкіндік береді.
Жарғыны таңдағанда ЖШС-ның қазіргі құрылымын ғана емес, болашақта орын алуы мүмкін өзгерістерді де ескерген жөн. Мысалы, компанияға жаңа қатысушылар қосылуы, үлес сатылуы, басшы ауысуы немесе серіктестер арасында келіспеушіліктер туындауы мүмкін.
Жарғы қатысушылардың құқықтарын, басқару тәртібін және бизнес құрылымы өзгерген кезде жасалатын әрекеттерді айқындауға көмектеседі. Кәсіпкер жарғыны әзірлеу мен жаңартуға неғұрлым мұқият қараса, болашақта даулар мен қиындықтардың туындау қаупі соғұрлым аз болады.