2026 жылы Қазақстанда ЖШС ашу жолы
Тіркеу ережелері, салықтар және міндетті рәсімдер

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) — меншігінде мүлкі бар, ірі серіктестермен жұмыс істей алатын компания ашқысы келетіндерге арналған бизнес форматы. 2026 жылы ЖШС тіркеу тәртібі өзгеріссіз қалады, алайда салық ережелері жаңарып, ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі төмендейді. Бұл мақалада ЖШС-ны қалай ашуға болатынын, 2026 жылы қандай салық режимдері қолданылатынын және компанияны тіркегеннен кейін неге назар аудару керегін баяндаймыз.
ЖШС форматын кім қолдана алады
ЖШС-ны мына жағдайларда таңдауға болады:
- Тендерлерге қатысу, B2B келісімшарттарын жасасу, инвестор тарту және ірі серіктестермен жұмыс істеу үшін заңды тұлға форматы қажет болса.
- Бизнесті дамыту жоспарланса: штатты кеңейту, филиал ашу, айналымды арттыру.
- Бизнестің қарыздарын өтеу жауапкершілігін компанияға арту керек болса. Әдетте ЖШС-ның қарыздары компанияның мүлігінен өтеледі. Құрылтайшылар тек заңнамада бекітілген жағдайларда — банкрот болу рәсімі барысында және заң бұзылғаны дәлелденген кезде ғана жеке жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Кім ЖШС құрылтайшысы бола алады
- Қазақстан Республикасының азаматы немесе шетел азаматы
- Қазақстанда немесе шетелде тіркелген заңды тұлға
ЖШС тіркеу алдында нені шешу керек
- ЖШС атауы қазақ, орыс және ағылшын тілінде болуға тиіс. Мысалы, қазақша — «Жеті қазына», орысша — «Жети казына», ағылшынша — «Jeti Qazyna».
- Заңды мекенжай. Құрылтайшының тұрғын үйі немесе кеңсе мекенжайы.
- Қызмет түрін анықтау. Ол үшін экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктегіші — ЭҚЖЖ бар, онда кәсіпкерліктің барлық түрі көрсетілген. ЭҚЖЖ-ны таңдауға біздің телеграм-бот көмектеседі.
- Жарғыдағы капитал — бұл ЖШС құрылған кезде құрылтайшылардың компанияға ресми түрде салатын қаражаты. Ол компанияның қандай қаражатпен жұмыс істей бастайтынын көрсетеді. ЖШС-ға жарғыдағы капиталдың ең төменгі мөлшері белгіленбеген.
- Құрылтайшылардың және компания басшылығының құрамы.
Тіркеуге қажет құжаттар
ЖШС тіркеу үшін мына құжаттар қажет:
- Құрылтайшының компания ашылғанын ресми түрде бекітетін құжаты. Құрылтайшы бір-ақ адам болса, ЖШС құру туралы шешім рәсімделеді. Бірнешеу болса, жалпы жиналыс хаттамасы жасалады.
- Құрылтай шарты — бұл ЖШС қатысушылары арасындағы келісім. Бұл құжат компанияда бірнеше ие болған жағдайда үлес, қаражат және өзара іс-қимыл ережелері туралы алдын ала келісу үшін қажет.
- ЖШС жарғысы — бұл компанияның негізгі ішкі құжаты. Онда қатысушылардың құқықтары мен міндеттері жазылады. Жарғыны өз бетінше немесе заңгерлердің көмегімен әзірлеуге болады. Сондай-ақ Әділет министрлігінің үлгілік жарғысын пайдалануға рұқсат етіледі, бірақ оған өзгеріс енгізуге болмайды.
- Директор тағайындау туралы шешім — ЖШС басшысын ресми түрде тағайындайтын құжат. Директор компания атынан әрекет етеді: шарттарға, есептерге және басқа да құжаттарға қол қояды.
- ЭЦҚ — онлайн тіркелу және құжаттарға қол қою үшін құрылтайшыларға да, ЖШС-ның өзіне де қажет. ЭЦҚ алу үшін egov.kz сайтында онлайн өтінім жіберу керек.
ЖШС тіркеу жолы
- egov.kz сайтына ЭЦҚ көмегімен кіру.
- «Бизнеске» → «Бизнесті тіркеу және дамыту» → «Бизнесті тіркеу және жою» бөлімдеріне өту.
- «Заңды тұлғаларды тіркеу / Бизнесті тіркеу» → «Онлайн сұрау» деп таңдау.
- «Банктік шотты ашу және қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру ескерумен Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу қызметі» таңдау.
- Бейнесәйкестендіруден өту, тіркеу түрін көрсету, қажет деректі толтыру.
15 минуттан кейін өтініш парақшасын жаңартып, ЖШС тіркеу туралы қазақша және орысша анықтаманы PDF форматында алуға болады.
ЖШС-ның 2026 жылғы салық режимдері
2026 жылы ЖШС екі салық салу режимінің бірін қолдана алады:
- Жалпыға бірдей белгіленген режимдегі (ЖБР) ЖШС жылына бір рет корпоративтік табыс салығын және ай сайын қызметкерлері үшін әлеуметтік төлемдер төлейді. КТС мөлшерлемесі қызмет түріне байланысты. Жалпы мөлшерлеме — 20%. КТС ЖШС-ның кірісінен, яғни компанияның табысы мен расталған шығыны арасындағы айырмадан есептеледі.
- Оңайлатылған режимдегі ЖШС да КТС (корпоративтік табыс салығын) төлейді. Оның сомасы шығынды қоспаған жиынтық табыстан есептеледі. Салық мөлшерлемесі аймаққа байланысты табыстың 2%-нан 6%-ына дейін өзгереді. Оңайлатылған режимдегі ЖШС-ның табыс шегі — жылына 600 000 АЕК (2026 жылы 2 595 000 000 теңге)
Маңызды ақпарат: ЖШС тіркелген сәтте автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген режимге қойылады. Егер компания оңайлатылған режимде жұмыс істеуді жоспарласа, режимді бөлек ауыстыруы қажет. Ол үшін ЖШС тіркелген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде оңайлатылған режимді қолдануға өтініш беруі керек. Егер өтініш берілмесе, компания ЖБР-да жұмыс істей береді.
ҚҚС
ЖБР қолданатын ЖШС-ның жылдық айналымы 10 000 АЕК-тен (2026 жылы 43 250 000 теңгеден) асса, онда ҚҚС бойынша тіркеліп, 16% мөлшерлемемен салық төлеуі қажет.
Егер оңайлатылған режимдегі ЖШС импортпен айналысса немесе бейрезиденттермен жұмыс істесе, 16% мөлшерінде қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуі қажет. Басқа жағдайларда, тіпті табысы 10 000 АЕК (2026 жылы 43 250 000 теңге) көлеміндегі шектен асып кетсе де, оңайлатылған режимдегі ЖШС ҚҚС төлемейді.
Қызметкерлерді сақтандыру
Егер ЖШС-да жалдамалы қызметкерлер жұмыс істесе, жұмыс беруші оларды еңбек міндеттерін атқару кезіндегі жазатайым оқиғалардан міндетті түрде сақтандыруға тиіс. Мұндай шартсыз ЖШС қызметкерлерді жұмысқа ресми түрде қабылдай алмайды және еңбек қатынастарын заңды түрде рәсімдеуге құқығы да болмайды. Кімді сақтандыру керек, сақтандыру компаниясын қалай таңдауға болады және қандай құжаттар қажет екені туралы толығырақ жеке мақалада жаздық:
Нағыз жұмыс ЖШС-ны тіркеген сәттен басталады. Құжаттарды алғаннан кейін компания жұмысын жөндеп ұйымдастыру керек: ұжымдағы тәртіп пен контрагенттермен келісім бекіту, есеп және құжат айналымын реттеу, салық төлеу және есеп беру мерзімдерін нақтылау, банкпен жұмыс істеу және төлем төлеу процестерін реттеу қажет. Сонда компания жұмысын алдын-ала болжауға, қауіп-қатерлерді азайтуға, бизнесті дамытуға жол ашылады.