2026 жылғы жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖШС-ның салық міндеттемелері

Негізгі төлем мен есеп тапсыру бойынша талаптар

2026 жылғы жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖШС-ның салық міндеттемелері

Жалпыға бірдей белгіленген салық режимін (ЖБР) қолданатын ЖШС жеке табыс салығын (ЖТС) жылына бір рет, ал қызметкерлері үшін әлеуметтік төлемдерді ай сайын төлейді. Осы мақалада 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ЖБР-дағы ЖШС-ның салық міндеттемелерін қарастырамыз.

Корпоративтік табыс салығы

КТС мөлшерлемесі компания айналысатын қызмет түріне байланысты өзгереді:

  • жалпы мөлшерлемесі — 20%
  • банк және ойын бизнесі үшін — 25%
  • әлеуметтік саладағы ұйымдар үшін 2026 жылы — 5%, 2027 жылдан бастап — 10%
  • ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және балық өсірумен айналысатын, өнімдерін қайта өңдейтін компаниялар үшін — 3%
  • басқа ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін — 6%

ЖШС корпоративтік табыс салығын жылдық кірісінен есептейді. Салық салынатын сомаға кәсіпкерлік қызметпен байланысы белгілі құжатпен расталған шығыс кірмейді. Бірақ егер компания қызметті немесе тауарды оңайлатылған режимдегі контрагенттен сатып алса, мұндай шығыс бойынша ол КТС есептеу керек. 

Салықты есепті жылдан кейінгі жылдың 10 сәуіріне дейін төлеу қажет, яғни 2025 жылғы КТС-ны 2026 жылғы 10 сәуірге дейін төлеу қажет.

Аванс төлем

ЖШС-ның жылдық жиынтық табысы белгіленген шектен, яғни 600 000 АЕК-тен (2026 жылы 2 595 000 000 теңгеден) асып кетсе, компания аванс төлем төлеуге тиіс.

Аванс төлемді төлеу мерзімі — әр айдың 25-іне дейін. Мысалы, қаңтар үшін — 25 қаңтарға дейін, ал ақпан үшін — 25 ақпанға дейін.

Міндетті төлем түрлері

Қызметкер үшін төленетін ай сайынғы төлемдер

Міндетті жарналардың бір бөлігі қызметкердің еңбекақысынан ұсталады, ал қалғанын ЖШС жұмыс беруші ретінде қосымша төлейді. ЖШС-ның құрылтайшысы да компания қызметкері болып саналады. Қызметкерлер үшін ай сайынғы төлемдерге мыналар жатады:

  • МЗЖ — міндетті зейнетақы жарналары: еңбекақы × 10%
  • ЖМЗЖ — жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарналары: еңбекақы × 3,5%
  • ӘА — әлеуметтік аударымдар: (еңбекақы – МЗЖ) × 5%
  • МӘМС — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру: еңбекақы × 3%
  • МӘМСЖ — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары: еңбекақы × 2%
  • Қызметкер еңбекақысынан төленетін ЖТС: (еңбекақы – МЗЖ – салық шегерімі – МӘМСЖ) × 10%
  • ӘС — әлеуметтік салық: (еңбекақы – МЗЖ – МӘМСЖ) × 6%

Қызметкер еңбекақысынан есептелетін ЖТС-ны ай сайын 30 АЕК (2026 жылы 129 750 теңге) мөлшеріндегі салық шегерімі арқылы азайтуға болады. Ол үшін қызметкер өтініш беруі қажет. Егер қызметкер бірнеше жерде жұмыс істесе, бұл шегерім тек бір жұмыс орнында қолданылады. 

Егер қызметкер төмендегі санаттардың біріне жатса, оған жылдық әлеуметтік салық шегерімін қолдануға болады:

  • I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар үшін — 5 000 АЕК (2026 жылы 21 625 000 теңге)
  • III топтағы мүгедектігі бар тұлғалар үшін — 882 АЕК (2026 жылы 3 814 650 теңге)
  • мүгедектігі бар баланың ата-анасы, қамқоршысы немесе заңды өкілі үшін — 882 АЕК (2026 жылы 3 814 650 теңге)

Егер жеке тұлға азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істесе, оның еңбекақысынан есептелетін ЖТС-ны әлеуметтік аударымдар сомасына азайтуға болады: (еңбекақы – МЗЖ – салық шегерімі – МӘМСЖ – ӘА) × 10%

Қызметкердің жылдық табысы 8 500 АЕК-тен (2026 жылы 36 762 500 теңгеден) асса, артық сомаға ЖТС 15% мөлшерлемемен есептеледі.

Қызметкер үшін ай сайынғы төлем есебінің үлгісі

Қызметкердің еңбекақысы 200 000 теңге делік.

Қызметкер есебінен

МЗЖ: еңбекақы × 10%
200 000 × 10% = 20 000 теңге

қызметкер үшін төленетін МӘМСЖ: еңбекақы × 2%
200 000 × 2% = 4 000 теңге

қызметкер еңбекақысынан төленетін ЖТС: (еңбекақы − МЗЖ − 30 АЕК (шегерім) – МӘМСЖ) × 10%
(200 000 – 20 000 – 30 × 4 325 – 4 000) × 10% = 4 625 теңге

Жұмыс беруші есебінен

ЖМЗЖ: еңбекақы × 3,5%
200 000 × 3,5% = 7 000 теңге

МӘМС: еңбекақы × 3%
200 000 × 3% = 6 000 теңге

ӘА: (еңбекақы – МЗЖ) × 5%
(200 000 – 20 000) × 5% = 9 000 теңге

ӘС: (еңбекақы – МЗЖ – МӘМСЖ) × 6%
(200 000 — 20 000 – 4 000) × 6% = 10 560 теңге

Қызметкер еңбекақысының нақты мөлшері 200 000 теңге болса, қолына ол 171 375 теңге алады. Ал жұмыс беруші қосымша 32 560 теңге міндетті аударым төлейді.

Салық төлеу мерзімі: ай сайын, келесі айдың 25-іне дейін.

Есеп тапсыру тәртібі

ЖБР ЖШС мынадай есеп тапсыруға міндетті:

  • 100.00 нысан бойынша КТС декларациясы. Тапсыру мерзімі — есептік жылдан кейінгі жылдың 31 наурызына дейін. Бұл декларацияны жылына бір рет тапсыру керек. Мысалы, 2025 жылғы есепті 2026 жылғы 31 наурызға дейін тапсыру қажет
  • 200.00 нысан бойынша ЖТС мен ӘС декларациясы. Тапсыру мерзімі — есептік тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-іне (15 мамырға, 15 тамызға, 15 қарашаға және 15 ақпанға) дейін

ЖШС декларацияны салық төлеушінің кабинеті арқылы онлайн тапсырады.

КТС-ны декларация тапсырылғаннан кейiн төлейдi.

Қосылған құн салығы

ЖШС-ның жылдық айналымы 10 000 АЕК-тен (2026 жылы 43 250 000 теңгеден) асса, компания ҚҚС бойынша есепке тұрып, 16% мөлшерлемемен салық төлеуге міндетті.

ҚҚС бойынша кәсіпкер 300.00 нысанындағы декларацияны тоқсан сайын толтырып, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-іне дейін тапсырады. Мысалы, 2026 жылғы III тоқсан (шілде – қыркүйек) бойынша декларация 2026 жылғы 15 қарашаға дейін тапсырылады.

Салық әр тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 25-іне дейін төленеді. Мысалы, 2026 жылғы III тоқсан (шілде – қыркүйек) үшін — 2026 жылғы 25 қарашаға дейін.

Импорт кезінде қосымша 328.00 нысан бойынша өтініш әр айда, тауар әкелінген айдан кейінгі айдың соңына дейін тапсырылады. Мысалы, тауар 2026 жылғы қарашада әкелінсе, өтініш беру және ҚҚС төлеу мерзімі 2026 жылғы 20 желтоқсанға дейін жалғасады.

Басқа салықтар

Егер ЖШС меншігінде коммерциялы мүлік, жер немесе көлік болса, олар үшін сәйкес салық төлеу қажет.

 

2026 жылы жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖШС КТС-ны жылына бір рет төлейді. Компанияның жылдық табысы шектен, яғни 600 000 АЕК-тен (2026 жылы 2 595 000 000 теңге) асса, ол аванс төлем төлеуге тиіс. Сонымен бірге ЖШС ай сайын қызметкерлері үшін әлеуметтік жарналар мен салықтарды төлейді. Егер компанияның айналымы ҚҚС шегінен асса, ол есепке тұрып, тоқсандық есептілікті тапсыруға тиіс. Жұмыс беруші міндетті төлемдерді белгіленген мөлшерлемелер бойынша ұстап, бюджетке аударады, сонымен қатар арнайы салық шегерімдерін қолдана алады. Ең бастысы — есеп тапсыру мерзімдері мен табыс бойынша белгіленген шектерді мұқият бақылап отыру. Бұл айыппұлдан сақтанып, салық жүктемесін жоспарлауға мүмкіндік береді.