2026 жылғы импорт пен экспортқа қатысты салық міндеттемелері

Тауарды кеденде тіркеу және салық есебін беру

2026 жылғы импорт пен экспортқа қатысты салық міндеттемелері

Тауарды Қазақстанға әкелген немесе шетелге шығарған кезде кеденде тіркеу қажет. Бұл процесс кеден баждарын, салықтарды және басқа да міндетті төлемдерді төлеуді қамтиды. Төлем есептеу тәртiбi сауда бағыты мен тауар жөнелтілетін елге байланысты өзгеріп отырады. Импорт пен экспорт кезінде қандай салықтар қолданылатынын  «Точный учет» бухгалтерлік агенттігімен бірге қарастырамыз.

Импорт салықтары

Салық салынатын импорт түрлері:

  • Қазақстанға басқа елдерден әкеліп сататын тауарлар
  • алыс-беріс шикізаттан жасалған тауарлар — мысалы, қазақстандық компания астығын Ресейге қайта өңдеуге жіберіп, кейін Қазақстанға дайын ұн әкелсе

Салық салынатын тауарларды импорттағанда қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеу керек. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС мөлшерлемесі 16% құрайды. Кейбір тауар санаттарына (мысалы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға) жеңілдетілген мөлшерлеме қолданылады: 2026 жылы — 5%, 2027 жылы — 10%.

Егер тауарлар ЕАЭО елдерінен импортталса, одан ҚҚС төлеп, салық есебінде көрсету керек. ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден әкелінетін тауарлардың ҚҚС-ы кеденде тіркелген кезде басқа баждармен бірге төленеді.

Егер тауар ҚР-ға уақытша әкелінсе (мысалы, көрмеге қоюға немесе жөндеуге), ҚҚС мен кеден бажын толық мөлшерде төлеудің қажеті жоқ. Оның орнына кезеңді төлем төленеді — оның мөлшері айына әдеттегі импорт салықтары мен баждарының жалпы сомасынан 3%. Мысалы, тауарды жалпы тәртіппен импорттағанда ҚҚС 100 000 теңге болар еді. Бірақ тауар бір айға уақытша әкелінді делік. Бұл жағдайда ҚҚС 3 000 теңге мөлшерінде төленеді. Егер тауар Қазақстанда екі ай болса, төлем 6 000 теңге болады. Яғни төлем тауарды елде ұстаған уақытқа ғана есептеледі, бүкіл соманы бірден төлеу қажет емес.

ҚҚС салынбайтын импорт тауарлары:

  • бұрын Қазақстаннан ЕАЭО елдеріне уақытша жөнелтіліп, қасиеттері өзгермей кері қайтқан тауарлар
  • жеке пайдалануға әкелінетін, кәсіпкерлік мақсатта қолданылмайтын тауарлар
  • заңнамаға сәйкес ҚҚС-тан босатылған тауарлар

Импорттаған кезде төленетін қосымша төлемдер:

  • кеден баждары — мөлшері тауардың СЭҚ ТН кодына байланысты
  • акциз — акцизделетін тауарларға салынады (алкоголь, темекі, бензин, автокөлік және басқалары)

ҚҚС шегеру әдісі

Қазақстанда өндірілмейтін кейбір импорт тауарларына ҚҚС шегеру әдісі қолданылады. Бұл тізімге мыналар кіреді:

  • жабдық
  • ауыл шаруашылығы техникасы
  • жүк көлігі (жүк автокөліктері, локомотивтер, вагондар)
  • тікұшақтар, ұшақтар, кемелер
  • осы тауарларға арналған қосалқы бөлшектер
  • асыл тұқымды мал және қолдан ұрықтандыруға арналған жабдық
  • тірі ірі қара мал

Бұл жағдайда ҚҚС төленбейді, бірақ декларацияға жазылады.

Мұндай тауарлар тек Қазақстан аумағында пайдаланылуға немесе қаржы лизингіне (халықаралық емес) берілуге тиіс. Оларды қайта сатуға тыйым салынады. Міндетті пайдалану мерзімі: ірі қара мал мен жабдықтарға — 5 жыл, ауыл шаруашылығы құстарына — 18 ай.

Егер пайдалану ережелері бұзылса, ҚҚС-ға өсімпұл қосылады.

Есеп беру және декларациялау

ЕАЭО елдерінен тауар импорттау үшін тауарды әкелген айдан кейінгі айдың 20-күніне дейін 328.00 нысан бойынша тауар әкелу және жанама салық төлеу туралы өтініш беру қажет. Барлық соманы ҚҚС декларациясына (300.00 нысан) жазу керек.

Басқа елдерден импортталған тауарлардың ҚҚС кеденде есептеліп төленеді.

Жеке пайдалануға әкелген тауарларға ҚҚС есептелмейді, сондықтан салық есебі де тапсырылмайды.

Экспорт салықтары

Экспорт — бұл тауарларды шетелге сату. Тауарды ЕАЭО мемлекеттеріне экспорттаған кезде ҚҚС нөлге тең мөлшерлемемен есептеледі. Яғни бұл жағдайда тауарды шетелге сатқанда ҚҚС есептелмейді. 

Дегенмен, шикізат пен материалдарға төленген салықтарды тауарды экспорттаған кезде шегеруге болады.

Нөлдік мөлшерлемені қолдану үшін тауардың экспортталғанын және жанама салықтардың төленгенін растайтын құжаттар қажет:

  • экспорт туралы келісімшарт (қосымшалары мен өзгерістерін қоса)
  • тауар алушы елдің салық органы куәландырған тауар әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш (ЕАЭО елдерінде)
  • тауарға ілеспе құжаттар — тауардың шетелге жіберілгенін растайтын жүкқұжаттар, көлік құжаттары және өзге қағаздар
  • банк құжаттары — экспорттаушының Қазақстандағы шотына шетел валютасында табыс түскенін растайтын құжаттар

Магистраль құбырлары немесе электр желілері арқылы тауар экспорттаған кезде тауар құжаттарының орнына қабылдау-тапсыру актісін ұсыну керек.

ЕАЭО-дан тыс елдерге экспортталған тауарларды растау үшін олардың шекарадан шыққаны және өткені жөніндегі белгілері бар кеден декларациясы берілуге тиіс.

 

2026 жылы шетелмен сауда жасағанда салықтар мен кеден рәсімдеріне ерекше көңіл бөлу керек. Есепті дрыс жүргізіп, құжаттарды дұрыс рәсімдегенде артық шығын мен айыппұлдың алдын алуға болады. Салық шегеру әдісі мен нөлдік мөлшерлемені пайдаланғанда бизнестің жүктемесі азаяды. Ең бастысы — ережелер мен мерзімдерді бұзбасаңыз болды.