ЖШС ақшасын заңды түрде алу жолдары

Дивиденд төлеу және басқа тәсілдер

ЖШС ақшасын заңды түрде алу жолдары

Мақаланың мазмұны

  • Telegram-да талқылау

ЖШС иесі бизнестен ақша алғысы келсе, оны жай ғана жеке картасына аудара ала ма? Бір қарағанда, болатын сияқты: бизнестен түскен табыс өзіңіздікі ғой. Бірақ ЖШС шотындағы ақша меншік иесінің жеке қаражаты емес, заңды тұлғаның ақшасы. ЖШС-дан ақшаны заңды түрде алудың жолдарын түсіндіреміз.

Ақпаратты тексеруге көмектескені үшін «Точный учет» бухгалтерлік агенттігіне алғыс білдіреміз.

Дивиденд төлеу

Дивиденд — ЖШС қатысушылары арасында бөлінетін таза кірістің бір бөлігі. Ол үшін қатысушылардың жалпы жиналысы таза кірісті бөлу туралы шешім қабылдайды. Осыдан кейін ақша қатысушыларға жарғылық капиталдағы үлестеріне мөлшерлес түрде төленеді. Салық кодексіне сәйкес, дивиденд деп заңды тұлғаның құрылтайшылары мен қатысушылары арасында бөлінетін таза кіріс немесе оның бір бөлігі танылады. Дивиденд төлеген кезде оған да салық салынатынын ескеру керек.

Дивидендтен төленетін салық

ЖШС Қазақстан Республикасының салық резиденті болып табылатын жеке тұлғаға қатысушы ретінде дивидендтерден төлейтін жеке табыс салығы (ЖТС):

  • 230 000 АЕК-ке дейінгі дивиденд сомасына — 5%
  • 230 000 АЕК-тен асатын сомаға — 15%

Дивидендтер ЖШС салықтарын төлегеннен кейін қалған пайдадан төленеді. Яғни, іс жүзінде салық екі рет төленеді: алдымен ЖШС пайдасынан корпоративтік табыс салығын (КТС) төлейді, содан кейін дивидендті қатысушыға төлеген кезде жеке табыс салығын (ЖТС) ұстайды.

Екі лауазымды қатар атқару

Заң бойынша компания құрылтайшысы (ЖШС қатысушысы) мен басшысы — екі түрлі рөл. Тіпті іс жүзінде бұл екі лауазымды бір адам атқарса да, олар заң тұрғысынан бөлек болып саналады. Демек, сіз бір уақытта ЖШС құрылтайшысы әрі басшы (немесе басқа да лауазымды атқаратын қызметкер) бола аласыз және сол үшін ресми түрде жалақы ала аласыз.

Дивидендтен айырмашылығы, жалақы еңбек міндеттерін орындағаны үшін төленеді және еңбек шартымен рәсімделеді. Бұл ретте ЖШС жалақыдан салықтар мен әлеуметтік төлемдерді есептеп, ұстап қалады.

Егер бизнес иесі тұрақты табыс алып, оны ресми түрде растағысы келсе, жалақы ыңғайлы нұсқа болуы мүмкін.

Жеке мүлікті жалға беру

Егер бизнес иесінің ұйым қызметінде нақты пайдаланылатын ғимараты немесе көлігі болса, ЖШС оларды жеке тұлға ретінде иесінен жалға ала алады.

Бірақ мүлік табыс табу мақсатында кәсіпкерлік қызметте пайдаланылуы керек. ЖШС жалға алу ақысын төлейді, ал мүлік иесінің одан түскен табысына жеке тұлғаларға арналған тәртіп бойынша салық салынады. Табыс төленген кезде ЖШС жеке табыс салығын (ЖТС) ұстап, бюджетке аударады.

Бұл ретте шарт пен жалға алу ақысының мөлшері нақты мәмілеге сәйкес болуы керек, ал ЖШС шығыны бастапқы құжаттармен расталуға тиіс.

Мүлік иесі ЖШС-ға нысанды ұсынады → Тараптар жалға алу шартын жасасады → ЖШС нысанды алады және оны өз қызметінде пайдаланады → Ұйым жалға алу ақысын аударады → Салықтар мен басқа да міндетті төлемдер тараптардың мәртебесі мен нысанның түрін ескере отырып есептеледі.

АҚС шарты бойынша көрсетілетін қызметтер

Бизнес иесі ЖШС-дан ақшаны тек қызметкер ретінде ғана емес, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт (АҚС) бойынша нақты көрсеткен қызметтері немесе орындаған жұмыстары үшін де ала алады. Мысалы, егер ол ЖШС-ға кеңес беру, дизайнерлік, техникалық немесе басқа да қызметтер көрсетсе және бұл қызметтер оның әдеттегі еңбек міндеттеріне жатпаса, оларға азаматтық-құқықтық шарт жасасуға болады.

Бұл — нақты орындалған жұмыс немесе көрсетілген қызмет үшін төленетін ақы. Оны жалақыны немесе дивидендті жасырудың тәсілі ретінде қолдануға болмайды.

Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт (АҚС) бойынша жеке тұлғаның табысына белгіленген тәртіппен салық салынады, ал ЖШС жеке табыс салығын (ЖТС) және басқа да міндетті төлемдерді аударады.

Расталған шығынның орнын толтыру

Тағы бір жолы — ЖШС қажетіне жұмсаған шығынын меншік иесіне қайтару. Мысалы, бизнес иесі өз картасынан іссапарға билет, қонақүйде тұру ақысын немесе іс-шараға қатысу үшін тіркеу жарнасын төлеген не ЖШС жұмысына қажет тауарларды сатып алған.

Бұл жерде екі маңызды жайт бар.

1. Шығын орнын толтыру тәртібі бизнес иесінің ЖШС қызметкерлер құрамында бар-жоғына байланысты. Егер ол қызметкер ретінде (басшы немесе басқа лауазымда) ресми түрде жұмыс істесе және ЖШС тапсырмасы бойынша іссапарға барса, шығын есеп негізінде іссапар шығыны ретінде өтеледі.

Егер бизнес иесі ЖШС қызметкері болмаса және компания үшін қандай да бір шығынды жеке тұлға ретінде төлесе, оны өтеу бөлек рәсімделуі керек. Мысалы, тапсырма шарты немесе бизнес иесінің ЖШС атынан әрекет еткенін растайтын басқа да құжаттар жасалуы мүмкін. Құжатсыз, тек түбіртек негізінде ақша аудару шығын орнын өтеуге негіз болмайды.

2. Бір ғана түбіртек жеткіліксіз. ЖШС-ға рәсімделген бастапқы құжаттар қажет: шоттар, жүкқұжаттар, актілер, шот-фактуралар — сатып алушы немесе тапсырыс беруші ретінде компанияның деректемелері көрсетілуге тиіс. Жеке тұлғаның атына жазылған тек қана төлем құжаты немесе түбіртек жеткіліксіз (көлік құжаттарын қоспағанда, себебі олар жеке тұлғаға рәсімделеді).

Салық кодексі қатаң талаптар қояды: салық төлеушінің шығыны салық салынатын табысты анықтау кезінде тек олар табыс алуға бағытталған қызметпен байланысты болған жағдайда ғана шегерімге жатқызылады.

Басшыға құжаттарсыз немесе ұйымның қызметімен байланысы расталмаған шығынның орнын толтыру салықтық тексеру барысында негізсіз деп танылуы мүмкін. Мұндай жағдайда мемлекеттік кірістер органы бұл соманы жеке тұлғаның табысы деп танып, қосымша салық есептейді, өсімпұл мен айыппұл өндіріп алады.

Құрылтайшыға қарызды қайтару

Егер құрылтайшы бұған дейін ЖШС-ға қарыз берген болса, ұйым оған негізгі қарыз сомасын қайтара алады. Мысалы, бизнес иесі қарыз шарты бойынша ЖШС-ға 10 млн теңге берді. Біраз уақыттан кейін ЖШС-ның бос қаражаты пайда болып, ол құрылтайшыға осы 10 млн теңгені қайтарады. Қарыздың негізгі сомасын қайтару дивиденд болып саналмайды — ЖШС қатысушы алдындағы өз міндеттемесін өтейді.

Мұндай операцияны негіздеу үшін қарызға қатысты құжаттар болуы маңызды: қарыз шарты, ақшаның ЖШС-ға іс жүзінде берілгенін растайтын құжат және берешек бухгалтерлік есепте көрсетілуі керек.

Қажет құжаттар тізімі

Қажет құжаттар төлем жасау тәсіліне байланысты.

Егер бұл дивиденд болса, әдетте қаржылық нәтижені растайтын құжаттар, қатысушылардың таза табысты бөлу туралы шешімі, сондай-ақ дивидендтерді есептеу және төлеуге қатысты бухгалтерлік және салықтық құжаттар болуы қажет.

Егер бұл жалақы болса, еңбек қатынастарын растайтын құжаттар, жалақының есепшотқа аударылғанын растайтын құжаттар, сондай-ақ салықтар мен әлеуметтік төлемдерге қатысты құжаттар болуы қажет.

Егер бұл қарызды қайтару болса, қарыз шарты, ЖШС-ға қаражаттың нақты берілгенін растайтын құжаттар және оны қайтару туралы құжаттар қажет.

Егер бұл шығындардың орнын толтыру болса, шығынның өзін және оның компания қызметімен байланысын дәлелдейтін құжаттар қажет.

Басты қағида — әуелі құжат, содан кейін ғана ақша.

Не істеу керек

1-қадам. Төлем негіздемесін анықтаңыз

  • Дивидендтер
  • Жалақы
  • Қарызды қайтару
  • Нақты көрсетілген қызметтер үшін төлем
  • Жалға алу ақысы

2-қадам. Қаржылық нәтижені тексеріңіз

Дивидендтерді төлеу кезінде ұйымның таза табысының көлемін және бөлуге жататын қаражат сомасын нақтылау қажет.

Банк шотындағы ақша қалдығын таза табыс ретінде қабылдауға болмайды. Шотта клиенттің авансы, қарыз қаражаты, алдағы сатып алуларға арналған ақша, салықтарды төлеуге немесе жеткізушілер алдындағы міндеттемелерді өтеуге арналған қаражат болуы мүмкін. Шоттағы қаражат қалдығы мен кәсіпорынның пайдасы — екі бөлек ұғым.

3-қадам. Салықтарды есептеңіз

Қаражатты меншік иесіне аудармас бұрын, салықтық міндеттемелердің көлемін анықтап алу қажет.

4-қадам. Шешімді рәсімдеңіз

Мысалы, дивидендтерді төлеу үшін қатысушылардың таза табысты бөлу туралы шешімі қажет.

5-қадам. Төлем жасаңыз

Құжаттар рәсімделіп, міндеттемелер есептелгеннен кейін, ЖШС иесіне ақша аударады. Төлемнің мақсаты нақты жасалған операцияға сәйкес болуы керек.

6-қадам. Құжаттарды сақтап қойыңыз

ЖШС-ның есеп айырысу шотынан қаражаттың не себепті шығарылғаны түсінікті болуға тиіс, сондықтан құжаттарды тек «бухгалтер үшін» ғана емес, бірінші кезекте бизнестің қауіпсіздігі үшін сақтап қойыңыз".