Вендинг бизнесін бастау тәртібі
Автоматтандыру және self-service форматы

Вендинг (ағылш. to vend — дүңгіршек пен сауда автоматтар арқылы ұсақ тауарларды сату) — бұл сатушысыз жүретін автоматтандырылған сауда форматы. Вендинг автоматтары арқылы сусын, жеңіл тағам, су, кофе және жиі тұтынатын басқа да өнімдерді сатып алуға болады. Мұндай автоматтар адам көп жүретін жерге қойылады. Осылайша жолай өткендер қажет затын тез сатып ала алады: жұмыстың маңайында кофе, спортзалда су немесе кездесулер арасында жеңіл тағам алу сияқты.
Вендинг автоматтарының түрлері
Вендинг автоматтары екіге бөлінеді: тағам сататын және тағамға қатысы жоқ түрлері бар. Мұнда жолай керек болып қалатын ұсақ тауарлар ұсынылады. Алайда вендинг арқылы темекі өнімдерін, дәрі-дәрмек, алкоголь мен пиротехниканы сату рұқсат етілмейді.
Тағам сататын вендинг автоматтары
- кофе автоматтары — 15–20 түрлі сусын дайындай алады, өнім бағасы кофеханадағыдан шамамен екі есе арзан; әдетте кеңсе, оқу орындары және сауда орталықтарында орнатылады
- жеңіл тағам мен сусын сататын автоматтар — әмбебап түрі, кеңселерде, фитнес-клубтарда және сауда орталықтарында жиі кездеседі; ассортименті: шоколад, чипс, шырын және басқа да жеңіл тағамдар
- су автоматтары — тұрғын үй кешендері мен шағын аудандарда кең таралған
Тағамға қатысы жоқ вендинг автоматтары
- косметика, контакт линзалары мен жеке гигиена заттарын сататын автоматтар
- мобильді құрылғыларға арналған аксессуарлар мен SIM-карталар автоматтары
- ұялы байланыс, интернет сияқты қашықтан төлем жасауға арналған терминалдар
- постаматтар
- ойын-сауық автоматтары
Бастау алдындағы қадамдар
Бизнесті ЖК немесе ЖШС ретінде тіркеу жеткілікті.
Лайық ЭҚЖЖ: 47.99 — «Дүкендерден тыс өзге де бөлшек саудада сату».
Локация таңдау. Вендинг автоматтарының басты артықшылығы — әмбебаптығы. Оларды дерлік кез келген жерде орнатуға болады. Бірақ орын таңдағанда электр қуаты мен онлайн-кассаға арналған тұрақты интернет қолжетімді болуын ескеріңіз. Сонымен қатар нысаналы аудиторияны, адам ағынын, бәсекелестердің санын және жалға алу шарттарын бағалаңыз. Автомат орнатпас бұрын ғимарат иесімен ресми келісімшарт жасаған жөн — болашақта түсінбеушіліктердің алдын алады.
Жабдықты бюджет пен өнім түріне қарай таңдаңыз. Алғашқы уақытта қолданылған автомат алуға болады — бағасы төмен, бірақ техникалық жағдайын, құжаттары мен кепілдігін мұқият тексеріп алыңыз. Қаржыңыз жеткілікті болса, жаңа аппарат алған дұрыс. Автоматтардың бақылау-кассалық машинамен жабдықталғанына көз жеткізіңіз. Көптеген вендинг жеткізушілері дайын шешім ұсынады: автоматты орнатып, жұмыс істеуді үйретеді және техникалық қолдау көрсетеді.
Сатылатын өнім түрін алдын ала белгілеп, жеткізушілермен келісім жасаңыз. Бастапқыда 1–3 айға келісімшарт жасап, сұранысты бағалап көрген дұрыс. Осы уақыт ішінде қандай тауар жақсы өтетінін анықтап, кейін ассортиментті реттеуге болады.
Аппараттың дұрыс жұмыс істеуі үшін оны уақытылы қарап, тазалығын сақтап, тауарды толықтырып отыру керек. Төлем жүйесі, тауар беру механизмі мен жалпы техникалық жағдай үнемі тексеріліп тұруы тиіс. Толықтыру жиілігі автомат түріне байланысты: мысалы, тағам сататын аппаратты әдетте 1–2 күнде бір рет толықтырады. Өнім сапасын бақылап, жарамдылық мерзімі өткен тауарды уақыт оздырмай ауыстырып отырыңыз.
Франшизадағы дайын бизнес-моделі бар вендинг автоматын сатып алуға болады. Ассортименті мен оның жеткізуі реттелген, техникалық қолдауы қамтамасыз етілген. Франшиза — нөлден бастап бизнес жасамай-ақ, алғашқы қателіктерді азайтып, вендингті сынап көргісі келетіндерге ыңғайлы нұсқа.
Қызметкерлер
Бастапқыда жұмысты кәсіпкер өзі атқара алады. Автоматтар саны көбейген сайын командаға қосымша мамандар қажет болады:
- басқарушы — бизнестің бағыты мен дамуын қадағалайды, автоматтар орнататын жерді таңдайды және кірісті қадағалайды
- автомат қызметкері — автоматтарды толықтырады, техникалық жағдайын тексереді, тазалыққа жауап береді, жеткізушілермен жұмыс істейді
- бухгалтер — кіріс пен шығысты есептейді, салықтық есептілікті жүргізеді; аутсорс негізінде жалдауға болады
Қаржы
Вендинг автоматының бағасы модель мен өндірушіге байланысты 1–3 млн теңге аралығында болады. Сонымен қатар, шығындарға автоматты орнату, жалға алу ақысы, тауар сатып алу мен қызмет көрсету қосылады.
Бір автоматты іске қосуға орта есеппен 2,5 млн теңге қажет. Жоба 12–18 айда өзін-өзі ақтауы мүмкін. Пайда тұрақты айналым мен төмен операциялық шығындар есебінен қалыптасады: аппарат жалақыны талап етпейді және тәулік бойы қызмет көрсетеді.
Қауіп-қатерді азайту жолдары
Автомат орнатпас бұрын адам ағынын зерттеп, нысаналы аудиторияны анықтап, бәсекелестік деңгейін бағалау маңызды. Мысалы, егер бизнес-орталықта кофе аппараты болса, тағы біреуін орнату тиімсіз болады.
Қауіпсіздік мәселесінде үнемдеуге болмайды. Вандализм қаупін азайту үшін автоматтарды күзет және бейнебақылау бар жерлерге қойған дұрыс.
Маусымға байланысты өзгерістерді ескеріңіз. Мысалы, жазда кофе автоматтарының кірісі төмендейді, сондықтан алдын ала суық сусындарды ассортиментке қосқан жөн.
Жаңадан бастағандардың ең үлкен қатесі — пассивті кірісті күту. Вендинг шын мәнінде автоматтандырылған, алайда оның тиімді жұмыс істеуі үшін тұрақты көңіл бөлу қажет: ассортиментті толықтыру, тазалықты қадағалау және сату статистикасын бақылау.
Вендинг бизнесі — кәсіпкерлер үшін шағын бизнесті бастауға қолжетімді тәсілдердің бірі. Ол үшін үлкен ауданды жалға алу немесе қызметкерлерді тартудың қажеті жоқ, бастапқы шығындар тек автомат пен оның қызмет көрсету құнымен шектеледі. Мұндай формат сұранысты тез бағалап, ассортиментті түзетуге және тиімді орналасқан жерлерді таңдауға мүмкіндік береді. Жұмыс барысы дұрыс ұйымдастырылса, автоматтардың шағын желісі де тұрақты табыс әкеле алады.