Қазақстанда кофені кім және қалай қуырады

Poster зерттеуі

Қазақстанда кофені кім және қалай қуырады

Бес жыл бұрын Қазақстандағы барлық кофеханаларға қуырумен айналысатын бар-жоғы 4–5 жеткізуші қызмет көрсететін. Ал бүгінде олардың саны жиырмадан асты. Мұндай қарқынды өсімнің басты себебі — тұтынушылар талғамының өзгеруі. Қазақстандaғы кофені сүйетіндер ерігіш кофеден гөрі дәмі мен сапасы жоғары дәнді кофеге көбірек мән бере бастады.

Қазір Қазақстандағы орташа кофе қуырушы қандай, қандай жабдықта жұмыс істейді және кімге, қаншалықты көлемде сатады — осының бәрі Poster компаниясының зерттеуінде баяндалған.

Зерттеу аудиториясы және әдісі

Зерттеу сауалнамасына Қазақстанның түрлі қалаларынан, соның ішінде Алматы мен Қарағандыдан, кофе қуырумен айналысатын 11 компания қатысты. Бұл — елдегі кофе қуырушылардың жалпы санының 50%-дан астамын құрайды. 

Зерттеуге қатысқан кофе қуырумен айналысатын компаниялардың толық тізімі: Spectre Coffee, Barista coffee, Local Coffee Company, Serikov Coffee Company, Choose coffee, Flask Coffee, Grossa Coffee Roasters, Master Coffee Roasters, Cosmic Garden Coffee, Atyrau coffee roasters, Born Brave Coffee Roasters.

Барлық көрсеткіштер медиана бойынша есептелді, себебі ол орташа арифметикалық мәнге қарағанда нарықтағы жағдайды неғұрлым нақты бейнелейді.

Зерттеу нәтижелері

Баға мен ассортимент

Қазақстандағы кофе қуырушылардың ассортиментінде орта есеппен 19 түрлі өнім бар (ең азы — 7, ең көбі — 50-ден асады). Ең арзан кофенің бағасы шамамен 10 000 ₸/кг, ал ең қымбаты — 35 000 ₸/кг. Сонымен қатар нарықта ерекше, шектеулі лоттар бар: спешелти санатындағы кейбір дәндердің бағасы килограмына 239 000 ₸ дейін жетеді. 

«Specialty кофе — тек дәмнің сипаты ғана емес. Мұнда дәннің қайдан келгені және қалай өңделгені де маңызды. Біз өзіміз әр елге барып, фермаларды аралап, ең жақсы сұрыптарды таңдаймыз. Әр орамда дәннің шыққан жері, өңдеу және қуыру тәсілі жазылады. Осындай деректер кофенің дәмін алдын ала түсінуге мүмкіндік береді», — дейді Serikov Coffee Company компаниясының негізін қалаушы, Қазақстандағы алғашқы кофе қуырушы Павел Сериков. 

Сату және өткізу арналары

Қазақстандағы кофе қуырушылардың 64%-ының өз кофеханалары бар — әдетте екі нүкте шамасында. Барлық компаниялар кофені қонақтарға бөлшек түрде де, қоғамдық тамақтану орындарына көтерме түрде де сатады. Сонымен қатар 45%-ы ритейл желілерімен жұмыс істейді. 

Бөлшек сатылымдар табыстың орта есеппен 17,5% құрайды. Кофе қуырушылардың 64%-ының интернет-дүкендері бар. Барлығы кофе дәнін тапсырыс бойынша ұнтақтап береді, 73%-ы өз блендтерін ұсынады, ал тегін жеткізуді 100% компания қамтамасыз етеді. Фильтрге арналған қуыру үлесі орта есеппен 10% шамасында.

Сайт және әлеуметтік желілер

Қазақстандағы кофе қуырушылардың 73%-ының өз сайттары бар, ал Instagram парақшасын 100%-ы жүргізеді. Жазылмандардың орташа саны — 2 169. Компаниялардың 82%-ы кофе сұрыптары, дайындау тәсілдері және тұтыну мәдениеті туралы танымдық контентпен бөліседі.

Жабдық пен өнімділік деңгейі

Зерттеуге қатысқандардың барлығы өздерінің жеке ростерлерінде жұмыс істейді, жалға алынған жабдықты пайдаланбайды. Жиі кездесетін брендтер — Giesen (шамамен 45%), сондай-ақ Probat, Stronghold және өзге өндірушілердің құрылғылары қолданылады. 

Бір қуыру компаниясының орташа айлық өндіріс көлемі — 3 000 кг. Зерттеуге қатысқандардың 22%-ы айына 3 мың килограммнан аз өндіреді, 56% — 3–5 мың кг, ал қалған 22% — 5 мың килограммнан астам көлемде қуырады.

Нарықтағы басты сын-тегеуріндер

Кофе қуырушылардың пікірінше, бүгінде нарықтағы басты қиындықтар мыналар:

  • теңгенің құнсыздануы 
  • шикізат бағасының өсуі
  • бәсекелестер тарапынан демпинг
  • маржаның төмен деңгейі

«Қазақстан — мұхитқа шығатын жолы жоқ әлемдегі ең үлкен ел. Елде ірі теңіз порты болмағандықтан, логистика — әлі де басты қиындықтардың бірі. Жеткізу құны өте жоғары», — дейді Алматыдағы Flask Coffee компаниясының негізін қалаушы Чихун Джонг.  

Соңғы жылдары Қазақстанда кофе мәдениеті айтарлықтай дамыды: жоғары сапалы кофені ұсынатын жаңа кофеханалар көбейіп, қуыру нарығы да өсе түсті. Елде кәсіби баристалар мен жас қуырушылар қауымы қалыптасып келеді. Қазақстандықтар жаңа дәмдерді қызыға сынап көреді. Мұның бәрі Қазақстанды Орталық Азиядағы specialty кофенің орталығына айналуға бір табан жақындатады.

Poster жүйесі кофеханалар мен қуырушылардың жұмысын жеңілдетуге көмектеседі. Бір платформа арқылы кассаны, қойманы, қаржыны және талдауды оңай басқаруға болады. Ал күнделікті жұмысты автоматтандыру кәсіпкерге ең маңызды нәрселерге — өнім сапасы мен команданың дамуына көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

Родион Ерошек, Poster мекемелерді автоматтандыру компаниясының CEO-сы және тең құрылтайшысы

Компания жайлы

Poster — Орталық Азиядағы кафе мен мейрамханаларға арналған алғашқы бұлттағы автоматтандыру жүйесі (2013 жылдан бері жұмыс істейді). Бір POS-жүйе барлық негізгі жұмысты қамтиды: касса, қойма, QR-мәзір, AI-көмекші, жеткізу, қаржы, аналитика және CRM.

Бүгінде Poster жүйесімен әлемнің 110 еліндегі 28 000-нан астам мекеме жұмыс істейді, оның ішінде 2 000-ы — Қазақстандағы клиенттер. Күн сайын жүйе арқылы шамамен 1 800 000 чек өңделеді.

 

Материалды Poster компаниясы арнайы Ösim үшін әзірледі.