Instagram арқылы сауда жасау, төлем қабылдау және жарнама

Өнім өздігінен ешқашан сатылмайды

Instagram арқылы сауда жасау, төлем қабылдау және жарнама

Instagram желісінде сауда жасау — оңай іс емес. Ол жерге өз аудиторияңызды тартып, сатып алуға дейін жеткізу керек. Көбіне кәсіпкерлер «өнімім сапалы болса, өзі-ақ өтеді» деп сенеді. Бірақ бұл — жаңсақ түсінік. Жарнамасыз ешқандай тауар өтпейді. Трафигі жоқ аккаунт сатып алушысы жоқ дүкен секілді. Ал төлем қабылдау мен тапсырыс өңдеу жүйесі дұрыс құрылмаса, трафиктің де пайдасы болмай қалады.

Клиентіңіз кім

Instagram-дағы өнім не қызмет ілгерілету жұмысы жарнаманың өзінен емес, өніміңіздің кімге арналғанын түсінуден басталады. Бұл жай ғана «25–45 жастағы әйелдер» емес, нақты сұрауы бар адамдар. Мысалы, баласына қауіпсіз өнім іздеп жүрген жас ана. Құрбысына сыйлық таңдап жүрген қыз. Тапсырыс жасап, нәрсесін қолына тез алғысы келетін ер адам. Артық әңгімесіз, өз ісін сапалы атқаратын жеткізуші іздеген шағын бизнес иесі.

Клиенттің не іздеп жүргенін нақты түсінсеңіз, оған ұсынатын контентіңіз де, өніміңіз де, жарнамаңыз да соғұрлым дәл болады.

Жарияланатын контент түрі

Instagram-дағы контент үш міндетті атқаруы керек: клиент назарын тарту, сатылатын өніммен таныстыру және сатып алуға итермелеу. Егер тек тауарыңыздың әдемі суреттерін жариялаумен әлек болсаңыз, клиент назарын өзіңізге тартқанымен, өнім құндылығын жеткізе алмайсыз. Тек пайдалы, сарапшы кеңесін берсеңіз, өнім маңызын түсіндіргенімен, әлі де сатып алуға итермелей алмайсыз. Ал жазбаларыңыз тек науқан мен «бүгін сатып алыңыз» деген үндеуден тұрса, біраз сатып алулар болуы мүмкін, бірақ аудитория сенімінен тез-ақ айырылып қаласыз.

Оңтайлы контент-жоспарда мынадай жазба түрлері болғаны дұрыс:

  • өнім туралы жазбалар
  • бизнестің күнделікті жұмысынан стористер
  • тұтынушы пікірлері
  • жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар мен салыстырмалы шолулар
  • кейстер және клиенттердің күмәніне жауаптар
  • науқан мен жеңілдіктер
  • брендтің өзіндік стилі мен үні

Адамдарға өнімді көріп қана қоймай, сатып алу туралы шешім қабылдауға уақыт керек.

Рилс, сторис және директ

Қазір Instagram-дағы ең тиімді сауда жасау үлгісі — рилс, сторис және директті қатар қолдану. Рилс жаңа аудитория тартады. Сторис брендпен жақынырақ таныстырып, сенім қалыптастырады. Ал директте клиенттің сұрақтарына жауап беріп, күмәнін сейілтуге және сатып алу туралы шешім қабылдауына көмектесуге болады.

Рилстарыңыз жақсы қаралым жинап, бірақ тапсырыстар әкелмесе, демек тұтынушыларға әрі қарай не істеу керегі түсініксіз.

Егер адамдар стористарыңызды қарап, тапсырыс бермесе, демек сатып алуға итермелемейсіз.

Егер директте сұрақ көп болғанымен, сатып алушылар аз болса, демек өтінім өңдеу жұмысы әлсіз не клиент сенімі қалыптаспаған.

Табиғи өсім және ақылы жарнама

Жарнама табиғи және ақылы болады.

Табиғи өсім аясында аудиторияңыз сапалы контенттің, клиенттердің ұсыныстары мен белгілеп бөлісуінің, репосттардың, серіктестік жобалар және аудиториямен тұрақты жұмыстың арқасында біртіндеп өседі.

Ақылы жарнамаға таргет, әр жазбаны жеке жарнамалау, блогерлермен жұмыс істеу, ақылы серіктестік жобалар, ұтыс ойындары мен бірлескен науқандар жатады.

Кәсіпкерлер аталған тәсілдердің біреуін ғана таңдап, қателеседі: «біз тек табиғи түрде өсеміз» немесе «жарнамаға ақша салсақ, тауардың бәрі өзі-ақ сатылады» деп ойлайды. Іс жүзінде екеуін қатар қолданған тиімді: табиғи өсім тұтынушы сенімін қалыптастырады, ал ақылы жарнама аудиторияны кеңейтуге мүмкіндік береді.

Профильді жарнамаға дайындау

Бос аккаунтты жарнамалаудың қажеті жоқ. Жарнаманы іске қоспас бұрын мыналарды тексеріп алыңыз:

  • өзекті стористер бар ма
  • клиенттердің пікірлері көрініп тұр ма
  • баға туралы ақпарат бар ма
  • тауар дайын ба
  • менеджерлер жедел жауап бере ме

Егер мың адамды соңғы жазбасы бір ай бұрын шыққан, ал хайлайттарында ескі науқандар ғана бар аккаунтқа әкелсеңіз, жарнамаға кеткен шығын өзін ақтамайды.

Төлем қабылдауды оңтайландыру

Төлем қабылдау — көп кәсіпкердің осал тұсы. Шағын бизнес клиентті сатып алуға дейін жеткізгенімен, дәл соңғы қадамда жоғалтып алып жатады. Себебі адам сатып алуға дайын болғанымен, төлем жасау ыңғайсыз: төлем сілтемесі жоқ, шот жіберілмейді, тапсырыс расталмайды, чек берілмейді немесе жеткізу күйін қадағалау мүмкін емес. Осындай сәтте клиенттің көңіліне күмән ұялайды: «Ақшамды жіберсем, шынымен тапсырысымды аламын ба? Қате шотқа аударып қоймаймын ба?» Төлем жасау кезінде күмән көбейген сайын, сатып алудан бас тарту ықтималдығы да артады.

Төлем жасауды барынша жеңілдетіңіз. Қазақстанда сатып алушылар ақша аударуға, QR кодымен немесе төлем сілтемесі арқылы төлеуге үйренген. Бизнес үлгіңізге сай келсе, тауарды алған кезде ғана төлеу мүмкіндігін де ұсынып көріңіз.

Бірақ төлем тәсілдерінің түрі ғана емес, олардың клиентке қаншалықты түсінікті екені де маңызды. Мына ақпараттың бар екеніне көз жеткізіңіз:

  • төлемді қашан және кімге жасау керек
  • төлемнің қабылданғаны қалай расталады
  • төлемнен кейін не болады
  • тапсырыс қашан жіберіледі
  • клиент қате жіберсе, не істеуі керек

Бұлар ұсақ-түйек болып көрінгенімен, бизнестің сенімді екеніне көз жеткізеді.

Тапсырыстарды тіркеу және CRM

Клиенттердің өтінімдерін жүйелі түрде тіркеп отыру өте маңызды. Сауданы тек директтегі хаттарға сүйеніп жүргізуге болмайды. Тапсырыс аз кезде бәрі есте қалатындай көрінеді. Бірақ тапсырыс көбейген сайын қиын болады: кімге жауап берілмеді, кім төлем жасады, кімнің тапсырысы жіберілмей қалды, кімге қайта хабарласу керек, ал кімге еске салу қажет екенін шатастыру оңай.

Бастапқы кезеңде өтінімдерді кестеге тіркеп отырсаңыз жеткілікті. Ал тапсырыс көбейгенде CRM жүйесіне көшкен дұрыс. Онда клиенттің аты-жөні мен байланыс дерегі, тауар мен сома, төлем мен жеткізу күйі, жауапты қызметкер және қайта хабарласатын күн көрсетілуі керек.

Қайта сатып алулар

Жарнама тек алғашқы сатылымға ғана емес, клиенттің қайта оралуына да ықпал етуі керек. Instagram-ды жиі алғашқы сатып алуға әкелетін арна ретінде қабылдайды. Алайда табысты бизнес бір реттік саудадан емес, қайта оралатын клиенттердің есебінен өседі.

Сатып алғаннан кейін клиентпен байланысты үзбеңіз: алғыс айтып, пікірін сұраңыз. Біраз уақыттан соң қайта тапсырыс беруді, қосымша тауар немесе жабық науқанға қатысуды ұсынуға болады. Бұған дейін сатып алып, риза болған клиентке қайта сату жаңа клиент тартуға қарағанда оңай әрі аз шығын қажет етеді.

Тұтынушылар дерекқорын жүргізу

Клиентпен байланысты тек Instagram арқылы жүргізумен шектелмеңіз. Телефон нөмірі, пошта, WhatsApp немесе Telegram-дағы дерегі және хабарлама алуға берген келісімін алып, өз дерекқорыңызды қалыптастырыңыз.

Алгоритмдер өзгеріп тұрады, аудитория құбылып, жарнама қымбаттай береді. Егер клиенттеріңізбен байланыс тек бір желіде жүргізілсе, кез келген өзгеріс бизнесіңізге теріс әсер етеді. Instagram жаңа клиент әкелгенімен, оларды ұстап қалу үшін бизнес бір ғана әлеуметтік желіге тәуелді болмауы керек.

Маңызды көрсеткіштер

Жазылушылар мен лайк санына мән беріп қана қоймай, мына көрсеткіштерді де бақылаңыз:

  • қаралым мен контентті сақтау
  • профильге өту мен батырмаларды шерту жиілігі
  • директтегі хабарламалар
  • бір тапсырыс құны
  • түскен тапсырыстың төлемге айналуы
  • орташа чек
  • қайта сатып алулар

Жазылушылар саны көп болғанымен, сауда жасалмаса, оның пайдасы шамалы. Ал аккаунтыңыз шағын болса да, тапсырыс тұрақты түсіп, клиенттеріңіз қайта оралып жатса, демек бизнесіңіз дұрыс бағытта дамып келеді.

Түйін

Instagram саудаңыздың ажырамас бөлігі болуы керек.

Контент тапсырысқа, тапсырыс төлемге, төлем жеткізуге, жеткізу пікірге, ал пікір қайта сатып алуға әкелуі керек. Instagram-дағы оңтайлы сату жүйесі дегеніміз — осы.