2025 жылғы Қазақстандағы алкоголь нарығына шолу

Қазақстандағы алкоголь нарығын талдау қиын: ашық әрі толық статистика жоқ. 2024–2025 жылдардағы жеке бақылауларыма сүйенсек, Қазақстанның ірі қалаларында әлемдік нарыққа тән үрдістер байқалады: жоғары алкогольді ішімдіктерге қызығушылық төмендеп, шарапқа, аперитивтерге және жеңіл алкогольді өнімдерге сұраныс артып келеді. Бұл өзгерістер жайлы алдыңғы мақаламда толығырақ тоқталған едім.
Нақты дерекке сүйену үшін Алматы мен Астанадағы барлардың сатылым көрсеткіштерін талдадым, нәтижесінде кез келген есептен әлдеқайда мазмұнды ақпарат таптым.
Жалпы шолу
Алматы, Астана, Қарағанды және Ақтөбе сияқты ірі қалаларда өзгерістер анық байқалады:
- жоғары алкогольді ішімдіктердің сатылымы төмендеп жатыр
- кәдімгі және көпіршік шарапқа сұраныс артып келеді
- әлемнің әр түкпірінен жаңа шарап өндірушілері пайда болып жатыр
- төмен алкогольді және аперитивтік коктейльдердің үлесі жыл сайын өсіп отыр. Бұған Bee’s Knees бары жақсы мысал: мәзірінің 80%-ға жуығы осы санаттағы коктейльдерден тұрады.
30 жастан асқандар көбіне үйде өтетін кездесулерді таңдайды, ал жастар кеш бойы бір–екі сусынмен ғана шектеледі.
Ірі қалалардан тыс өңірлерде жағдай өзгеше. Бұл жерлерде әлі де жоғары алкогольді ішімдіктер мен тәтті және жартылай тәтті шараптар сұраныс бойынша алдыңғы қатарда тұр. Аперитивтерге және құрғақ стильдегі сусындарға қызығушылық енді ғана қалыптаса бастады.
Бар статистикасы нені көрсетеді
Мен әріптестерімнен ақпарат жинап, нақты қандай өнімдер сатылып жатқанын талдадым. Статистика қызық әрі мақмұнды болу үшін ақпаратты тек коктейль барларынан емес, қалалық кафелерден де алдым.
Gruppo 63 (Алматы)
Неоавангард бағытындағы коктейль бары
Үздік коктейльдер:
- Cosi Fan Tutti — Porn Star Martini коктейлінің авторлық нұсқасы: ванильді арақ, маракуйя, көпіршік шарап. Бар нұсқасында құрамына Martell коньягы, балғын лемонграсс пен маракуйя қосылады.
- Gruppo 63 — Adonis коктейлінің авторлық нұсқасы: күнжіт майымен өңделген херес, інжір қосылған қызыл вермут және ара балауызында тұндырылған Martell коньягы. Жартылай құрғақ әрі күрделі дәм.
- Negroni — джин, қызыл вермут пен биттерден тұратын тұрақты бестселлер.
Жоғары алкогольді ішімдіктер:
- Бір уытты виски
- Джин
- Коньяк
Коньяктың топ-3 санатына енуі коктейль бар үшін өте сирек жағдай. Бұл — кездейсоқтық емес, саналы әрі жүйелі жұмыс нәтижесі: әдетте қымбат әрі сұранысы төмен саналатын ингредиент мұнда мәзірге табиғи түрде енгізілген.
French 42 (Алматы)
Джинге негізделген коктейль бар
Үздік коктейльдер:
- French 42 — French 75 коктейлінің авторлық нұсқасы: джин, алмұрт арағы, құрғақ көпіршік шарап, Orgeat. Жоғары алкогольді, қышқыл-тәтті және хош иісті коктейль.
- Pasadena — джин, қауын, маракуйя, апельсин және ананасқа негізделген коктейль. Қышқыл-тәтті, жеміс дәмі анық сезіледі, классикадан дайындалу тәсілімен ерекшеленеді.
- Almatini — Apple Martini коктейлінің авторлық нұсқасы: джин, алматылық алма, түймедақ, жасмин және ақ шарап.
Жоғары алкогольді ішімдіктер:
- Джин — сөзсіз көшбасшы. Джин картасы шарап картасынан төрт есе ауқымды бар үшін заңды құбылыс.
- Текила — екінші орынға нық орнығып, агавалы ішімдіктерге деген қызығушылықтың жергілікті нарықта да өсіп келе жатқанын дәлелдейді. Қазақстанда текила мен мескаль сатылымы коньякпен шамалас деңгейде.
- Ирландиялық вискидің орны барға келетін жас аудиториямен байланысты болуы мүмкін.
Yellow Door (Алматы)
Классикалық спикизи-бар
Үздік коктейльдер:
- Dry Martini — джин мен құрғақ вермуттан жасалатын классикалық коктейль, зәйтүнмен не лимон қабығымен безендіріледі. Құрғақ, ұстамды әрі жоғары алкогольді сусын — тәжірибелі аудиторияның саналы таңдауы.
- Gimlet — бар болғаны үш ингредиенттен тұратын мінсіз классика: джин, лайм және қант. Дұрыс дайындалса, жартылай құрғақ боп шығады.
- Old Maid — джин, лайм, жалбыз, қияр. Сергітетін, қышқыл-тәтті коктейль.
Үш коктейльдің де джинге негізделуі бекер емес.
Жоғары алкогольді ішімдіктер:
- Джиннің таза түрде сұранысқа ие болуы қонақтардың талғамының жоғары екенін әрі жаңа дәмдерге қызығушылығы барын көрсетеді.
- Виски алдыңғы қатарға шыққан екінші бар.
- Мескаль — агавалы ішімдіктерге деген қызығушылықтың тұрақты өсіп келе жатқанын растайды.
Bee’s Knees (Алматы)
Аперитивтік форматтағы ромға негізделген коктейль бар
Коктейльдер:
- Mai Tai Spritz — классикалық Mai Tai-дың аперитивтік, жеңіл нұсқасы (екі түрлі ром, апельсин ликері, лайм шырыны, бадам шәрбаты, ананас пен апельсин шырыны). Бұл нұсқада ромның бір бөлігі құрғақ көпіршік шараппен алмастырылған. Дәмі айқын, қышқыл-тәтті.
- Bee’s Knees — «құрғақ заң» дәуірінен қалған классикалық коктейль: джин, лимон, бал. Луизиандық ром және әртүрлі омарталардан алынған фермерлік бал қосылған. Дәмі — қышқыл-тәтті, орташа алкогольді сусын.
- Romancello Spritz — ром негізіндегі лимончеллодан және құрғақ көпіршік шараптан жасалған коктейль. Жартылай құрғақ аперитив.
Алкоголь:
- Ром — бірінші орында, бұл ромға негізделген бар үшін заңды әрі ромның әлемдік деңгейде өсіп келе жатқанын растайды.
- Шарап — жоғары алкогольді ішімдікке жатпаса да, сатылым көлемі бойынша айқын басымдыққа ие.
- Мескаль үздік 3-ке кірген екінші бар.
Atomic (Астана)
Коктейль бар
Үздік коктейльдер:
- Gin & Tonic — джин мен тониктің түрлі үйлесімдерінде дайындалатын коктейль. Ең қарапайым әрі ең көп сатылатын коктейльдердің бірі.
- Gimlet — тұрақты түрде көшбасшылар қатарында, коктейль жайлы жоғарыда айттып өттім.
- Whiskey Sour — қышқыл-тәтті, орташа алкогольді коктейль. Қазақстанда ол көбіне классикалық нұсқасына қарағанда тәттірек дайындалады.
Жоғары алкогольді ішімдіктер:
- Джин бірінші орында, ол әрі таза түрде сұранысқа ие, әрі бардағы ең көп сатылатын коктейль — Gin & Tonic.
- Ром — болашағы бар санат.
- Виски — үздік 3-ке кіретін тұрақты ішімдік.
Temple Cocktail Bar (Астана)
Мәзірсіз, тәжірибеге құрылған бар
Коктейльдер:
- Джинге негізделген Highball көш бастап тұр. Жоғары алкогольді ішімдік пен газдалған судан тұратын жартылай құрғақ, газдалған коктейль.
- Whiskey Sour — құрамы өзгеріп отыратын, бірақ дәмі үнемі танымал коктейль.
- Negroni — дәстүрлі түрлерінен заманауи нұсқаларға дейін.
Жоғары алкогольді ішімдіктер:
- Джин — сөзсіз көшбасшы.
- Текила — қайтадан үздік 3-те.
- Виски — классика.
Six Coffee Wine
Кофехана
Алкоголь:
- Сыраның сатылымда бірінші орында болуы әлемдік нарықтағы жағдаймен сәйкес. Статистикаға сүйенсек, тіпті шарапқа бағытталған мекемелердің өзінде сыра алғашқы орындарға шығып отыр.
- Виски — заңды құбылыс: сыра сатылымы жоғары жерлерде виски де әдетте қатар жүреді.
- Джин — таза күйінде сатылады, премиум санаттағы немесе хош иістендірілген нұсқалар басым.
Үздік коктейльдер:
- Aperol Spritz — концепциясына қарамастан, кез келген мәзірде бар.
- Gin & Tonic — қарапайым классика, тұрақты сұранысқа ие.
- Negroni — мейнстрим, бірақ кез келген мәзірде болуы тиіс.
Tangier Lounge
Лаунж-бар
Алкоголь:
- Сыра
- Ирландиялық виски
- Арақ
Бұл тізім Қазақстандағы жоғары алкогольді ішімдік нарығының жалпы ахуалын көрсетіп тұр.
Үздік коктейльдер:
- Porn Star Martini — қышқыл-тәтті, орташа алкогольді коктейль, маракуйя оны сатылым көшбасшыларының біріне айналдырды.
- Bellini — көпіршік шарап пен шабдалы пюресінің үйлесімі. Аперитивтік, әмбебап коктейль, жеңіл алкогольді сусындарға деген жаһандық трендті растайды.
- Strawberry Americano — қызыл вермут, биттер және содаға негізделген коктейль. Қанттың аздығы мен ащы дәміне байланысты әдетте төмен сұранысқа ие, бірақ құлпынай қосылған нұсқасы үздік 3-ке енді.
Pasta La Vista
Итальяндық бистро
Алкоголь:
- Виски
- Арақ
- Ром — қайтадан үздік 3-те.
Коктейльдер:
- Martini Fiero & Tonic — коктейльді танымал ету үшін жасалған жұмыстың нәтижесі.
- Rossini — көпіршік шарап пен құлпынай қосылған төмен алкогольді коктейль.
- Negroni — артық сөз керек емес.
Breakfast Martini (Алматы)
Қалалық кафе
Алкоголь:
- Шарап пен ром алкоголь сатылымының 98%-ын құрайды. Бұл «таңғы ас, шарап және коктейльдер» концепциясымен толық сәйкес келеді.
Үздік коктейльдер:
- Bellini
- Mimosa — көпіршік шарап пен апельсин шырын үйлескен жеңіл аперитив.
- Negroni
Қорытынды
Толық көрініс мынадай:
- джин мен виски әлі де алдыңғы қатарда — таза күйінде де, коктейльдер құрамында да
- ром мен агавалы ішімдіктер қарқынды өсіп келеді
- сұранысқа ие коктейльдер әдетте қышқыл-тәтті және орташа алкогольді болады
- жеңіл алкогольді аперитивтер тұрақты түрде үздік-3-ке кіреді
- жартылай құрғақ сусындарға сұраныс өсіп келеді, ал құрғақ сусындар әлі онша кең таралмаған
Бұл қалыптасып үлгерген сұраныс болып табылады.