Криптовалютаны майнингi деген не

Оның мәні мен маңызы

Криптовалютаны майнингi деген не

Мақаланың мазмұны

  • Telegram-да талқылау

Криптовалюта индустриясы қарқынды дамып келеді, онымен бірге оның айналасында бизнес пен құқықтық негіз қалыптасып жатыр. Криптовалюталар қайдан пайда болады, майнинг неге дәл осылай аталады және Қазақстанда одан қалай табыс табуға болатынын айтып береміз.
 

Майнинг деген не

Майнинг — компьютерлердің есептеу қуатын пайдаланып, математикалық есептерді шешу, транзакцияларды растау және оларды блокчейнге (дерекқорға) қосу процесі. Осы міндеттерді орындағаны үшін майнерлер криптовалюта түрінде сыйақы алады.

Қарапайым тілмен айтқанда, «майнинг (ағылшынша «mining» — «өндіру») — криптовалюта өндіру барысы.

Майнинг криптовалютаның (мысалы, биткоин) қауіпсіз жұмыс істеуі және жаңа монеталардың айналымға шығуы үшін қажет.

Майнинг және майнинг фермалары

Егер кәдімгі банкте аударымдарды қызметкерлер мен банк жүйелері тексерсе, криптовалюта әлемінде бұл жұмысты бүкіл әлем бойынша жұмыс істейтін мыңдаған компьютер атқарады. Олар транзакцияларды тексеріп, оларды блокчейнге жазады. Майнинг осылай жұмыс істейді. 

Майнинг фермасы — криптовалюта өндіруге арналған арнайы компьютер немесе компьютерлер желісі. Ол бірге жұмыс істеп, күрделі есептеулерді орындайтын қуатты видеокарталардан және басқа да құрылғылардан тұрады. Осы есептеулердің көмегімен криптовалютамен жасалған транзакциялар расталады, ал ферма иелері атқарған жұмысы үшін жаңа монеталар түрінде сыйақы алады.

Осындай компьютерлердің иесі және майнингпен айналысатын адам майнер болып табылады.

Криптовалютаға майнерлер не үшін қажет

Егер барлық есептеулерді арнайы компьютерлер орындаса, онда майнерлер не үшін қажет? Бұл — орынды сұрақ.

Майнерлер тек есептеулерді орындап қана қоймай, транзакциялардың желі ережелеріне сай болуын тексеруге қатысады. Олар бір монетаның екі рет жұмсалуына және жалған транзакциялардың блокчейнге қосылуына жол бермеуге көмектеседі.

Майнерлердің арқасында криптовалюта кәдімгі банктің қатысуынсыз жұмыс істей алады. Бұл ретте криптоәмиян иелері тауарлар мен қызметтер үшін Alatau City Bank POS-терминалдары арқылы төлем жасай алады. Ал кәсіпкерге криптовалютамен тікелей жұмыс істеудің қажеті жоқ — төлем клиенттен оның теңгедегі шотына түседі.

Криптовалюта майнингіне қажет жабдықтар

Майнинг үшін орасан көп есептеулерді орындай алатын арнайы қуатты компьютерлер қажет. Қарапайым компьютер бұл жұмысқа жарамайды, өйткені оның қуаты жеткіліксіз және ол ұзақ уақыт бойы үздіксіз жұмыс істеуге арналмаған.

Алайда майнинг алғаш пайда болған кезде криптовалютаны өндіру үшін кәдімгі үйдегі компьютерлер де пайдаланылған.

Майнингке арналған жабдықтардың қандай түрлері бар?

  • ASIC микросхемасы — белгілі бір тапсырманы орындауға арнайы әзірленген чип. Ол бір ғана жұмысты орындайды, бірақ оны өте жылдам жасайды. Мысалы, бүгінде биткоин негізінен ASIC арқылы өндіріледі. ASIC жабдықтарын шығаратын танымал өндірушілер: Bitmain (Antminer желісі), MicroBT (WhatsMiner) және Canaan Inc. (Avalon).
  • GPU графикалық процессоры — ойын ойнау үшін емес, криптовалюта өндіру үшін пайдаланылатын видеокартадағы чип. Әдетте майнинг фермалары осындай бірнеше қуатты видеокартадан құралады.

Майнинг жабдығынан бөлек, оны орналастыруға қолайлы орын да қажет. Ол мынадай маңызды талаптарға сай болуы керек:

  • Электр энергиясы. Майнинг жабдығы көп электр энергиясын тұтынады. Сондықтан жабдық орнатылатын жерде электрмен жабдықтау жүйесі сенімді әрі құрылғылардың жұмыс істеуіне жеткілікті қуат болуы маңызды.
  • Салқындату. Жабдық жұмыс кезінде қатты қызады. Сондықтан бөлме жақсы желдетілуі керек. Қажет болса, құрылғылардың қызып кетуіне жол бермеу үшін қосымша салқындату жүйелерін орнату қажет.
  • Қауіпсіздік. Майнинг жабдығы қымбат тұрады. Сондықтан оны ұрлықтан және зақымданудан қорғау маңызды.

Майнингке электр энергиясының көп жұмсалу себебі

Арнайы компьютерлер іс жүзінде тоқтаусыз жұмыс істеп, орасан көп есептеулерді орындайды. Жабдық неғұрлым қуатты болса, соғұрлым көп электр энергиясын тұтынады. Сонымен қатар жұмыс кезінде құрылғылар қатты қызады. Сондықтан жұмсалатын энергияның бір бөлігі тек есептеулерге емес, жабдықты салқындатуға да кетеді.

Мысалы, бір ASIC құрылғысы шамамен 3–4 кВт қуат тұтынады. Егер майнинг фермасында 100 құрылғы болса, олардың жұмыс істеуі үшін 300–400 кВт қуат қажет болады.

2021 жылы Қазақстанда криптовалюта өндіру бойынша рекорд тіркеліп, соған сәйкес электр энергиясын тұтыну артты. Бұл электр энергетикасы жүйесіне айтарлықтай жүктеме түсірді. Бүгінде де криптовалюта өндірудің электр энергиясы ресурстарына әсері өзекті мәселе болып қала береді.

Қазақстанда майнинг заңды ма

2023 жылдан бастап Қазақстанда майнинг «Цифрлық активтер туралы» заңмен ресми түрде реттеледі.

Майнинг заңды, бірақ онымен айналысу үшін белгіленген талаптарды сақтау қажет: ЖК немесе ЖШС болуы керек немесе АХҚО-да компания тіркеу қажет, деректерді өңдеу орталықтарын салу туралы 30 күн ішінде ЦДИАӨМ-ге хабарлау және лицензия алу керек.

Лицензияны осында алуға болады. Құны лицензияның түріне байланысты.

Бірінші түрі — майнингке арналған өз деректерді өңдеу орталығы бар немесе оны заңды түрде пайдалануға құқығы бар жеке тұлғалар немесе компаниялар. Яғни олардың криптовалюта өндіретін жабдықтары орналасқан өз алаңы болады. Лицензия құны — 2 000 АЕК (2026 жылы 8 650 000 теңгеден).

Екінші түрі — өз майнинг орталығы жоқ жеке тұлғалар немесе компаниялар. Олар өз жабдықтарын пайдаланады, бірақ оны орын мен жұмыс істеуге қажетті жағдайларды ұсынатын басқа мамандандырылған деректерді өңдеу орталығына орналастырады. Бұл жағдайда лицензия құны — 5 АЕК  (2026 жылы 21 625 теңгеден).

Майнинг қызметіне салық салынатынын да ескерген жөн. Майнингке салынатын салықтар туралы келесі мақалада толығырақ айтып береміз.

Майнингтен табыс табу

Табыс мөлшері криптовалютаның бағасына, электр энергиясына жұмсалатын шығындарға (майнерлер үшін арнайы тарифтер қарастырылған), жабдықтың өнімділігіне және есептеу операцияларының күрделілігіне байланысты.

Сонымен қатар криптовалютаны жалғыз өндіру өте қиын. Сондықтан майнерлердің көпшілігі арнайы топтарға — майнинг пулдарына бірігеді. Ол үшін аккредитация қажет. Қатысушылар есептеулерді бірлесіп орындайды, ал алынған сыйақыны өзара бөліседі.
«Сұр майнингтің» (заңсыз майнинг) заңға қайшы екенін ескерген жөн. Мұндай қызмет ірі көлемде айыппұл салуға, лицензия беруден бас тартуға, қымбат жабдықтарды тәркілеуге, бизнесті мәжбүрлеп жабуға, сондай-ақ салық төлемегені үшін қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. 

Майнингтің экономикадағы рөлі

Криптовалюта майнингі — цифрлық бизнестің заманауи бағыттарының бірі. Ол озық технологиялар және едәуір көлемдегі энергия ресурстарын қажет етеді. Қазақстанда криптоиндустрия қарқынды дамып келеді. Заңнаманың қалыптасуына байланысты бұл бизнес құқықтық тұрғыдан реттеліп, мемлекетке қосымша пайда әкеледі. Майнинг экономиканың болашағы зор бағыттарының біріне айналуы мүмкін. Алайда оның бұл салада қаншалықты маңызды орын алатынын уақыт көрсетеді.

Қысқаша хронологиялық анықтама

2010 — биткоинді қарапайым компьютерлер арқылы майнингтеудің алғашқы жылдары.
2013 — биткоин майнингіне арналған алғашқы ASIC құрылғылары пайда болды.
2017 — криптовалюталарға жаппай қызығушылық артты. Қазақстанда алғашқы ірі майнинг фермалары пайда болды.
2020 — цифрлық майнинг қызмет түрі ретінде ресми түрде танылды. Бұл саланы реттеу ережелері енгізілді.
2021 — Қазақстан криптовалюта өндіру көлемі бойынша әлемде екінші орынға шықты.
2023 — Қазақстанда майнингке қатысты заңнамалық негіз қалыптасты.
2026 — криптоиндустрияны ынталандыру және дамыту шаралары туралы жарлық шықты.