Криптовалютаның мәні және криптовалюта шығару тәсілдері
Блокчейннен қаражат аударымына дейінгі жол

Криптовалюта — жай ғана цифрлық ақша емес. Оны шығару, сақтау және аударудың өзіндік ережелері бар. Ол орталық эмитентсіз жұмыс істейді, бірақ нақты алгоритмге бағынады. Осы мақалада мұндай жүйенің қалай құрылғанын түсіндіреміз.
Блокчейн түсінігі
Криптовалюта блокчейн технологиясы арқылы жұмыс істейді. Бұл жүйеде барлық аударым ортақ блок тізбегіне тіркеледі. Мұнда пайдаланушылар арасындағы транзакциялар туралы мәліметтер сақталады. Желі ішіндегі активтердің қозғалысын анық көруге болады. Ақпараттың көшірмелері әлем бойынша көптеген тәуелсіз қатысушыларда сақтаулы тұрады. Олар арнайы компьютерлер мен бағдарламалар арқылы аударымдарды тексеріп, растау барысына қатысады.
Әр блокта алдыңғы блокқа сілтеме жазылған, сондықтан блокчейн тізбегі үзіліссіз әрі тұтас. Биткоинде жаңа блок орта есеппен 10 минутта қалыптасады. Өзге блокчейндерде бұл процесс тезірек жүреді. Ал өткен уақыттағы жазбаларды түзету немесе өшіру іс жүзінде мүмкін емес.
Криптовалютаны шығару жолдары
Криптовалютаны шығаратын бірыңғай ұйым жоқ. Жаңа цифрлық валюталар әртүрлі тәсілмен пайда болады. Олардың негізгі түрлерін қарастырайық.
- Көптеген танымал криптовалюталар алгоритмге енгізілген ережелер бойынша автоматты түрде жасалады. Желіге қатысушылар аударымдарды растап, сол үшін сыйақы алады. Виртуалды валютаның жаңа бірліктері осылай пайда болады. Мысалы, биткоиннің жалпы саны 21 миллионмен шектелген әрі бұл мөлшерден аспайды. Сондықтан оның шығарылу тәртібі алдын ала белгілі әрі ашық.
- Кейбір цифрлық активтерді жеке компаниялар шығарады. Мысалы, USDT және USDC сияқты стейблкоиндерді доллар немесе басқа активтер қорын иеленетінін мәлімдейтін компаниялар шығарады. Мұндай актив қорлары коинді нақты долларға айырбастауға болатынына нарық қатысушыларының сенімін арттыру үшін қажет. Сонымен қатар стартаптар инвестиция тарту үшін өз криптовалютасын шығара алады, ал криптобиржалар экожүйелеріне арналған ішкі токендерін жасайды.
Мемлекеттердің цифрлық валютасы бөлек санатқа жатады. Олар CBDC (Central Bank Digital Currency) деп аталады. Мысалы, Қазақстанда цифрлық теңге енгізу жұмыстары жүргізіліп, қазірдің өзінде жекелеген жобаларда қолданылып жатыр. Бұл классикалық криптовалюта емес, ұлттық валютаның электрондық нұсқасы. Мұндай ақшаны қаржы реттеуші орган шығарады. Қытай цифрлық юаньді сынақтан өткізіп жатыр, Багам аралдарында Sand Dollar іске қосылған, ал Нигерияда eNaira қолданылады. Мұндай жобалар – мемлекеттік ақша жүйесінің бір бөлігі, оларды реттеуші орган толықтай бақылайды.
Криптовалюта шығаруды шектеу себептері
Криптовалютаны бір адамның, банктің немесе мемлекеттің шешімімен шығара салу мүмкін емес. Классикалық жобаларда шығару ережелері бағдарлама кодына алдын ала енгізіледі. Сондықтан жаңа бірліктердің көлемі, олардың айналымға шығу қарқыны және жалпы шектеулер әкімшілік деңгейде емес, техникалық деңгейде белгіленеді.
Бұл ережелерді өзгерту үшін бағдарламаның кодын жаңартып, желіге қатысушылардың басым бөлігінен келісім алу қажет. Онсыз жүйе өзгерістерді қабылдамайды. Сонымен қатар блокчейн қағидалары бойынша біреу белгіленген тәртіптен тыс қосымша коин жасағысы келсе, желінің басқа қатысушылары мұны растамайды.
Дәл осы себепті криптовалютаның шығарылуы жекелеген ұйымның немесе органның шешіміне емес, алгоритм мен желі қатысушыларының ортақ келісіміне негізделеді.
Бағамды анықтайтын негізгі үрдістер
Криптовалюта нарығы жоғары құбылмалылығымен ерекшеленеді. Яғни бағасы қысқа уақыт ішінде күрт өсіп немесе төмендеп кетуі мүмкін. Сондықтан нарыққа қатысушылар санаулы минут ішінде үлкен пайда тауып та, елеулі шығынға ұшырап та жатады. Бұған бірнеше жағдай әсер етеді:
- Сұраныс пен ұсыныс. Активке деген қызығушылық артып, оның көлемі шектеулі болса, бағасы өседі. Ал сұраныс төмендесе, баға да құлдырайды.
- Ірі криптовалюта иелерінің жасайтын мәмілелері нарықтағы бағаға айтарлықтай ықпал етуі мүмкін.
- Нарыққа қатысушылардың көңіл-күйі. Инвесторлар бағам өсуін күтіп, цифрлық активтерді белсенді түрде сатып алғанда олардың құны артады. Ал экономикалық тұрақсыздыққа байланысты қауіп-қатер күшейсе, криптоактив сатушылары көбейіп, бағам төмендейді.
- Мемлекет тарапынан шектеулер мен бақылаудың қатаңдатылуы бағаның құлдырауына әкелуі ықтимыл. Керісінше, түсінікті ережелер мен операциялардың заңдастырылуы тұрақтылықтың белгісі болып, бағам өсуіне ықпал етеді.
- Жаңалықтар мен ресми мәлімдемелер. Ірі инвестициялар, жаңа технологиялардың іске қосылуы немесе танымал компаниялардың қолдауы туралы ақпарат сұранысты арттыруы мүмкін. Ал жағымсыз оқиғалар — хакерлер шабуылдары, криптобиржалардың банкроттығы немесе тергеу амалдары әдетте бағаны төмендетеді.
- Қолдану ауқымы. Криптовалютаны төлем құралы ретінде қолданатын компаниялар, сервистер мен пайдаланушылар саны артқан сайын сұраныс та тұрақтана түседі.
Аударым жасау барысы
Криптовалютаның дәстүрлі банк шоты болмайды. Оның орнына таңбалардан тұратын әмиян мекенжайы қолданылады. Сол мекенжай арқылы транзакциялар тарихын қадағалап, активтің қазіргі күйін анықтауға болады, бірақ оның нақты иесін білу мүмкін емес. Пайдаланушы криптовалюта жіберген кезде қаражаттың бір мекенжайдан екіншісіне аударылғаны туралы цифрлық жазба жасалады. Әмиян иесі жазбаны құпия кілтімен куәландырып, активті басқару құқығын дәлелдейді. Бұл ретте құпия кілтін ешкімге бермейді.
Кез келген аударым тікелей блокчейн арқылы өтеді. Ол желіге таралып, қатысушылар оны тексереді. Әдетте транзакция жүзеге асқанда комиссия ұсталады. Оның мөлшері нақты желіге және оның жүктемесіне байланысты: пайдаланушылар белсенділігі жоғары болған кезде комиссия айтарлықтай өсуі мүмкін. Егер тексеру барысында ешқандай бұзушылық анықталмаса, аударым расталады. Сол сәтте активтің иесі туралы ақпарат жаңарады. Яғни криптовалюта қолдағы қаражат сияқты қозғалмайды. Тек жүйедегі меншік иесі туралы жазба өзгереді. Нақты бір активтің қолдан-қолға өту тарихын кез келген уақытта қалпына келтіріп, оның қазіргі иесін анықтауға болады. Маңызды жайт: мұндай аударымдар көбіне қайтарылмайды. Егер қаражат қате әмиянға жіберілсе, аударымды тоқтату немесе кері қайтару мүмкін емес.
Криптовалюта пайдалы құрал бола алады, бірақ оны қолдану ережелерін мұқият түсіну керек. Криптовалютаға инвестиция құяр алдында немесе оны аударымдар үшін пайдаланбас бұрын, виртуалдық ақшаның шығарылу, сақталу және аударымдарды растау тәртібін мұқият зерттеп, нақты қауіп-қатерлерді бағалау маңызды. Бағаның күрт құбылуынан тез пайда табуға ұмтылғаннан гөрі, ұтымды тәсіл іздеп, сақтық танытқан әлдеқайда тиімді.