Қазақстанда криптовалютамен заңды жұмыс істеу тәртібі
Лицензиясы бар биржаларда криптовалюта пайдалану

Қазақстанда криптовалюта ресми төлем құралы болып саналмайды. Алайда белгілі бір талаптарды сақтай отырып, онымен заңды түрде қаржы әрекеттерін жасауға болады. Заңнамада цифрлық активтер кепілді және кепілсіз болып бөлінеді. Олардың айналымын лицензиясы бар ұйымдар реттейді. Осы мақалада криптовалютаға заңды түрде инвестиция құю және онымен мәмілелер жасау жолдарын қарастырамыз.
Кепілді цифрлық активтер
Бұл — активтер мен көрсетілетін қызметтерге мүлік не зияткер құқығын растайтын токендер. Мысалы, бизнестегі үлесті немесе өнертабыс патентін пайдалану құқығы. Ақша мен бағалы қағаздар бұған жатпайды.
Мысалы, ЖШС компанияның 10% үлесін тікелей бергеннің орнына токен түрінде шығара алады. Оларды белгілі бағаға сатып алуға болады. Мұндай токендер цифрлық актив түрінде пайданың бір бөлігін, тұрақты табыс немесе дивиденд алу құқығын береді. Бұл жағынан олар компанияның акцияларына ұқсас.
Кепілді цифрлық активтер белгіленген талаптарға сай шығарылған жағдайда, оларды айналымға шығаруға рұқсат болады. Мұндай токендерді инвесторлар сатып алуға, сатуға, айырбастауға және олармен басқа да мәмілелер жасауға құқылы. Кепілді активтермен жасалатын барлық мәміле компанияның цифрлық алаңы арқылы жүргізілуге тиіс. Сонымен қатар пайдаланушылар міндетті түрде сәйкестендіруден өтеді.
Кепілсіз цифрлық активтер
Бұл — биткоин, эфириум және нақты активке байланбаған басқа да криптовалюталар. Олармен мәмілелерді тек лицензиясы бар криптоплатформалар арқылы жасауға болады.
Кепілсіз цифрлық активтердің айналымы тек «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) аясында рұқсат етілген. Мұнда өзіндік реттеу жүйесі бар арнайы қаржы тәртібі қолданылады. Орталықта криптобиржалар мен кастодиандар (цифрлық активтерді сақтайтын компаниялар) сияқты лицензияланған нарық қатысушылары жұмыс істейді. АХҚО аясында криптовалютаны нақты ақшаға, яғни фиат валютаға сатып алуға және сатуға, әртүрлі криптовалюталарды өзара айырбастауға әрі цифрлық активтерді қауіпсіз сақтауға болады.
Лицензиясы бар криптобиржалар
АХҚО-да екінші деңгейлі банктермен біріктірілген лицензиясы бар криптобиржалардың тізімі бар. Бұл биржадағы шотты тікелей банк картасы арқылы толықтыруға болады. Қаражатты салу және шығару кезінде клиенттер міндетті түрде сәйкестендіруден өтеді, ал транзакциялар бақылауға алынады. АХҚО-дағы криптоплатформалардың қызметін Astana Financial Services Authority (AFSA) реттейді — ол лицензия береді әрі жұмысты қадағалайды.
АХҚО-дағы криптобиржалар екіге бөлінеді:
- толық лицензия алған биржалар — толыққанды лицензия негізінде тұрақты жұмыс істейді, транзакция көлемі мен қызмет түрлеріне шектеу жоқ
- FinTech Lab сынақ режиміндегі биржалар — әзірге жұмыс моделін сынақтан өткізіп жатыр, сондықтан клиенттерге және көрсетілген қызметтерге шектеулер қолданылады. Реттеуші сынақ мерзімінде мұндай биржалардың тұрақтылығы мен сенімділігін бағалайды.
Криптовалютамен мәмілелер жасау үшін мынадай қадамдардан өту қажет:
- АХҚО тізімінен криптоплатформаны таңдаңыз.
- Платформада аккаунт ашыңыз (ЖШС үшін — корпоративтік аккаунт).
- Сәйкестендіруден өту үшін қажет құжаттарды ұсыныңыз.
Осыдан кейін цифрлық активтерді сақтауға және түрлі транзакциялар жасауға арналған криптоәмиян ашылады.
Криптокарталар
2025 жылы Ұлттық банк екінші деңгейлі банктермен және АХҚО биржаларымен бірлесіп криптокарталардың алғашқы жобасын іске қосты. Қазақстанда криптовалюта ресми төлем құралы болып саналмайды, сондықтан банктермен байланысқан карта цифрлық активтерді пайдаланып қолма-қол ақшасыз төлем жасауға мүмкіндік береді.
Пайдаланушы криптовалютаны лицензияланған компанияның әмиянында сақтайды. Картамен төлем жасаған кезде жүйе АХҚО биржасында қажет криптовалюта көлемін бірден сатып, төлем картасына фиат қаражат аударады. Демек тауар мен көрсетілетін қызметтер төлемі теңгемен, доллармен немесе еуромен жүзеге асады.
Криптокарталар АХҚО-дағы криптошот пен кәдімгі банк шоты арасындағы заңды байланыс құралына айналып, цифрлық активтерді күнделікті төлем үшін пайдалануға мүмкіндік береді.
Салық пен есеп
Егер ЖК немесе ЖШС цифрлық актив сатса немесе оны жарғы капиталына жарна ретінде салса, саудадан түскен оң айырма табыс деп есептеледі. Мысалы, компания криптовалютаны 5 млн теңгеге сатып алып, кейін оны 7 млн теңгеге сатты делік. Осы 2 млн теңге айырма табыс болып саналады әрі оған салық салынады.
ЖШС
Цифрлық активтерден түскен табыс ЖШС-ның жиынтық жылдық табысына қосылады. Мұндай табыстан 20% мөлшеріндегі корпоративтік табыс салығын (КТС) төлеу керек.
Салық төлеу мерзімі: есепті кезеңнен кейінгі жылдың 10 сәуіріне дейін. Мысалы, 2025 жылы үшін КТС-ны 2026 жылдың 10 сәуіріне дейін төлеу керек.
Есеп беру нысаны мен тапсыру мерзімі: жылына бір рет 100.00 нысаны бойынша декларация. Тапсыру мерзімі — есепті кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызына дейін. Мысалы, 2025 жылғы есепті 2026 жылдың 31 наурызына дейін өткізу қажет.
ЖК
ЖК үшін мұндай табыс мүлік табысы болып саналады. Ол жылдық табыстың 10% мөлшеріндегі жеке табыс салығын (ЖТС) төлейді.
Салық төлеу мерзімі: есепті кезеңнен кейінгі жылдың 25 қыркүйегіне дейін, яғни 2025 жылғы ЖТС-ны 2026 жылдың 25 қыркүйегіне дейін төлеу қажет.
Есеп беру нысаны мен тапсыру мерзімі: жылына бір рет 270.00 нысаны бойынша декларация. Тапсыру мерзімі — есепті кезеңнен кейінгі жылдың 15 қыркүйегіне дейін. Мысалы, 2025 жылғы есепті 2026 жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыру керек.
Криптовалютаға байланысты заңсыз әрекеттер
Лицензиясыз және АХҚО аумағынан тыс жерде криптовалютамен сауда жасау заңсыз кәсіпкерлік қызмет болып саналады:
- сайт немесе Telegram арқылы заңсыз криптоайырбастау сервисін іске қосу
- криптовалютаны комиссия алу үшін жүйелі түрде айырбастау
- лицензиясыз қаржы қызметтерін көрсету
Бірінші рет заң бұзған жағдайда айыппұл мөлшері 25 АЕК-ті құрайды. Егер кәсіпкер бір жыл ішінде лицензия алмай, заңсыз қызметін жалғастыра берсе, қайталап заң бұзғаны үшін 50 АЕК мөлшерінде қосымша айыппұл төлеуге міндетті.
Ал егер кәсіпкер заңсыз қызметтен аса ірі мөлшерде табыс алса, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Лицензиясы бар платформалардан тыс криптоайырбастау сервисін пайдалануға және криптовалютаны төлем құралы ретінде қолдануға тыйым салынады. Банктер мұндай әрекеттерді бұғаттауға құқылы, ал оны жасаған тұлғалар қаржы мониторингінің қатаң тексерісіне ілігуі мүмкін.
Қазақстанда криптовалюта ресми төлем құралы болып саналмайды. Дегенмен оны АХҚО-дағы лицензиясы бар платформалар арқылы заңды түрде пайдалануға болады. Барлық мәміле пайдаланушыларды сәйкестендіру және транзакцияларды бақылау арқылы жүргізіледі. Сондықтан криптовалютамен жұмыс істегенде тек лицензияланған платформаларды таңдаған жөн. Бұл қаражат қауіпсіздігін сақтауға және заң талаптарын бұзбауға көмектеседі.