Кофемашина мен ұнтақтағыш таңдағанда неден үнемдеуге болмайды

Жабдық істен шығып, кофе дәмі бұзылуы мүмкін

Кофемашина мен ұнтақтағыш таңдағанда неден үнемдеуге болмайды

Мақаланың мазмұны

  • Telegram-да талқылау

Дұрыс таңдалмаған кофемашина мен кофе ұнтақтағыштар кофе дәмінің 80%-ына әсер етіп, басыңызды қатты ауыртуы мүмкін. Кофе жабдықтарын жеткізуші Renoir Coffee компаниясының маманы Ситали Тюяковпен бірге жабдық сегменттерін, нақты бағаларын және техникалық ерекшеліктерін қарастырдық.

Кофемашина

Өндірушілердің бәрінде жабдықтың қарапайым түрінен премиум деңгейге дейінгі бірнеше түрі бар. Олардың айырмашылығы тек қуатында емес, жұмыс істеуге ыңғайлы болуында да, Ситали айтқандай, құрылғыны пайдаланған сайын жұмыстан рақат алуыңда да байқалады.

  • Қарапайым сегмент — бағасы 3 млн теңгеге дейінгі құрылғылар. Егер сарапшы өзі кофехана ашып, жабдығын өзі үшін таңдайтын болса, Sanremo (Италия) маркасын таңдар еді.
  • Орта сегмент — бір кофемашинаның бағасы 5–7 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін.
  • Премиум сегмент. Бағамен бірге қуаты мен жұмыс істеуге ыңғайлы болуы да артады. Мұндай жабдықтардың бағасы 20 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Қытай жабдықтары Еуропа өндірушілерін белсенді түрде қуып келе жатқанын да атап өткен жөн. Мекеме ашқан кезде бағаға аса көңіл бөлінетіндіктен, сарапшы: «Қытай өндірісімен бәсекелесу қиын», — дейді.

Кофе ұнтақтағыш: неден үнемдеуге болмайды

Кофемашиналардың сегменттері бойынша біраз пікірталас болса, кофе ұнтақтағышқа келгенде сарапшының ойы нақты:

«Мен кофе ұнтақтағыш таңдағанда ақшаны қыспай, үнемдемеңдер деп кеңес берер едім».

Неліктен бұл техникалық тұрғыдан маңызды?

Арзан кофе ұнтақтағыштардың бас проблемасы — ұнтақтау камерасының қызып кетуі. Оның механикасы қарапайым: жұмыс барысында диірмен тастары қызиды → металл кеңейеді → ұнтақ ірілей түседі → экстракция уақыты өзгереді → сусынның дәмі өзгереді.

Нәтижесінде ауысым бойы жұмыс тұрақсыз жүреді.

Ситали мұны былай түсіндіреді: қазір бариста машинаны баптап қойып, кофе дәмін жақсы қылды делік. Бір сағаттан кейін бұл дәм өзгеріп кетуі мүмкін. Қонақ бұл айырмашылықты сезбеуі де мүмкін, бірақ көбінесе байқап қалады.

Тәжірибелі бариста мұны байқап, параметрлерді қайта реттей алады. Бірақ мұндай мамандар әдетте үнемі бардың басында тұра бермейді. Көбіне жұмысты тәжірибесі аз қызметкерлер атқарады, олар дәмнің өзгергенін уақытында байқамауы мүмкін.

Сондықтан қонақтар күннен күнге атауы бір, дәмі әртүрлі сусын алуы мүмкін. Әсіресе бұл жұмыс қарбаласқан уақытта немесе ауысымның соңында, яғни ұнтақтау камерасы қатты қызып үлгерген кезде байқалады.

Сегменттер мен бағалар

  • 500–700 мың теңгеге дейін — сарапшы Қытай нарығындағы үлгілерді қарастыруды ұсынады. Оның ішінде WPM брендін бөлек атап өтеді.
  • 1 млн теңге және одан жоғары — премиум сегмент. Жақсы брендтердің бірі — Ceado (Италия).

Нарықта таразысы бар кофе ұнтақтағыштар да пайда болды. Олар қажет кофе мөлшерін автоматты түрде өлшеп, баристаның уақытын үнемдейді.

Автоматты және қолдан ұнтақтайтын кофе ұнтақтағыштар

Көлемдеп кофе дайындайтын эспрессо станциясына қолдан ұнтақтайтын кофе ұнтақтағыш мүлдем жарамайды. Қол диірмендері асықпай жұмыс істейтін жағдайларға қолайлы: үйде пайдаланғанда немесе альтернативтік әдіспен баяу кофе дайындағанда жақсы.

Жөндеуге және қайта сатуға болатын жабдық

Арзан немесе танымайтын жабдықтың бас техникалық қауіпі сатып алғанда емес, кейін қызмет көрсеткенде байқалады.

Ситалидың айтуынша, кофемашинаның әр жиынтығындағы бөлшектерде айырмашылық болуы мүмкін. Мысалы, сіз биыл кофемашина сатып алып, бір жылдан кейін оның бір бөлшегі істемей қалса, тура сондай бөлшекті таба алмай, ұқсасын ғана табуыңыз мүмкін.

Тағы бір маңызды нәрсе: кез келген кофемашинаға брендіне де, бағасына да қарамастан, жыл сайын техникалық қызмет көрсетіп отыру қажет.

Ал бизнесіңіз жоспардағыдай жүрмей қалса, жабдыққа не болады? Қайта сатқан кезде кофе ұнтақтағыш та, кофемашина да орта есеппен 30% құнын жоғалтады. Бұл көрсеткіш жабдықтың жағдайына тікелей байланысты. Сонымен қатар танымал брендтердің қайталама нарығы кеңірек. Сондықтан танымал брендтің жабдығын белгісіз қытайлық модельге қарағанда қайта сатқан оңайырақ болуы мүмкін.

Бизнесін жаңа бастағандар жиі жіберетін қате

Сарапшы оларды: «Қытайдан жабдық алып, қосалқы бөлшектерін таба алмай жүргендер», — деп сипаттайды.

Одан кейін екі-ақ амал қалады:

  • ресми өндірушіден түпнұсқа бөлшекті күту → бұл ұзақ уақыт алуы мүмкін. Жабдық жиынтығындағы бөлшектер өзгерсе, қажет бөлшек мүлдем болмауы да мүмкін.
  • сұр нарықтан ұқсас бөлшек іздеу → бұл сол кофемашинаға қатысты жаңа мәселелердің пайда болу қаупін арттырады.

Бірақ мұның теріс жағы да бар — бұл тек танымал брендтерді ғана таңдау. Ситали жабдықты брендтің танымалдығына қарап таңдамауға кеңес береді:

«Танымал брендтің сапасы жоғары бола бермейді. Жақсы жарнамаланатын брендтің жабдығы мықты болатынына еш кепілдік жоқ. Сондықтан жабдықты логотиптің танымал болуына емес, өзіңіздің міндетіңіз бен жұмыс қарқыныңызға қарай таңдаған дұрыс».

Дұрыс таңдалған жабдық бизнес үшін өте маңызды. Сарапшының айтуынша, кофемашина істен шықса, бизнес те тоқтап қалады: сол күнгі жұмыс қалып қойып, табыс та болмайды. Кофехана бөлмесін жалға алу ақысы мен қызметкерлердің жалақысын төлеуден де ешкім босатпайды.

Таразы таңдау: кофе ұнтақтағышқа ұқсас жағдай

Бұл туралы алғашқы мақалада толық жазғанбыз, бірақ негізгі ойды қысқаша қайталап кетейік. Барда қолданылатын 10–15 мың теңгелік арзан асүй таразылары шамамен бір жарым жылға дейін қызмет ететін шығын материалына жатады. Ал премиум сегменттегі таразылар, мысалы, 150 мың теңгедей тұратын Acaia, ұқыпты пайдаланылған жағдайда 10 жылға дейін қызмет етуі мүмкін.

Айырмашылық — механикалық батырмалардың сұйықтық төккеннен қорғалуында және сенсорлық батырмалар мен механикалық батырмалар арқылы басқару түрінде: механикалық батырмалар физикалық тұрғыдан тезірек тозады.

Кофені альтернативтік әдіспен дайындауға арналған жабдық

Егер кофеханада фильтр-кофе — V60, AeroPress, Chemex, batch brew дайындауды жоспарласаңыз, оған қажет жабдық жиынтығы мынадай:

  • жеке кофе ұнтақтағыш
  • таразы
  • сервер мен сүзгіш — әзірлеу әдісі аса маңызды емес, Ситали бұл жерде адамның өзіне ұнайтын және басқаларға ұсынғысы келетін әдісті таңдаған маңызды екенін айтады
  • температураны дәл бақылауға болатын электр шәйнек
  • қағаз сүзгілер және тиісті ыдыс

Мұның эспрессо станциясымен салыстырғандағы экономикасы айтарлықтай өзгеше:

  • бір шыны фильтр-кофеге шамамен 15 г дән жұмсалса, эспрессоға 15–20 г дән кетеді
  • фильтр-кофеге арналған кофе ұнтақтағыш эспрессо станциясына арналған үлгіден арзан: қолдан ұнтақтайтыны 50–150 мың теңге, электр үлгісі 100–500 мың теңге аралығында тұрады

Нәтижесінде бір шыныаяқ фильтр-кофенің өзіндік құны американоға қарағанда төмен болуы мүмкін. Сонымен қатар мұндай сусынды мәзірде қымбатырақ бағаға сатуға болады.

Batch brew туралы бөлек айта кетейік: бұл бірден 2–4 литр кофе дайындап, термоста сақтауға мүмкіндік беретін әдіс. Ол баристаның уақытын үнемдейді. Бірақ кофені бір сағаттан ұзақ сақтаған кезде экстракция процесі жалғаса береді, соның салдарынан сусынның дәмі нашарлауы мүмкін. Сарапшының кеңесі қарапайым: егер batch brew дайындайтын болсаңыз, сусынды бір сағат сақтағаннан кейін міндетті түрде дәмін көріп қайта тексеріңіз.

 

Кофемашина мен кофе ұнтақтағыштан үнемдесеңіз, кофе дәмінің өзгеруіне байланысты қосымша шығынға ұшырауыңыз мүмкін. Негізгі тәжірибелік қағидалар:

  • Кофе ұнтақтағыштан үнемдемеңіз. Арзанырақ үлгілер ауысым барысында қызып кетуі мүмкін, соның салдарынан бір сусынның дәмі өзгеріп тұрады
  • Брендке емес, жабдық үлгісінің қайталанып шығарылуына назар аударыңыз. Негізгі қауіп оның бағасында емес, жөндеуге жарамды болуында: егер жеткізуші партия сайын жиынтықтағы бөлшектерді өзгерте берсе, бір жылдан кейін қосалқы бөлшексіз қалуыңыз мүмкін. Логотиптің танымал болуы да жабдықтың сенімді болуына кепілдік бермейді
  • Таразы таңдағанда да сол кеңес қолданылады. Арзан асүй таразылары шамамен бір жарым жыл қызмет етуі мүмкін, ал премиум сегменттегі модельдер 10 жылға дейін жұмыс істей алады
  • Фильтр-кофенің маржасы жоғары болуы мүмкін. Жеке кофе ұнтақтағыш, таразы, температураны бақылайтын шәйнек және демдеуге арналған ыдыс эспрессо станциясына қарағанда арзанырақ болып, бір шыныаяқтың өзіндік құны американодан төмен шығуы мүмкін
  • Жабдықтың бағасын ғана емес, оның кесірінен жұмыстың тоқтап қалу құнын да есептеңіз. Кофемашина істен шықса, бизнес толығымен істемей қалуы мүмкін: жалға алу ақысы мен қызметкерлердің жалақысы төлене беріп, түсім болмай тұрады

Кофехана ашатындар үшін негізгі қорытынды: кофе ұнтақтағыш пен таразы алуға ақша бөлгенде сегменттегі бағаның жоғарғы шегіне жақын етіп жоспарлаған дұрыс. Кофемашинаны жабдық жиынтығы мен қосалқы бөлшектері тұрақты өндірілетін сенімді жеткізушіден алған жөн. Бұл үнемдеймін деп жіберген қателерді түзеткеннен әлдеқайда арзан.