2026 жылғы жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖК-ның салық міндеттемелері
Негізгі төлем мен есеп тапсыру бойынша талаптар

Жалпы белгіленген салық режимін (ЖБР) қолданатын ЖК жеке табыс салығын (ЖТС) жылына бір рет, ал қызметкерлер үшін әлеуметтік төлемдерді ай сайын төлейді. Осы мақалада 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ЖБР-дағы жеке кәсіпкердің салық міндеттемелерін қарастырамыз.
Жеке табыс салығы
ЖТС мөлшерлемесі кәсіпкердің жылдық кірісіне байланысты өзгереді:
- кіріс 230 000 АЕК-тен (2026 жылы 994 750 000 теңгеден) кем болғанда — 10%
- кіріс 230 000 АЕК-тен (2026 жылы 994 750 000 теңгеден) артық болғанда — 15%
Кірістің белгіленген шектен асқан бөлігіне салық 15% мөлшерлемемен есептеледі. Мысалы, ЖК-ның жылдық кірісін 245 000 АЕК құрады делік. Бұл жағдайда ЖТС екі бөлікпен есептеледі:
230 000 АЕК × 10% + 15 000 АЕК × 15%
Салықты кәсіпкер жылдық кірісінен есептейді. Есептеу кезінде кәсіпкерлік қызметке тікелей қатысты, құжатпен расталған шығын шегеріледі. ЖТС-ны есепті жылдан кейінгі жылдың 10 сәуірінен кешіктірмей төлеу қажет, яғни 2025 жылғы ЖТС 2026 жылдың 10 сәуіріне дейін төленуге тиіс.
Міндетті төлем түрлері
Кәсіпкер өзі үшін жасайтын ай сайынғы төлемдер
ЖК өзі үшін барлық салықтар мен міндетті әлеуметтік төлемдерді төлейді. Кәсіпкер еңбеқақы мөлшерін өзі белгілейді, бірақ мынадай талаптарды ескеруі керек:
- міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша айлық табыс 1–50 ЕТЖ (2026 жылы 85 000–4 250 000 теңге) аралығында болуға тиіс
- әлеуметтік аударымдар (ӘА) бойынша айлық табыс 1–7 ЕТЖ (2026 жылы 85 000–595 000 теңге) аралығында болуға тиіс
Кәсіпкердің еңбекақысы осы талаптарға сай белгіленуі керек.
ЖК-ның 85 000 теңге табысынан төлемдерді есептеу үлгісі:
- МЗЖ — міндетті зейнетақы жарналары: еңбекақы × 10%
85 000 × 10% = 8 500 теңге - ЖМЗЖ — жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарналары: еңбекақы × 3,5%
85 000 × 3,5% = 2 975 теңге - ӘА — әлеуметтік аударымдар: еңбекақы × 5%
85 000 × 5% = 4 250 теңге - МӘМСЖ — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары: 1,4 ЕТЖ × 5%
1,4 × 85 000 × 5% = 5 950 теңге - ӘС — әлеуметтік салық: 2 АЕК
2 × 4 325 = 8 650 теңге
Өзі үшін ЖК 30 325 теңге төлейді.
Қызметкер үшін ай сайынғы төлемдер
Міндетті жарналардың бір бөлігі қызметкердің еңбекақысынан ұсталады, ал қалғанын ЖК жұмыс беруші ретінде қосымша төлейді. Қызметкерлер үшін ай сайынғы төлемдерге мыналар жатады:
- МЗЖ — міндетті зейнетақы жарналары: еңбекақы × 10%
- ЖМЗЖ — жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарналары: еңбекақы × 3,5%
- ӘА — әлеуметтік аударымдар: (еңбекақы – МЗЖ) × 5%
- МӘМС — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру: еңбекақы × 3%
- МӘМСЖ — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары: еңбекақы × 2%
- Қызметкер еңбекақысынан төленетін ЖТС: (еңбекақы – МЗЖ – салық шегерімі – МӘМСЖ) × 10%
- ӘС — әлеуметтік салық: 1 АЕК (2026 жылы 4 325 теңге)
Қызметкер еңбекақысынан есептелетін ЖТС-ны ай сайын 30 АЕК (2026 жылы 129 750 теңге) мөлшеріндегі салық шегерімі арқылы азайтуға болады. Ол үшін қызметкер өтініш беруі қажет. Егер қызметкер бірнеше жерде жұмыс істесе, бұл шегерім тек бір жұмыс орнында қолданылады.
Егер қызметкер төмендегі санаттардың біріне жатса, оған жылдық әлеуметтік салық шегерімін қолдануға болады:
- I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар үшін — 5 000 АЕК (2026 жылы 21 625 000 теңге)
- III топтағы мүгедектігіі бар тұлғалар үшін — 882 АЕК (2026 жылы 3 814 650 теңге)
- мүгедектігі бар баланың ата-анасы, қамқоршысы немесе заңды өкілі үшін — 882 АЕК (2026 жылы 3 814 650 теңге)
Егер қызметкер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істесе, оның еңбекақысынан есептелетін ЖТС-ны әлеуметтік аударымдар сомасына азайтуға болады: (еңбекақы – МЗЖ – салық шегерімі – МӘМСЖ – ӘА) × 10%
Қызметкердің жылдық табысы 8 500 АЕК-тен (2026 жылы 36 762 500 теңгеден) асса, артық сомаға ЖТС 15% мөлшерлемемен есептеледі.
Қызметкердің еңбекақысынан төленетін ЖТС жеке кәсіпкер төлейтін ЖТС-нан бөлек есептеледі.
Қызметкер үшін ай сайынғы төлем есебінің үлгісі
Қызметкердің еңбекақысы 200 000 теңге делік.
Қызметкер есебінен
МЗЖ: еңбекақы × 10%
200 000 × 10% = 20 000 теңге
қызметкер үшін төленетін МӘМСЖ: еңбекақы × 2%
200 000 × 2% = 4 000 теңге
қызметкер еңбекақысынан төленетін ЖТС: (еңбекақы − МЗЖ − 30 АЕК (шегерім) – МӘМСЖ) × 10%
(200 000 – 20 000 – 30 × 4 325 – 4 000) × 10% = 4 625 теңге
Жұмыс беруші есебінен
ЖМЗЖ: еңбекақы × 3,5%
200 000 × 3,5% = 7 000 теңге
МӘМС: еңбекақы × 3%
200 000 × 3% = 6 000 теңге
ӘА: (еңбекақы – МЗЖ) × 5%
(200 000 – 20 000) × 5% = 9 000 теңге
ӘС: 1 АЕК = 4 325 теңге
Қызметкердің еңбекақысының нақты мөлшері 200 000 теңге болса, қолына ол 171 375 теңге алады. Ал жұмыс беруші қосымша 26 325 теңге міндетті аударым төлейді.
Салық төлеу мерзімі: ай сайын, келесі айдың 25-іне дейін.
Есеп тапсыру тәртібі
ЖБР-дағы кәсіпкер мынадай есеп тапсыруға міндетті:
- 220.00 нысан бойынша ЖТС декларациясы. Тапсыру мерзімі — есептік жылдан кейінгі жылдың 31 наурызына дейін. Бұл декларацияны жылына бір рет тапсыру керек
- 200.00 нысан бойынша ЖТС мен ӘС декларациясы. Тапсыру мерзімі — есептік тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-іне (15 мамырға, 15 тамызға, 15 қарашаға және 15 ақпанға) дейін
Есеп салық төлеушінің кабинеті арқылы онлайн тапсырылады.
ЖТС декларация тапсырылғаннан кейiн төленедi.
Қосылған құн салығы
ЖК-ның жылдық айналымы 10 000 АЕК-тен (2026 жылы 43 250 000 теңгеден) асса, кәсіпкер ҚҚС бойынша есепке тұрып, 16% мөлшерлемемен салық төлеуге міндетті.
ҚҚС бойынша кәсіпкер 300.00 нысанындағы декларацияны тоқсан сайын толтырып, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-іне дейін тапсырады. Мысалы, 2026 жылғы III тоқсан (шілде – қыркүйек) бойынша декларация 2026 жылғы 15 қарашаға дейін тапсырылады.
Салық әр тоқсан сайын төленеді, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 25-іне дейін. Мысалы, 2026 жылғы III тоқсан (шілде – қыркүйек) үшін — 2026 жылғы 25 қарашаға дейін.
Импорт кезінде қосымша 328.00 нысан бойынша өтініш әр айда, тауар әкелінген айдан кейінгі айдың соңына дейін тапсырылады. Мысалы, тауар 2026 жылғы қарашада әкелінсе, өтініш беру және ҚҚС төлеу мерзімі — 2026 жылғы 20 желтоқсанға дейін жалғасады.
Басқа салықтар
Егер ЖК меншігінде коммерциялы мүлік, жер немесе көлік болса, олар үшін сәйкес салық төлеу қажет.
2026 жылы жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖК ЖТС-ны жылына бір рет төлеп, есеп тапсырады. Ал өзі және қызметкерлері үшін әлеуметтік төлемдерді ай сайын төлейді. ЖТС мөлшерлемесі жылдық табысқа байланысты өзгереді. Егер айналым 10 000 АЕК-тен (2026 жылы 43 250 000 теңгеден) асса, кәсіпкер ҚҚС бойынша тіркеліп, тоқсан сайын есеп тапсыруға міндетті.