Супермаркеттерде попкорн сату үшін қандай құжаттар қажет?

Супермаркеттерде попкорн сату үшін қандай құжаттар қажет?

Супермаркеттерде попкорн сату үшін қандай құжаттар қажет? Оны өндіру туралы декларацияны қайдан алуға болады?

Егер сіз попкорнды өзіңіз өндіріп жатсаңыз, онда ірі супермаркет желілері ең алдымен мына құжаттарды талап етеді:

  1. Сәйкестік туралы декларация — бұл құжат сіздің попкорныңыздың қауіпсіз екенін және ЕАЭО техникалық регламенттеріне сай келетінін растайды. Попкорн үшін «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламенті 021/2011 талаптарына сәйкестігі туралы декларация ресімделеді. Оны келесі мерзімге рәсімдеуге болады:
  • сериялық өндіріске — бір, үш немесе бес жылға дейін
  • өнім партиясына — егер өнімді тұрақты жасамасаңыз

Бұл құжат аккредитациясы бар сертификаттау органында ЖК немесе ЖШС атына рәсімделеді. Қажет болатын құжаттар:

  • аккредиттелген зертханадан алынған зертханалық сынақтар хаттамасы
  • техникалық құжаттама: рецептура, технологиялық карта, қаптама, таңбалау және т.б.
  1. Эпидемиологиялық мәні болмашы объект ретінде қызметінің басталғаны туралы хабарлама. Бұл құжат арқылы сіз мемлекетке өз қызметіңізді бастағаныңызды хабарлайсыз. Попкорн өндіру эпидемиологиялық мәні болмашы объектілерге жатады, сондықтан ол үшін арнайы рұқсат алу қажет емес. Бірақ кәсіпкерлер санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарын egov арқылы қызметінің басталғаны туралы міндетті түрде хабардар етуі керек және объектті халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы талаптарға сай қылып қою керек. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен жұмыс істеу тәртібі туралы толығырақ осы сілтеме арқылы оқи аласыз.
  2. Стандартты құжаттар — ЖК ретінде қызметін бастағаны туралы хабарлама, банк деректемелері, кей жағдайда берешектердің жоқтығы туралы анықтама сұралуы мүмкін.
  3. Өнім фотосы, баға тізімі, коммерциялық ұсыныс.
  4. Жеткізу шарты және өнім үлгісі — егер олар қызығушылық танытса, мұны бірден сұрауы мүмкін.

Егер попкорн қаптамада болса, өнімнің штрихкоды қажет болады — бұл арнайы ұйымдардан алынады, Қазақстанда — бұл GS1 Kazakhstan қауымдастығы.

Супермаркет сөрелеріне шығу оңай емес. Попкорныңыз дәмді әрі сапалы болғанымен, сауда желілерімен дайындықсыз жұмыс істеуге болмайды. Magnum, Small, Galmart, Astore секілді ірі желілердің сайтында «Жеткізуші болу» деген бөлім болуы мүмкін. Сол жердегі сауалнаманы толтырып, құжаттарды тіркеп, шешімін күтуге болады. Немесе сатып алу бөліміне қоңырау шалып, менеджермен шарттарды талқылауға болады.

Ал шағын супермаркеттер мен дүкендермен тікелей келісу жеңілірек. Өнім үлгісін апарып, қаптаманы көрсетіп, байланыс нөміріңізді қалдырыңыз. Серіктес табудың тағы бір жақсы жолы — осы салаға қатысты көрмелер мен жәрмеңкелер. Мұндай шараларда сатып алушылар жаңа өнімдер іздеп жүреді, сондықтан бірден келісуге мүмкіндік бар.

Өнімді өткізу арнаңыз дайын болса, құжаттарды дайындаған кезде декларациядан бастаңыз. Онсыз сізді ешбір ірі желі қабылдамайды.

Сәттілік тілейміз!