Жалпыға ортақ аумақтарда жазғы алаң ашу тәртібі

Рұқсат алу рәсімі

Жалпыға ортақ аумақтарда жазғы алаң ашу тәртібі

Жазғы алаңдар қаланың ажырамас бөлігіне айналды. Бірақ тротуарда немесе саябақта үстел қою үшін рұқсат қажет: мұндай жерлер ортақ пайдалануға жатады, сондықтан коммерциялық мақсатта қолдану арнайы ережелермен реттеледі. Осы мақалада айыппұл мен бөлшектеуден сақтану үшін кәсіпкерлерге қойылатын негізгі талаптарды түсіндіреміз.

Рұқсатты кім береді

Жазғы алаң орнату тәртібін жергілікті әкімдік бекітеді, ал келісу процесіне бірнеше бақылаушы орган қатысады.

Алдымен жобаны сәулет және қала құрылысы бөлімі тексереді — мамандар аумақтың талаптарға сай болуын бағалайды.

Келесі кезеңде жер қатынастары бөлімі жобаны қарап шығып, уақытша пайдалану немесе жалға алу шартын рәсімдейді. Мұндай құжатсыз орнатылған алаң заңсыз болып есептеледі.

Сонымен қатар санитарлық және өртке қарсы қызметтер қауіпсіздік нормаларының сақталуын қадағалайды. Егер аумақта көгал, ағаш немес бұталар болса, экологиялық қызметтің келісімі қажет болуы мүмкін.

Талаптар өңірге байланысты өзгеруі мүмкін, cондықтан нақты мәліметті жергілікті сәулет және қала құрылысы бөлімінен алған жөн.

Рұқсат алу тәртібі

Жазғы алаң орнату үшін алдымен әкімдікке өтініш беру қажет. Мұны сәулет бөлімі  арқылы немесе ХҚКО-да жасауға болады. Өтінішпен бірге мына құжаттар ұсынылады:

  • алаңның өлшемдері, орналасуы мен қолданылатын материалдар көрсетілген жоба сызбасы
  • ЖК немесе ЖШС-ның тіркеу құжаттары
  • су немесе электр желісіне қосылу жоспарланса, коммуникация жоспары

Құжаттар тапсырылғаннан кейін жоба тиісті қызметтерде келісуден өтеді. Бұл кезеңде түзетулер енгізуді сұрауы мүмкін. Мысалы, инженерлік желілерге кедергі келтіретін заттарды алып тастау.

Барлығы мақұлданған соң әкімдікпен жалға алу немесе уақытша пайдалану шарты жасалады. Бұл құжатта жерді пайдалану мерзімі (әдетте мамырдан қазанға дейін) және төлем мөлшері көрсетіледі.

Рұқсат пен шарт дайын болғанда жазғы алаңды орнатуға болады. Бұл ретте жаяу жүргіншілердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етіп, арнайы техниканың өтуіне кедергі келтірмеу және аумақтың абаттандырылуын сақтау маңызды.

Маусым аяқталғаннан кейін алаңды бөлшектеп, аумақты бастапқы қалпына келтіру қажет. Бұл талап орындалмаса, әкімдік қалпына келтіру шығынын өндіріп алуы мүмкін.

Астана

Астанада жазғы алаң орнату жалпы ережелермен қатар қосымша талаптармен реттеледі. Ең бастысы — кәсіпкер жобаны әкімдікпен, ал кей жағдайда іргелес жатқан аумақтың меншік иелерімен келісуі керек. Мысалы, егер жазғы алаң көппәтерлі тұрғын үйдің жанында орналаспақ болса, тұрғындардың рұқсаты қажет. Басқа учаскелерде, егер тең иелері болса, олардың келісімі алынады.

Жазғы алаңның құрылымына өзгеріс енгізілген жағдайда, кәсіпкер бес жұмыс күні ішінде сәулет бөліміне хабарлауы тиіс. Алаң дәмхана не мейрамхананың қасында орналасып, ішке тікелей кіретін жолы болуы керек. Көгалға жазғы алаңды тек арнайы төсеме болса ғана орнатуға рұқсат етіледі. Сонымен қатар, инженерлік желілерге (құдықтар, гидранттар, кабельдер) кедергісіз қолжетімділік қамтамасыз етілуі қажет. Мүгедектігі бар адамдар үшін пандус, тұтқа және тактильді элементтер қарастырылуы міндетті.

Жазғы алаңды келесі жерлерге орнатуға тыйым салынады:

  • ғимарат аркаларында, гүлзарларда, балалар мен спорт алаңдарында, автотұрақтарда және аялдамаларда
  • отырғызу алаңына 20 метр, жаяу жүргінші өткеліне 5 метр жақын жерлерде
  • көпірлердің астында, шатырларда, аулаларда
  • ағаш діңі мен ұшар басын жауып тұратын орындарда

Алаң өртке қарсы және апаттық техниканың қозғалысына немесе инженерлік желілерге қол жеткізуге кедергі келтірмеуі тиіс.

Алматы

Алматыда жазғы алаң орнату жалпы талаптармен қатар қосымша ережелермен реттеледі. Алдымен жобаның нобайын әзірлеп, оны сәулет басқармасымен келісу қажет. Егер кейін алаңның құрылымына өзгеріс енгізілсе, бұл да келісуге жатады.

Алаң тек мекеменің іргесінде, оған тікелей кіру мүмкіндігімен және көгал үстіне төсем төселген жағдайда орнатылады. Ол көшелерден, автожолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарынан тыс, іргелес аумақта орналасуы тиіс. Ғимараттың қасбетіне өзгеріс енгізуге рұқсат етілмейді. Қозғалысы шектеулі азаматтар үшін пандус, тұтқа мен тактильді белгілер міндетті түрде қарастырылуы керек.

Жазғы алаңдарды келесі жерлерге орнатуға тыйым салынады:

  • метро нысандарынан, қоқыс алаңдарынан және шұңқырлардан 25 метр қашықтықта
  • ғимарат аркаларында, гүлзарларда, балалар мен спорт алаңдарында, автотұрақтарда
  • аялдамаларда, отырғызу алаңына 20 метр, жаяу жүргінші өткеліне 5 метр жақын жерлерде
  • ағаштардың түбінде, көпір астында, өрт немесе апаттық техникаға кедергі келтіретін кез келген жерде

Айыппұлдар

Ортақ пайдаланымдағы аумақта жазғы алаңды рұқсатсыз орнату заңбұзушылық болып саналады. Егер рұқсат пен жалдау немесе уақытша пайдалану шарты болмаса, кәсіпкерге айыппұл салынады:

  • жеке тұлғаларға — 75 АЕК (2025 жылы 294 900 теңге)
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 100 АЕК (2025 жылы 393 200 теңге)
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 150 АЕК (2025 жылы 589 800 теңге)
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 700 АЕК (2025 жылы 2 752 400 теңге)

Сонымен қатар, әкімдік жазғы алаңды мәжбүрлеп алып тастауға құқылы. Бұл жағдайда бөлшектеу шығындарын кәсіпкер өзі көтереді.

 

Жазғы алаңды орнату үшін кәсіпкер жобаны әкімдікпен келісіп, жерді жалға алу немесе уақытша пайдалану шартын жасауы қажет. Астана мен Алматыда жазғы алаңдардың орналасуына қойылатын қосымша талаптар бар. Бұл талаптардың бұзылуы айыппұл салуға және алаңды бөлшектеуге себеп болуы мүмкін.