Клиент ағыны тоқтап қалған бизнесті сақтау жолдары

Тәжірибелі маманнан кеңестер

Клиент ағыны тоқтап қалған бизнесті сақтау жолдары

HoReCa саласында ауыр кезең жиі болып тұрады. Соңғы жылдары көрмегеніміз жоқ: ковид өтті, валюта ауытқыды, шикізат қымбаттады, клиент ағыны да азайды. Заман қиындаған сайын жағдай басқаша болып көрінсе де, бәрінің сипаты бір.

Мұндай кезеңде орнығып үлгермеген бизнестер бірінші жабылады. Ал ауыртпалыққа төзе алған компаниялар жағдай жақсарған кезде нарық шыңына шығады. Қиындық түскен кезде ең алдымен бизнестің сапасы сыналатынын ұғу керек.

Көзқарасты өзгертейік

Қонақ ағыны азайған кезде бәрі бір айдан кейін түзеледі деп ойлаймыз. Бірақ бизнестің жағдайы қиындаған кезде босқа үміттеніп отыра беруге болмайды. Мұндайда қанша ақша келіп, қанша кететінін және бизнесіңіз тағы қанша шыдай алатынын жақсылап есептеу керек.

Жұмысты оңтайландырайық

Ауыр кезеңде бірден бәрінен бас тарта беруге болмайды. Тек қажеті жоқ амалдардан ғана арылып, тиімді шешімдерге тиіспеген дұрыс.

Әуелі мынаны істеңіз:

  • шикізат пен сатып алатын нәрселерді реттеңіз. Шығынның 10–15 пайызы көбінесе қажетсіз нәрселерден құралады
  • тауар ассортиментін қысқартып, тек сатыла алатын түрлерін ғана қалдырыңыз
  • сатыла қоймайтын тағамдар мен сусындарды мәзірден алып тастаңыз

Қонақтарыңызға не ұнайтынын да осындай кезде анықтай аласыз.

Еңбекақы қоры мен жұмыс кестесін тексерейік

Еңбекақы қоры — ең ауыр мәселелердің бірі.

Мұнда қатаң шешім қабылдамас бұрын:

  • жұмыс кестесін қайта қарастырыңыз
  • бос жұмыс кезектерін алып тастаңыз
  • жұмыс тоқтап тұратын уақытты қысқартыңыз

Басшы жұмыскерлеріне адал болып, саналы шешім қабылдағанын көрсетсе, ұжым да өзгеріске дайын болады. Керісінше, мәселені ойланбастан шешетін болса, қызметкерлер уайымдап, жұмыс та жүрмей қалады.

Клиенттермен жұмыс

Клиент азая бастаған кезде:

  • жиі келетін қонақтарға өзіңізді білдіріп қойыңыз
  • қарапайым, тартымды ұсыныстарды алға қойыңыз
  • бағаларды ойланбастан түсіргеннің орнына ұсынатын тағам-сусындарыңыз несімен жақсы екенін көрсетіңіз

Клиенттер бәрін сыни көзбен қарап таңдайды, сондықтан оларға да жақсылап көңіл бөлген дұрыс.

Ауыр кезең бұрын да болған, әлі де болады

HoReCa саласы ковидтен де, нарық құлдырауынан да, өзіндік құн қымбаттауынан да өтті. Әр жолы орнығып үлгермеген бизнестер жабылып қалады да, мықтылары қолайсыз жағдайға бейімделіп, орнында қала береді. Кейін бәрі қайтадан қалпына келеді.

Мұның бәріне шыдағандарға:

  • бәсеке аз болады
  • бизнесті орналастыратын орындар босайды
  • клиенттің есінде «мықты бренд екен» деген ой қалады

Бұл саладағы тәжірибемнен ұққаным: мықты бизнес қиындықтан көп әлсіремейді, ал жүйесіз құрылған, экономикасы дұрыс есептелмеген бизнеске ауыр кезеңнің салдары қатты батады.

 

Экономикасы айқын, шығыны реттелген, аудиториясы белгілі болған бизнес кез келген ауыртпалықты көтере алады. Кейде ондай тәжірибеден тіпті нығайып, жаңа деңгейге де шыға алады.