Біз Қазақстанда тұрмыстық химия өндірісін іске қостық

Техникалық тәжірибесі бар команда тұтыну тауарлары нарығын жаулап алуда

Біз Қазақстанда тұрмыстық химия өндірісін іске қостық

Үш жыл бұрын мұнай-газ саласына арналған өнімдерді шығарған Ақтөбе қаласында орналасқан қазақстандық EASY атты компания жаңа бағыт ашып, тұрмыстық химия өндірісін игеруге шешім қабылдады және EASY HOME брендін іске қосты. Компанияның жоба менеджері Кристина Хорошайло тәуекелдерді ескере отырып, өнімге деген сеніммен бизнесті қалай бастау керектігін айтып берді.

Мұңай саласынан кір жууға арналған гельдерге дейін

EASY — бұл 2015 жылдан бастап суды өңдеу, мұнай дайындау және өнеркәсіптік жабдықты қорғау үшін химиялық реагенттер шығаратын компаниялардың ғылыми-өндірістік тобы. Компанияның екі химиялық өндіріс кешені және жеке химиялық зертханасы бар.

2022 жылы команда жаңа бағытты — тұрмыстық химия өндірісін игеруге шешім қабылдады. EASY HOME бренді осылай пайда болды. Бұл идея тез пайда табу есебінен емес, қазақстандықтарға сапалы әрі қолжетімді өнім беру ниетінен туындады.

Технолог зерігіп, сабын жасауға кірісті

Өндіріс сұйық сабын мен ыдыс жууға арналған сұйықтықтан басталды. Көп хикая қалай басталса, бұл да солай: бір технологтың іші пісіп отырды... Біз өнеркәсіп өнімдерін өндірумен айналысқандықтан, бізде үш адамнан тұратын командамыз болды, ал мамандарды Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің түлектерінен таптық. Жабдықтарға интернеттен онлайн тапсырыс бердік. Рецепттер мен әдістердің барлығы — өзіміздікі. Бастапқыда өз күшімен бастадық, бәрін қолмен құйдық. Шикізаттың көп бөлігін Ресейден сатып аламыз, ал қазақстандық шикізаттың үлесі шамамен 30% құрайды.

Тұрмыстық химия желісін құру — бұл арзан қаражатпен басталатын бизнес емес. Мұндай бизнесті іске қосу үшін қажет бастапқы сома — 10 млн теңге. Бұл сома өндірісті шамамен 10–15 атаудан тұратын ассортиментті ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Негізгі бөлігі — шамамен 40% — жабдықты сатып алуға кетеді, оның ішінде өнімді ыдысқа құюға арналған бөлшектеп өлшейтін машиналар, ерітінді дайындауға арналған араластырғыштар, шикізат пен дайын өнімді сақтауға арналған ыдыстар, сондай-ақ сапаны бақылауға арналған зертханалық жабдықтар. Бюджеттің шамамен 20%-ы шикізат пен дайын өнім сақтайтын бөлме мен қойманы жалға алуға қажет болады. Шамамен 20% — химиялық компоненттер мен бөтелкелер, қақпақтар, жапсырмалар сияқты қаптама материалдарды сатып алуға кетеді. Бизнесті тіркеу, барлық қажетті лицензиялар мен қауіпсіздік сертификаттарын алу үшін бюджеттің шамамен 5%-ын, ал маркетинг пен жарнама, логотип жасау, қаптама дизайн, жарнамалық науқандарды қосу — бюджеттің шамамен 5% алады. Қалған 10% коммуналдық қызметтер, қызметкерлердің жалақысы, көлік және логистика сияқты ағымдағы операциялық шығындарға жұмсалады.

Инвестиция көлемі, әрине, ауқымына, өнім ассортиментіне және таңдалған форматқа байланысты — біз өз брендіміздің атынан өндірісті бастауды таңдадық.

Ассортимент және сату нүктелері

Бастапқыда екі-ақ өніміміз болды, қазір ассортиментте 15 түрлі тауар бар. Сатып алушылар арасында ең көп сұранысқа ие тауарлар — жууға арналған гельдер, оттекті ағартқыштар, әк дағын кетіретін құрал, сантехникаға арналған өнімдер. Біз барлық санаттарда дамуға тырысамыз, бірақ мұны ақылмен және біртіндеп жасау керек. Қазіргі уақытта бізде үйге арналған құралдар желісі бар, жақында кәсіби химия мен автомобильдерге арналған химия шығаруды жоспарлап отырмыз. Рецепттеріміз дайын болып қалды. Ең көп дегенде бір жыл ішінде біздің өнімдер дүкендердегі сөрелерден табылатынына сенеміз.

Өнімдер Ақтөбедегі өз қоймамыз арқылы, «Анвар» супермаркеттер желісі арқылы сатылады, оған қоса Солтүстік Қазақстан бойынша 10-нан астам көтерме саудагерлермен тығыз жұмыс істейміз — бұл Астана, Павлодар, Петропавл, Шахтинск, Екібастұз қалалары, бұл аймақтарда біздің жалпы көтерме саудамыздың шамамен 70% шоғырланған. 2025 жылдың тамызынан бастап Wildberries және Ozon маркетплейстерінде сауда жасауды жоспарлаудамыз.

Серіктестер үшін тауар сатып алудың ең төменгі партиясы — бірінші айда 100 мың теңгеден басталады, бұл баға клиенттер өніммен танысуы үшін қалыптасқан. Бізбен жұмыс істеу оңай — біз бұл салада енді бастап жүрміз, әрқашан клиенттермен кездесіп, сенімді қарым-қатынас құруды қалаймыз. Келесі айларда тауар сатып алу мөлшері өсіп, 500 мың теңгеден басталады.

Өндіріс барысы

Бүгінде өндірісте 10 адам жұмыс істейді. Біз айына 6 тоннаға дейін және жылына 72 тоннаға жуық өнім шығарамыз.

Бізде үш құю аппараты бар, жақында біз үрленіп жасалатын ыдысқа арналған аппаратты сатып алуды жоспарлап отырмыз, сонда біз тұрмыстық химияның ыдысын өзіміз шығара бастаймыз. Бұл логистиканы 15%-ға дейін үнемдеуге және өнімді тоқтап қалмай, уақтылы шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, біз қаптаманың өзіндік құнын шамамен 30-40%-ға төмендетеміз, бұл айына 3 млн теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Қайта өңделген пластикті пайдалану қаптаманың өзіндік құнын тағы 10%-ға төмендетеді және брендтің экологиялық жауапты өндіруші ретіндегі беделін арттырады. Сондықтан бұл біздің компания үшін стратегиялық шешім.

Жұмыс шикізат пен ыдысты дайындаудан басталады, содан кейін жұмысшылар шикізатты өңдеу және дайын өнімді өндіруге көшеді. Келесі қадам — тауар сапасын бақылау және зертханалық тексеруден өту. Ақырғы қадамдар — өнімді ыдыстарға қую және жапсырмасын жабыстыру.

Өндірістік процестер ішінара автоматтандырылған, қойма меңгерушісі арнайы бағдарламалық жасақтама көмегімен есеп жүргізеді.

Қателіктер, ребрендинг және клиенттердің сенбеуі

Бізге ауыр тиген мәселе — бұл тауардың қаптамасы. Біз ребрендинг жасадық және заттаңбалардың, ыдыстардың дизайнын толықтай өзгерттік, рецепттерге өзгерістер енгіздік, тіпті команданы да ауыстырдық. Қазір біздің өнім жаңа, жарқын, үйде қолдануға жарамды болып көрінеді, заттаңбалар ұлттық нақыштағы оюлармен жасалған, бұл басқа өндірушілердің арасында ерекшеленуге көмектеседі.

Жарнамаға келетін болсақ, мұнда бәрі оңай. Жарнаманың негізгі әдісі әрқашан ақпаратты ұзынқұлақ арқылы тарату болды. Біз блогерлердің көмегімен халық білетін және есте қалатын деңгейге қол жеткіздік. Ешқандай баннер, газеттердегі мақалалар өнімді туыстары мен таныстарына кеңес беретін қарапайым адамдар сияқты жарнама жасай алмайды. Оған қоса, біз сыртқы жарнаманы орнатып, тұтынушылар бізді жиі көретіндей етіп жасадық: бүгін олар жарнаманы көреді, ал ертең тауарды сатып алады.

Өкінішке орай, адамдардың жергілікті өндірушіге деген сенімі мүлдем жоқ. Клиенттер әдемі қаптаманы көріп, келіп, бағасын сұрағанымен, оның жергілікті өндіруші екенін естіген бойда бірден өзгеріп кеткен жағдайлар қаншама болды — тіпті дөрекі сөз айтқан жағдайларға да тап болдық. Адамдар Қазақстанда импорттық тауарлардан жоғары деңгейде жасай алатын жақсы мамандар бар екенін білмейді. Алайда командамыз берілмей, жергілікті брендтің сапалы бола алатынын дәлелдеп келеді.

Біз әлі франшиза ашу деңгейіне дейін өскен жоқпыз, оны іске қосу үшін өнім халық арасында есте қалып, жақсы сатылуы керек. Сондай-ақ серіктестердің қызығушылығын арттыру қажет. Жоспарда — ассортимент пен санаттарды кеңейту, Қазақстан аумағынан шығып, ТМД елдеріне де сауда жасау.

Жаңа бастап жатқан кәсіпкерлерге кеңес

Жаңа бастап жатқан кәсіпкерлерге шыдамды болуға кеңес беремін. Тұрмыстық химия — бұл сұранысқа ие жақсы өтетін тауар, бірақ қазір тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын көптеген отандық өндірушілер бар. Бастапқыда қиын болады, «жоқ» деген сөзді сансыз мәрте еститін боласыз, бірақ басыңызды түсірмеңіз, адамдарға қазақстандық өндіріске үйренуге біраз уақыт қажет. Бизнес бастамас бұрын шығындануға дайын болу керек. Тағы бір кеңес — жарнамаға ақша аямаңыз.