Овердрафт мүмкіндіктері мен пайдалану артықшылықтары

Несиеден айырмашылығы мен өзге ерекшеліктері

Овердрафт мүмкіндіктері мен пайдалану артықшылықтары
Арман Миербеков

Арман Миербеков

Product Owner Jusan Business

Бизнесте компания шотында міндетті төлемдерге қаражат жетпей қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Мұндай кезде серіктестерге төлемдерді кешіктірмей, жұмысты тежемей жалғастыру үшін овердрафтты пайдалануға болады. Овердрафттың мәні, оның несиеден айырмашылығы мен дұрыс қолдану тәртібі туралы осы мақалада айтып өтеміз.

Овердрафттың пайдалану тәртібі

Овердрафт (ағылш. overdraft — артық шығын, жоспардан тыс) — бұл банк бизнеске уақытша қаржылай қолдау көрсету үшін беретін қысқа мерзімді несие түрі. 

Қызметтің нақты шарттары әр банк талаптарына байланысты ерекшеленуі мүмкін. Біз классикалық овердрафт қалай жұмыс істейтінін қарастырамыз.

Овердрафт компанияның есепшотына байланып, қаражат жетпей қалғанда автоматты түрде қосылады. Мысалы, компания 700 мың теңгені құрайтын жалдау ақысын төлеуі керек, бірақ шотта тек 500 мың теңге бар. Қалған 200 мың теңгені банк уақытша өз есебінен жауып береді — бұл овердрафт деп аталады.

Мұндай қарызға берілген қаражатты тек бизнес қажеттіліктеріне пайдалануға болады: жалдау ақысы, қызметкерлердің жалақысы, салық төлеу немесе POS-терминал арқылы операциялар жасау үшін. Овердрафтпен алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруға немесе басқа шоттарға аударуға болмайды.

Кейбір банктер овердрафтты есепшот ашылған сәтте автоматты түрде іске қосуы мүмкін. Сондықтан банкпен жасалатын келісімшартты алдын ала мұқият оқып шығып,  көрсетілетін қызметтердің шарттарын нақтылап алған жөн. Осылайша күтпеген шығындардан сақтанып, шоттың теріс қалдыққа кетуінің жолын кесуге болады.

Овердрафт бойынша пайыз есептеу ережесі

Қосымша пайыз тек нақты пайдаланылған сома мен қызмет белсенді болған күндерге есептеледі. Мысалы, компания овердрафт арқылы жылдық 20% мөлшерлемемен 200 мың теңге алып, оны 10 күннен кейін қайтарып берсе, есептеу мынадай болады:

200 000 ₸ × (20% ÷ 100%) × (10 күн ÷ 365 күн) = 1 096 ₸

Демек, компания шотынан 200 мың теңгелік негізгі қарызбен бірге 1 096 теңге көлемінде пайыздар шегеріледі. Кейбір банктер есептеу үшін 365 күннің орнына 360 күнді пайдаланады — пайыз сомасы өзгеше болуы мүмкін.

Овердрафт сомасына қойылатын шектеулер

Банк овердрафт сомасын әдетте компания шотына түсетін орташа айлық түсiмге қарап белгілейді. Мысалы, компания орта есеппен айына 1 млн теңге алатын болса, овердрафт бойынша шамамен 200-500 мың теңге алуға мүмкіндігі бар.

Несие мен овердрафттың айырмашылығы

Овердрафт пен несие қарыз қаражатының түрлері болып табылады. Алайда олардың арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар.

Овердрафттың мерзімі салыстырмалы түрде қысқа — әдетте 30 бен 90 күн аралығында болады. Бұл кассалық алшақтықты жабу сияқты жағдайларға арналған уақытша шешім. Ал несие бірнеше айдан бірнеше жылға дейін рәсімделеді. Ол әдетте бизнесті дамытуға, жабдық сатып алуға және басқа да ірі мақсаттарға бағытталады.

Несие бойынша төлемдер алдын ала бекітілген кестеге сай ай сайын жүргізіледі. Овердрафт қарызы шотқа ақша түскен сайын автоматты түрде өтеліп отырады. Мысалы, компания овердрафт арқылы 1 млн теңге алды делік. Шотқа 200 мың теңге түскен кезде, бұл сома негізгі қарыз бен есептелген пайыздарды өтеу үшін жұмсалады.

Овердрафт бойынша пайыз тек пайдаланылған сома мен оны қолданған күндер үшiн есептеледi. Ал несиеде пайыздар көбінесе бүкіл сомаға бірден қосылады.

Осылайша, овердрафт — күтпеген жағдайларға арналған қаржылық қор болып табылады. Несие неғұрлым ірі және ұзақ мерзімді мақсаттарға арналған қаржы құрал болып табылады.

Alatau City Bank Business арқылы овердрафт алу

Бизнес үшін арнайы есепшотты ашыңыз. Содан кейін Alatau City Bank бөлімшесіне барып, овердрафтты қосуға өтінім беріңіз.

Овердрафт шарттары:

  • сомасы — 100 млн теңгеге дейін
  • мерзімі — 45 күнге дейін
  • кепіл талап етілмейді
  • несие желісінің мерзімі — 12 айға дейін

Өтінім бермес бұрын, қажетті құжаттарды жинау керек. Құжаттар тізімі бизнес нысанына (ЖК немесе ЖШС) байланысты өзгереді. Қосымша шарттарды нақтылау үшін банкке жүгінген жөн.

Онлайн-овердрафт

Онлайн-овердрафт Alatau City Bank Business-те соңғы 12 ай ішінде шотында тұрақты айналым болған клиенттерге қолжетімді.

Онлайн-овердрафт шарттары:

  • қызмет тек ЖК немесе бір құрылтайшысы бар ЖШС үшін ашық
  • сомасы — 100 млн теңгеге дейін (айналымға байланысты)
  • мерзімі — 30 күнге дейін
  • жылдық мөлшерме — 27% (тұрақты)
  • кепілсіз және комиссиясыз

Онлайн-овердрафт үшін қосымша құжаттар мен қаржылық есеп тапсыру талап етілмейді. Банк бөлімшесіне барудың қажеті жоқ — өтінім толықтай онлайн рәсімделеді. Қаражат шотқа небәрі 5 минут ішінде түседі. Овердрафттың қолжетімділігін тексеру үшін Alatau City Bank Business жеке кабинетіне кіріп, «Менің банкім» бөлімін ашыңыз. Қызмет қолжетімді болған жағдайда, оны қосу туралы ұсыныс автоматты түрде көрсетіледі.

 

Овердрафт — бизнесті шұғыл қаржылай қолдаудың тиімді әрі ыңғайлы жолы. Ол уақытша қиындықтарды толық несие рәсімдемей-ақ еңсеруге көмектеседі. Мұндай қарыз қаражатты тұрақты шешім ретінде қарастыруға болмайды — нақты қажеттілік туған кезде қолданылады. Овердрафт  тұрақты қаржыландырудың баламасы емес, шұғыл жағдайға арналған қосалқы құрал болып табылады.