60 күнде зауыт ашу: өндіріс жобасын жүзеге асыру

Менің есімім — Асқар Ермағамбетов. 20 жылдан астам уақыт бойы сусындар индустриясы мен HoReCa саласында жұмыс істеп келемін. Осы уақыт ішінде мейрамхана бизнесіндегі ондаған жоба көрдім. Олардың ішінде жүйелі, табысты жобалар да, әлсіз бастамалар да кездесті. Жинақталған тәжірибе ORDA JUICE co. компаниясының құрылуына негіз болды.
Бәрі қалай басталды
ORDER JUICE co. бренді негізінде күн бейнелі адам образы жатыр. Ол аспан мен жердің байланысын көрсетіп, кең дала, табиғат және ұлттық болмысымызды білдіреді. Біз бұл компанияны жай ғана сауда белгісі ретінде емес, көзқарас пен ұстаным ретінде құрдық.
ORDA JUICE co. үшін ең бастысы — табиғилық. Біз өндіретін өнімдердің құрамы табиғи, ешқандай хош иістендіргіштер мен жасанды қоспалар қолданылмайды. Бұл маркетинг үшін айтылған сөз емес — бұл біздің ұстаным.
Барлығы 2024 жылы Қарағандыдағы шағын цехтан басталды. Біз аз көлемде, қолмен, өнім мен нарықты жақсы түсінетін шағын командамен жұмыс істедік. HoReCa саласындағы жиырма жылдық тәжірибеміз нарықтағы сусындардың сапасы тұрақсыз екендігін анық көрсетті.
Мейрамхана желілерінде сусын дәмі көбіне оны дайындаған адамның шеберлігіне байланысты. Бір бармен дайындаса — бір дәм, екіншісі дайындаса — басқа дәм. Бұдан ең алдымен қонақ зардап шегеді.
Біз бұл жүйені өзгерткіміз келді.
Мақсатымыз — бардың ар жағында кім тұрса да, сапасы өзгермейтін, бірдей әрі тұрақты өнім жасау болды. Құрамы таза, табиғи әрі түсінікті — баланың да алаңсыз ішуіне болатын өнім. Осылайша лимонад мен шайларға арналған стандартталған дайын негіздер идеясы пайда болды.
Өсу қажеттілігі сезілген сәт
Бір жарым жыл ішінде біз клиенттер мен серіктестер қауымын құра білдік. Өнімді сатып алумен шектелмей, табиғилық ұстанымымызды қолдайтын адамдар көбейді.
Өндіріс көлемі артты, бірақ даму қарқыны тоқтай бастады:
- өндірістік қуат жеткіліксіз
- өнім желісін кеңейту қиын
- үлкен ауқымға шығу мүмкін болмады
Сол кезде бір нәрсе айқын болды: егер нарыққа жүйелі түрде ықпал еткіміз келсе, келесі деңгейге өтуіміз керек. Цех көлемін үлкейту жеткіліксіз, айына 200 тоннаға дейін өнім шығара алатын толыққанды өндіріс құру қажет еді. Бұл — мүлде басқа деңгей.
Неге Алматыны таңдадық
Бұл шешім кездейсоқ қабылданған жоқ.
Біріншіден, біз осы жерде тұрамыз. Бұл қаланы жақсы көреміз және дәл осы жерде құндылық қалыптастырғымыз келеді.
Екіншіден, су сапасы. Алматының жұмсақ суы дәмді тереңірек ашады және өнім құрамымен үйлесімді жұмыс істейді. Бұл — технологиялық тұрғыдан аса маңызды фактор.
Үшіншіден, шикізат. Өңір сапалы жидек, шөп пен табиғи ингредиенттерге бай. Ыстықкөл шырғанағы, тау алмасы, дала өсімдіктері — өнімнің өзіндік болмысын айқындайды.
Сонымен қатар, Алматы логистика жағынан да тиімді. Қазақстанмен де, Қырғызстанмен де жұмыс істеуге қолайлы.
Серіктестер мен клиенттер
Серіктестеріміз жайлы бөлек тоқталғым келеді.
Біз екі елде де Kulikov желісімен тығыз жұмыс істейміз. Олар біз үшін жай ғана клиент емес, белгілі бір деңгейдің көрсеткіші, тұрақтылық пен сапаға жоғары талап қоятын жүйелі бизнес. Сонымен қатар «Аққу», Renee cafe, Six Coffee+Wine, abr+ мейрамхана тобы және басқа да серіктестермен жұмыс істейміз.
Осындай серіктестермен жұмыс істеу де кеңеюге итермелеген факторлардың бірі болды.
Идеядан іске көшу
Бұл кенеттен қабылданған шешім емес, бәрі өз бабымен өрбіді.
Біздің байқағанымыз:
- мейрамханалар үшін өнімнің нақты құндылығы бар
- сұраныс тұрақты
- нарық бірыңғай стандарттарды қажет етеді
- адамдардың табиғи өнімге деген сұранысы өсіп келеді
Біз үшін өніміміздің тек мейрамханаларда ғана емес, адамдардың күнделікті өмірінде де болуы маңызды екенін түсіндік. Жазда үйде отырып, біздің негіздерімізді газдалған сумен араластырып, табиғи лимонад дайындаса дейміз.
Қыста дастархан жайылып, біздің негіздермен демделген дәмді әрі пайдалы шай ішсе дейміз.
Сол сәтте бұл ауқымды жоба екені анық болды.
Зауыт ашу барысын Instagram желісінде тамашалауға шақырамын. Сәттілік тілеп қойыңыздар!