Booking.com сайтында тұрғын үйді жалға беру

Жалға берушілердің алғашқы қадамдары, платформа ережелері, салықтары мен комиссиясы туралы ақпарат

Booking.com сайтында тұрғын үйді жалға беру

Қазақстанда қысқа мерзімге үй жалдау мәселесі жүйесіз құбылыстан үлкен нарыққа айналды. Қазір пәтерлер көбінесе мессенджерлердегі хабарландыру арқылы емес, халықаралық платформалар арқылы жалға беріледі. Сондай ірі платформалардың бірі — Booking.com. Мұны статистика да растайды: 2010 жылдан бері бұл сервис арқылы бір жарым миллиардтан астам қонақ баспана тапты. Осы мақалада платформаны кім қолдана алатынын, қандай ережелері бар екенін және жаңа қолданушылар неге назар аудару керек екенін қарастырамыз.

Тұрғын үйді кім және қалай жалға бере алады

Кезінде Booking.com қонақүйлерге арналған сервис ретінде іске қосылды. Бірақ бүгін ол жеке жалға берушілермен де жұмыс істейді:

  • меншік пәтер және үй иелері
  • жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар (бірнеше нысан жалға берілсе)
  • жалға алушылар — жалдау шартында қосалқы жалдауға тікелей рұқсат берілсе.

Алдымен Booking мәртебеңізді белгілеңіз деп сұрайды. Оның екі түрі бар: жеке хост (private host / non-trader) және кәсіби хост (professional host / trader).

Жеке хост —  бұл кәсіпкер болмай тұрып, жалға пәтер, бөлме немесе саяжай беретін жеке тұлға. Бұл опция үйді жалға беріп, қосымша табыс тапқысы келетіндерге қолайлы.

Кәсіби хост — бұл жалға беру бизнесімен айналысатын жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға. Көбінесе ол бірнеше объект немесе апарт-қонақүй иелері. Бұл жағдайда Booking үй иесінен компания немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені туралы құжат сұрауы мүмкін.

Алғашқы қадамдар:

  • Extranet-те аккаунт (жалға берушінің жеке кабинеті) ашып, сауалнаманы үлгідегідей толтырыңыз.
  • Фотосурет жүктеңіз (сурет неғұрлым үлкен және сапалы болса, қонақтарға соғұрлым тартымды болады, кемінде 20-25 сурет жүктеген жөн).
  • Тұрғын үйді толық сипаттаңыз: бөлме саны, ішіндегі жабдығы, қала орталығына немесе метроға дейінгі жол қашықтығы.
  • Үй мекенжайын растағанын күтіңіз — бұл код жазылған хат, телефон қоңырауы немесе бейнетексеру болуы мүмкін.

Объект тексеріліп жатқан кезде хабарлама дайындай бере аласыз, бірақ біреу үйіңізді брондай алсын десеңіз, тексеруден толық өтіп болуыңыз керек.

Комиссиялар мен төлемдер

Booking комиссия алып жұмыс істейді: оның мөлшері әр елде әртүрлі. Қазақстанда Booking базалық комиссиясы — брондау сомасынан 15%. Егер баспана иесі қосымша жарнама құралдарын (мысалы, Visibility Booster немесе Preferred Partner бағдарламасын) іске қосса, бұл көрсеткіш жоғарырақ болуы мүмкін. 

Төлемақыны қолма-қол ақшалай, картаға тікелей аударып (эквайринг қосылған болса) немесе Payments by Booking.com жүйесі арқылы қабылдауға болады. Соңғы аталған жағдайда сервис қонақтан ақша қабылдап, оны үй иесіне белгіленген кесте бойынша — әдетте апта сайын немесе ай сайын аударады. Мұның нақты талаптары сервиске қосылған кезде шартта жазылады.

Қазақстанда нені білген маңызды

Жалға беруден түскен барлық табысқа салық салынады. Егер пәтеріңізді жеке тұлға ретінде жалға берсеңіз, табысыңызды декларацияда көрсетуіңіз керек (мөлшерлемесі – 10%). Жеке кәсіпкерлер оңайлатылған режимді (шамамен 3%) немесе патент режимін қолданады, ал ақша айналымы үлкен болса, ҚҚС та төлейді.

Шетел туристерін қабылдайтын болсаңыз, ол туралы үш жұмыс күнінде eQonaq ақпараттық  жүйесі арқылы көші-қон қызметіне хабарлауыңыз керек. Бұған сіздің ЭЦҚ мен шетел азаматының паспортындағы дерек керек.

Баға арифметикасы мен психологиясы

Үйдің фотосы мен оған қойған баға — қонақ қарайтын басты көрсеткіш. Жалға беру құнын бәсекелі етіп, бірақ әдейі арзандатпай қою керек. Тариф белгілеген кезде жыл мезгілін, қаладағы оқиғаларды, аудандағы бәсекені, басқа қонақтардың пікірлерін, жауап беру жылдамдығын және хосттың белсенділігін ескеру қажет. 

Бастапқыда көбі пікір жинау үшін нарықтан сәл төмен баға қояды. Одан кейін бір аптаға немесе бір айға жеңілдік беретін, демалыс және мереке күндері жоғары баға қоятын икемді тарифтер жұмыс істейді. Жарнамалау үшін Genius бағдарламасын қосуға болады: ол қонақтарға жеңілдік беріп, хабарландыруыңызды бірінші етіп көрсетіп тұрады.

Басты валюта — қонақтардың пікірлері 

Booking әлемінде бәрі рейтингке байланысты. Рейтинг тек қонақтар берген бағадан ғана емес, тұрғын үй иесінің пікірлерге қалай жауап беретінінен де қалыптасады. Пәтердің жаңа қонақтарға көрініп-көрінбейтіні де алғашқы пікірлерге байланысты. Біреу жаман пікір берсе, қорықпаңыз: клиентті тыңдап, кемшіліктерді түзетіп жатқаныңызды көрсетіп отырсаңыз болды. Жауабыңызды көбінесе баспана іздей бастағандар көреді.

Түсініспеушілік болмасын деп, бәрін Booking чатында жазбаша келісіп алыңыз, бронь түскеннен кейін қонақтың келу уақытын бірден нақтылаңыз, кілт салатын сейф немесе цифрлық құлып орнатып, қонақ өз бетімен жайғаса алатын амалды ойластырыңыз. Wi-Fi туралы ескерту, техника жөніндегі нұсқаулықтар мен үй қағидалары да артық болмайды. Ал сәл қамқор болып, бір бөтелке су, шай немесе қысқаша жазба қалдырсаңыз, қонақжай екеніңізді білдіре аласыз. Осындай ұсақ-түйектің арқасында жақсы пікір алуға болады. 

Жалға берушілердің тәжірибесі

Анар Байжігітова маркетинг пен онлайн-платформалардағы объектілер жарнамасына жауап береді. Оның айтуынша, қонақтардың көбі Booking арқылы келеді:

Booking.com-ды таңдауымыздың себебі — бұл пайдаланушылар қатты сенетін халықаралық платформа. Ол қонақтарға да, меншік иелеріне де қауіпсіз брондауға мүмкіндік беріп, кері байланыс жүйесі арқылы беделіңізді қалыптастыруға көмектеседі. Біз басқа сайттарда да тіркелгенбіз, бірақ қонақтар тек Booking арқылы тұрақты келеді.

Дегенмен, оның қиын жақтары да бар.

Әкімші панелінің интерфейсі мен Pulse қолданбасы үнемі тұрақты жұмыс істейді деп айта алмаймыз — кейде қонақтардың дерегімен жұмыс істегенде немесе хабарлама жіберіп жатқанда ақау шығады. Тіпті қонақ келмей қалып, брондағанын уақытында жоймаған жағдайда да комиссия алынады. Оның үстіне Қазақстанда онлайн-төлем қабылдау мүмкіндігі жоқ, сондықтан көбінесе қолма-қол ақша алуға тура келеді.

Қаржы тұрғысынан да бәрін есептеу қажет.

Біз жалдау құнын барлық шығынды жабатындай етіп қойып, бағаға Booking.com-ның ең кіші комиссиясын қосамыз. Егер бронь санын көбейту керек болса, біз Preferred Partner немесе Visibility Booster сияқты қосымша құралдарды қосамыз. Олардың комиссиясы жоғарырақ болғанымен, объектіңіз қонақтарға жиі көріне бастайды. Ең маңыздысы — төлемақыны шығынның артынан пайда қалатындай етіп есептеңіз.

Ақыры, мұнымен енді айналыса бастағандарға беретін басты кеңес:

Басқару жұмысын толығымен аутсорсқа берудің қажеті жоқ. Платформадағы тарифтерден бастап күнтізбе мен хабарламаларға дейінгі барлық функционалды өзіңіз біліп алғаныңыз абзал. Сол кезде баға мен брондалған объектілерді реттеу де, сұрақтарға тезірек жауап беру де, алгоритмнің қалай жұмыс істейтінін түсіну де оңайырақ болады.

Нені ескерген жөн

Әр платформадағыдай Booking-тің де өз ережелері бар. Икемді тариф орнатсаңыз, қонақтар брондағанынан соңғы минутта бас тарта алады, сондықтан мұны алдын ала ескерген дұрыс. Қонақтың брондағанын тұрғын үйі иесі де жоя алады, бірақ ол рейтингке де, пәтердің іздеу жүйесінде көрінуіне де әсер етеді.

Тағы бір жиі кездесетін жайт — егер бір пәтерді бірден бірнеше сайтқа салсаңыз, брондау қабаттасып кетуі мүмкін. Дегенмен, мұны күнтізбелерді үйлестіріп немесе арна менеджерін қосып, оңай шешуге болады.

Қазақстанда тыныштық пен тәртіпке ерекше көңіл бөлген жөн: ірі қалаларда шуға қарсы көршілер мен жергілікті ережелер көп. Сондықтан үйде тұру қағидаларын бірден айтып, қонақтарды алдын ала ескерткен жөн.

Booking ұсынатын құралдар

Бұл сервис жұмысыңызды жеңілдететін бірқатар функция ұсынады:

  • күнтізбелерді басқа сайттардағы күнтізбемен үйлестіру
  • жалдау жұмысын ресми провайдерлер мен арна менеджерлері арқылы басқару мүмкіндігі
  • кейбір жеке жағдайларда жаңа объектілердің басқа сайттардан алған бағасын көрсету мүмкіндігі
  • жаңа хабарландыруларды көрсететін қосымша механизмдер
  • серіктестерді сақтандыру бағдарламасы арқылы қонақтар мен көршілердің шағымдарынан 1 миллион еуро/доллар/фунтқа дейін сақтану 

 

Booking.com — бұл тек «қосымша хабарландыру» беруге ғана емес, баспананы табыс көзіне айналдыруға қолайлы толыққанды жүйе. Мұнда лайық аудитория да, қажет құрал да, қорғаныс жүйесі де бар, бірақ кәсіптің табыс әкелуі бәрібір баспана иесінің өзіне байланысты. Пәтерді таза ұстай білу, хабарламаларға жылдам жауап беру және қонақтардың пікірлерін тыңдап, кемшіліктерді түзетуге дайын болу керек. Біреуге ол кездейсоқ тәжірибе болса, басқаларға тұрақты бизнеске айналады. Қалай болса да, пәтер иесі Booking-те тек жалға беруші ғана болмай, қызмет көрсетуші қонақжай мейманханашыға айналады. Басқа платформалар туралы білгіңіз келсе, Airbnb сайтында пәтерді қалай жалға беруге болатыны туралы оқи аласыз.