2026 жылы нәтиже беретін жарнама арналары
Сарапшының ойы

Қазір маркетинг саласында бір жарнама арнасы жеткілікті деген жаңсақ пікір бар. Алайда бұл көзқарас әлдеқашан өзектілігін жоғалтып үлгерген. Жарнама арналары бейтараптанып, алгоритмдер қатаң бола түсті, сол себепті талабы мен талғамы артқан аудиторияның сенімін ақтау бұрынғыдан қиын. Тренд бастау немесе трендте болғаннан гөрі нәтиже беретін жүйе құру неліктен маңызды екенін бірге талқылайық.
Жарнама арнасын таңдау
Таңдаған арнаңыз сатып алу жолының тек бастапқы нүктесі екенін түсініп алған жөн. Бизнеске ұсыныс, өнім қаптамасы, өнім сапасы, тұтынушыларға жауап беру жылдамдығы, сатып алу жолы, қызмет көрсету деңгейі мен қайтып келген клиенттер ғана пайда әкеледі. TikTok парақшаңыз қаншалықты керемет болса да, сатып алу жолы не өнім сапасы клиентке түсініксіз болса, еш нәтиже болмайды. Ал кейде Instagram парақшаңыз әлсіздеу болса да, саудаңыз тұрақты болуы мүмкін. Себебі клиенттер жақсы пікір қалдырады, шарттарыңыз оларға түсінікті, сондай-ақ ұзынқұлақтың да көмегі тиіп жатыр.
Екінші қағида — тұтынушымен қайта байланыс орнату. Өнім не қызмет санатына қарамастан, адамдар бір жерге екінші рет қайтып келмейтін болған. Бренд көздеріне түскен мезетте-ақ ұмытылып кетеді, бірақ кейін пікірлерден, достарынан естісе, қайта оралуы мүмкін. Сондықтан жүйені тұтынушының көзіне бірнеше рет түсетіндей етіп құру керек.
Үшінші қағида — сенім бір арнаның көмегімен қалыптаспайды. Ол іздеу, карталар, пікірлер, әлеуметтік желілер, сайт, клиенттерге жауап беру жылдамдығы, байланысу мәнері, команданың тұтынушылармен ашық болуы, тәжірибе, серіктестіктер сияқты маңызды бөлшектерден құралады. Қазір клиенттер әдемі сөзге алданып жүрмейді, өніміңіз жайлы барлық ақпаратты өздері-ақ тексере алады.
2026 жылы қай жарнама арнасын таңдаған жөн
Мақсатына сай қолданса, нақты нәтиже беретін он арнаны қарастырайық.
- TikTok, Instagram Reels, YouTube Shorts желілеріндегі қысқа бейнелер
Олар адамдардың назарын тез жаулап, қызығушылықтарын оятады, бірақ өздігінен сауда жасауға көмектеспейді. Олардың міндеті — адамды сіз сататын өніммен таныстыру. Егер өнім оларды қызықтырса, олар сізге жазылып, керегін сақтап, сатып алуға қайта оралады. Қазір мағынасы түсінікті әрі қарапайым бейнелер нәтиже береді. - Instagram — сенім қалыптастыратын желі
2026 жылы ол көбінесе атақ-абыройыңызға тікелей әсер етеді. Бұл желіде адамдар сізді тексереді деуге де болады: өнім сапасы, оны ұсыну жолы, қарым-қатынас құру мәнері, пікірлеріңізді де оқиды. Бұл жерде табиғи қарым-қатынасқа жақынырақ Stories пен бірнеше суреті бар жазбалар көбірек нәтиже береді. - 2ГИС, Google, Яндекс карталары
Қазір адамдар өздеріне қажет нәрсені бір мезетте сатып алуға дайын тұрады. Сондықтан жақын жердегі, сенімді, ашық тұрған және рейтингі жоғары нұсқаны жиі таңдайды. Бұл жағдайда карта — қосымша құрал емес, жергілікті бизнес үшін негізгі арналардың бірі болып табылады. Карталар сатып алуға дайын тұтынушылар ағынын әкеледі. - Тұтынушылар пікірлері
Пікірлер толыққанды жеке арнаға айналды, өйткені көп жағдайда шешім қабылдауға жарнама емес, пікірлер итермелейді. Жарнама адамды өнім сипаттамасына алып келуі мүмкін, бірақ сатып алу туралы шешімге рейтинг, суреттер, иесінің жауаптары және пікірлердің өзектілігі ықпал етеді. - Мессенджерлер және жеке байланыс орнату
Мәміле жасалатын WhatsApp, Telegram, Direct сияқты арналар. Қазір жылдам әрі жүйелі түрде сауда жасайтындар шынайы нәтижеге жетеді. Дайын жауаптар мен топтамалар, түсінікті жазылған шарттар және қызметкеріңіздің сөйлесу мәнері үлкен рөл атқарады. Мессенджер — ақша табатын арна, егер мұнда тиянақты жұмыс болмаса, тұтынушылар ағынынан босқа айырылып қаласыз. - E-mail және CRM-коммуникациялар
Бұл арнаны кәсіп иелері көбінесе елемей кетеді. Бірақ LTV дәл осы арнаның көмегімен артады. Мазмұны клиентке құнды хаттар жаза алсаңыз, бизнесіңіз тұрақты өсе бастайды. Мұнда хаттардың келу жиілігі емес, олардың мазмұны мен кімге жіберетініңіз әлдеқайда маңызды. - Серіктестіктер
Сенім ұзынқұлақ арқылы тезірек қалыптасады. Бірлескен эфирлер мен іс-шаралар, брендтердің бірін-бірі өзара ұсынуы, жақын орналасқан бизнеспен серіктес болу, белгілі бір қауымдастыққа арнап жарнама жасау. Бұл көбінесе дәстүрлі жарнамадан арзан, сондай-ақ тұтынушылар ағыны сапалы болады, өйткені адамдар сізге жақсы пікір естіп келеді. - Сарапшы контенті және медиа
Әсіресе белгілі бір қызмет көрсететін кәсіп түрлеріне, B2B және өзгеше өнімдерге аса маңызды. Мақалалар, іс-шараларға қатысу, подкастар бедел мен сенім қалыптастырады. Бүгін сарапшы пікірі шынайы тәжірибе, қателер мен ұсынылған шешімдер арқылы көрініс табады. Адамдар сатып алуға үгіттейтіндерді емес, саралы шешім қабылдауға көмектесетіндерді таңдап, соларға құлақ асады. - Қауымдастық
Белгілі бір тақырып төңірегіндегі жабық клубтар, чаттар, қауымдастықтар. Қауымдастық — бұл сату құралы емес, сенім қалыптастыратын орта. Ал сенім кейін өзінен-өзі сатып алуға әкеледі. - Офлайн — онлайдағы жұмысты күшейтетін құрал
Іс-шаралар, байланыс орнату, қызмет көрсету, атмосфера — осының бәрі кейін онлайнда сатуға көмектеседі. Ал онлайнда жақсы жасалған жұмыс адамдарды офлайнға әкеледі. Екеуі жеке емес, бірлесіп нәтиже береді.
Оңтайлы арна таңдау тәсілі
Мынадай қарапайым матрица бар:
- сұраныс арналары — адам сізді өзі іздейтін жерлер: іздеу, карталар, ұсыныстар
- назар арналары — сіз аудиторияның назарын аударатын жерлер: қысқа бейнелер, әлеуметтік желілер, серіктестіктер
- сенім арналары — адам шешім қабылдар алдында тексеретін жерлер: Instagram, пікірлер, кейстер, медиа
- мәміле жасау арналары — сатып алу жүзеге асатын жерлер: мессенджерлер, сайт, менеджер
- клиенттерді ұстап қалу арналары — CRM, клиенттер дерекқоры, қауымдастық
Әр арна бойынша кемінде бір мықты құралыңыз болу керек, әйтпесе жүйеңіз толыққанды жұмыс істемейді.
2026 жылы алгоритмдерге креативтен гөрі тұрақтылық маңызды. Яғни контент, мазмұн, сапа тұрақты болуы керек. Адамдар тақырыптан тақырыпқа ауысатындарды емес, үнемі көзге көрініп, аудиториямен қарым-қатынас орнату мәнері біркелкі брендтерді таңдайды.
Биыл түрлі жарнама арналарын қолдануға болады, бірақ нәтиже тек клиент тәжірибесіне толығымен кіріктірілген арнадан ғана шығады. Егер жүйеңіз клиенттің кіру нүктесі, өнім сапасы, алғашқы сатып алу және қайта сатып алу сияқты құрамдас бөліктерден тұрса, кез келген арна басқарылатын өсу құралына айналатыны анық.