Бейілділік бағдарламасын енгізу
Жеңілдіктер, бонустар, кешбэк

Бейіліділік жүйесі — клиенттеріңізге таңдауы үшін ризашылық білдіріп, қайтадан келуге ынталандыратын құрал. Мұны жеңілдіктер, бонустар және басқа да артықшылықтар арқылы жасауға болады. Мысалы, әр оныншы тапсырысқа тегін кофе немесе туған күніне жеңілдік ұсыну. Осы мақалада бейілділік бағдарламасын енгізіп, бизнеске қалай пайда әкелуге болатынын қарастырамыз.
Қолмен іске қосу
Шағын компаниялар қарапайым шешімдерден бастайды.
Ең қарапайым нұсқа — қағаз картаға мөр басу. Мысалы, клиент кофе сатып алған сайын картасына мөр жинайды, ал он рет басылған мөрді тегін сусынға айырбастайды. Қарапайым, шығын аз, бірақ клиент қайта келуге құлшынады.
Тағы бір нұсқа — клиенттер тізімін Google Sheets немесе Excel-де жүргізу. Уақыт өте деректер жиналып, клиенттердің сатып алу әдетін көруге мүмкіндік береді. Сол ақпаратқа сүйеніп, оларға жеңілдік жайлы хабарлама жіберуге немесе тұрақты клиенттерге арнайы ұсыныспен қоңырау шалуға болады.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерді қолдануға болады:
- парақшаға жазылғандарға жеңілдік беру
- стористе белгі үшін бонус ұсыну
- тұрақты клиенттерге арналған жабық чатта арнайы ұсыныстар
Бұл әдістерге қосымша софт немесе кассаға өзгеріс енгізу қажет емес.
Кемшілігі — бәрін қолмен жүргізу керек, ал компания өскен сайын мұны бақылау қиындай береді.
Кассамен біріккен бағдарлама
Қазіргі кассалардың көбінде бейілділік бағдарламасын тікелей жүйенің өзінде іске қосуға мүмкін. Мұнда негізгі шарттарды орнатуға болады: бонус көлемі, оны қалай жұмсау жолы және қай тауарларға қолданылатыны.
Клиент жүйеде тіркеліп, оған бонустық немесе жеңілдік картасы беріледі. Егер картасы жақында болмаса, телефон нөмірі жеткілікті — ақпарат кассада сақталады. Электрондық карталарды Apple Wallet немесе Google Wallet-те сақтау ыңғайлы: қолданушы бонус мөлшерін көріп, жаңа ұсыныстар жайлы хабарлама алады.
Бірақ мұндай мүмкіндік барлық кассада жоқ, кейде қосымша интеграция қажет болуы мүмкін.
Арнайы сервистер
Компания үлкейген сайын қарапайым әдістер жеткіліксіз бола бастайды. Мұндайда арнайы сервистер көмекке келеді.
Олар бағдарламаны икемдірек жүргізуге мүмкіндік береді:
- жаңа науқандар мен ұсыныстар туралы push-хабарлама жіберу
- клиенттерді топтарға бөлу — жаңадан келгендер, тұрақтылар, ұзақ уақыт келмегендер
- науқандарды автоматты түрде іске қосу — мысалы, бонустардың мерзімі бітуге бір апта қалғанда еске салу
- сатып алу мен бонус тарихы көрсетілетін мобильді қолданба ұсыну
Бизнеске бұл ыңғайлы талдау құралы: қай науқан шынымен нәтиже беретінін көруге, кім жиі қайта оралатынын анықтауға және бір клиентті тартудың қанша тұратынын есептеуге болады.
Көбіне мұндай сервистер жазылым арқылы жұмыс істейді: ай сайын клиенттер немесе сауда нүктелері санына қарай төлем алынады. Қосылу үшін провайдерді таңдап, тариф жайлы келісіп, шартқа қол қою жеткілікті.
Банктер және финтех-платформалар
Банктер мен финтех-сервистер клиенттің банк картасына кешбэк қызметін енгізуді ұсынады. Мысалы, картамен төлем жасаған кезде сатып алушыға 5% бонус беріледі, ол тек серіктес мекемеде жарамды.
Бизнес банкпен келісімшарт жасайды, ал банк серіктестік бағдарламаны іске қосады. Банк клиенттері оған автоматты түрде қатысады, ал бонустар мен хабарламалар банктің мобильді қолданбасында көрсетіледі.
Басты артықшылығы — жеке ІТ-жүйе құрудың қажеті жоқ, бағдарлама бірден кең аудиторияға қолжетімді болады. Кемшілігі — бағдарлама банктің шарттарына байланған және клиент базасына толық қол жеткізу мүмкін емес. Деректер қаржы ұйымында қалады.
Мобильді қолданба жасау
Жеке қолданба — клиентпен жұмыс істеудің жан-жақты құралы. Онда бір мезгілде бонус бағдарламасы да, хабарлама жіберу мүмкіндігі де, талдау да болады. Қолданбаны жүктеген клиент жеке кабинетке кіреді: сатып алу тарихын көреді, бонустардың мөлшерін бақылайды, жеке ұсыныстар мен жеңілдіктер алады.
Қолданбаны арнайы әзірлеушілерге тапсырыс беріп жасауға болады. Немесе дайын шешімдер ұсынатын сервистер бар: олар қолданбаның атауын, логотипін және түстерін белгілі бір компанияға бейімдейді. Барлық деректер кассамен немесе СRM жүйемен автоматты түрде біріктіріліп, сатып алу кезінде бонус бірден қолданбада көрінеді.
Бұл тәсіл касса немесе банк арқылы іске қосылған бағдарламалардан қымбат әрі көбірек уақыт талап етеді. Бірақ артықшылығы — өз брендіңізге сай толыққанды, жеке құралға ие боласыз.
Есеп пен бухгалтерия
Бейілділік бағдарламалар маркетингпен қатар бухгалтерлік есепке де әсер етеді. Бонустар мен жеңілдіктерді есепке алу салық есептері мен есеп берудің айқындылығымен тікелей байланысты.
Егер бағдарлама жеңілдікке негізделсе, бәрі оңай: салық жеңілдік ескерілген сомадан есептеледі.
Ал бонус жүйесінде табыс тек клиент бонусын пайдаланып, сатып алудың бір бөлігін төлеген кезде ғана азаяды. Чекте бұл жеңілдік ретінде көрсетіліп, кіріс азаяды.
Мысалы, «әр оныншы кофе тегін» немесе «біреуін сатып алғанда, екіншісі тегін беріледі» сияқты науқандар әдетте маркетингтік шығын ретінде есепке алынады. Құжаттарды дұрыс рәсімдеу қажет, әйтпесе салық органдары мұны табысты азайту әрекеті деп қабылдауы мүмкін.
Сондықтан жүйені іске қоспас бұрын бухгалтермен ақылдасып, клиентке түсінікті әрі есепке алу үшін қауіпсіз тәсілді таңдаған жөн. Кейін компания ішінде бонусты есептеу және қолдану ережесін бекіту керек.
Бейілділік бағдарламасын енгізу әртүрлі жолмен жүзеге асуы мүмкін — мөр қойылатын қарапайым қағаз картадан бастап, талдау құралдары бар толыққанды мобильді қолданбаға дейін. Бағдарламаның форматы бизнес ауқымына, бюджетке және мақсаттарына қарай таңдалады. Егер бағдарлама клиентке түсінікті, ыңғайлы болып, компанияға пайдасын тигізсе, ол өз жемісін береді. Бағдарламаны дұрыс құрып, есепті ескерсеңіз, ағымдағы клиенттерді ұстап қана қоймай, жаңаларын да тартуға көмектеседі.