Бизнес жаңалықтары: 8–21 маусым

Қазақстан кәсіпкерлері үшін маңызды ақпарат

Бизнес жаңалықтары: 8–21 маусым

Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер 1,7 млн теңгеге дейін грант ала алады

Еңбек министрлігі жұмыссыздар мен кәсібін енді бастаған кәсіпкерлерге арналған бизнес-грант беру байқауын жариялады. Өтінімді ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар немесе тіркелгеніне бір жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер бере алады. Үміткерлер мүгедектігі бар тұлғалар, қандастар, көпбалалы отбасылар, ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алушылар және басқа да әлеуметтік санаттардың қатарында болуы керек.

Грант тегін және бір рет беріледі. Қатысушылар бизнес-жоспар арқылы іріктеледі. Бағалау кезінде бизнес-идеяның өміршеңдігі, қаржылай негіздемесі мен жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі ескеріледі.

Қатысу үшін міндетті талаптардың бірі — соңғы үш жыл ішінде алынған «Бастау Бизнес» сертификатының болуы.

Өтінімдер 2026 жылғы 24 маусым мен 8 шілде аралығында business.enbek.kz сайтында электронды түрде ЭЦҚ арқылы қабылданады. Бірінші кезеңде 3 764 грант беру жоспарланған (Ақтөбе және Қызылорда облыстарын қоспағанда).

Грант алуға өтінім беру тәртібі туралы толық ақпаратты мына сілтеме арқылы білуге болады.

Құжаттарды БКҚЖ жүйесінде тіркеу міндеттелді

2026 жылғы 1 маусымнан бастап салмағы 3,5 тоннадан асатын жүк көліктеріне арналған жол парақтары мен тауар-көлік жүкқұжаттарын Бірыңғай көлік құжаттарын басқару жүйесінде (БКҚЖ) тіркеу қажет. Бұл талап 2020 жылдан бері енгізілгенімен, осы уақытқа дейін ерікті түрде қолданылып келді. Енді толықтай міндетті.

Жүйенің тиімділігі:

  • қағаз құжаттардың орнына электрондық құжат айналымы қолданылады
  • құжаттарды кез келген уақытта онлайн қадағалауға болады
  • тасымалдаушылар мен мемлекеттік органдар үшін бірыңғай база қалыптасады

Құжат болмаған, жүйеде тіркелмеген немесе қате ақпарат көрсетілген жағдайда айыппұл салынады.