Кофехана қонақтарына да, табысына да пайдасы зор күзгі мәзір

Күзгі мәзір жеті себеппен тиімді

Кофехана қонақтарына да, табысына да пайдасы зор күзгі мәзір

Күз мезгіліне арнап жасалған мәзір қонақтарды қуантып қана қоймай, бизнеске де пайдасын тигізеді. Күзгі арнайы ұсыныстардың бизнеске тиімді жеті артықшылығына тоқтайық.

1. Мәзірді ауа райы мен клиент сұранысына бейімдеуге болады

Күн суыған кезде жұрт ойланбастан жылы сусындар мен қарын тойдыратын тағамдарға қарай бастайды. Мейрамхана иелерінің тәжірибесін алсақ, күзде адамдар қою көже, рагу сияқты ыстық тағамдарды ұнатады. Статистикаға қарасақ, суық мезгілде ыстық сусындар 30% көп сатылады. Демек, мәзірде лимонадтар мен салқын тіскебасарлардан басқа ештеңе болмаса, пайдадан айрылып қалуға да болады.

2. Клиенттерге жаңа сусындар мен маусым хиттері ұнайды

Кофехана қонақтары мәзірде сусын түрі көп болғанын жақсы көреді. Күздігүнгі ұсыныстар классикалық сусындарды ұнататын клиенттердің де назарын алады. Kerry компаниясының зерттеуіне қарасақ, тұтынушылардың 62%-ы жаңа мезгілдегі өнімінің дәмін татуға әдейі барады екен. Тіпті кәдімгі капучинодан басқа ештеңе алмайтын адам да әдемі дайындалған асқабақ латтесін бір рет болсын ішіп көргісі келеді. Жаңа ұсыныстардың дәмін татып, көңіл-күйін көтерген клиенттер кофеханаңыздан жақсы әсер алып, қайтадан келе бергісі келеді.

3. Көкөніс пен жеміс пісетін маусымда өнімдердің өзіндік құны төмендейді

Жеміс пісер маусымда азық-түлікті жергілікті сатушылардан сатып алсаңыз, біраз ақша үнемдей аласыз. Күзде жаңа піскен жеміс-жидек, көкөніс және дәмдеуіштер арзанырақ әрі дәмдірек болады. Асқабақ, алма, жидек, дәмдеуіш көктің түр-түрін күз мезгілінде дайындап алсаңыз, кейін оны сатып алуға және сақтауға кететін шығының бәрін қысқарта аласыз. Сонымен қатар, бұл өнімдерді күзгі арнайы тағам түрлеріне (сол күні ғана сатылатын көже, тәтті нан, сусын, т.б.) қосып дайындауға болады: сонда табыс мөлшерін тағам сапасына тимей арттыра аласыз.

4. Әдемілеп дайындаған тағамдарыңыз тегін жарнама көзіне айналады

Күзгі арнайы ұсыныстарды көз тартатындай етіп дайындаған жөн. Сусындарды әдемілеп безендірсеңіз, қонақтар фотосын Instagram-ға салып, достарына көрсеткісі келеді. Тағам жеткізу қолданбаларына да күзгі латтеңіздің әп-әдемі суретін салып қойсаңыз, адам оны сатып алғысы келеді. Мәзіріңіздегі күзгі эстетика бірден тегін маркетингке айналады: көркем суреттерді көрген адамдар кофеханаңызға келгісі келіп тұрады.

5. Асықтыратын маркетинг және шектелген ұсыныс әсері

Күзгі мәзір «мынаның дәмін татып үлгер» деп үндейді. Ондай тағамдарды сату мезгілі шектелетіндіктен, қонақтар эксклюзив ұсыныстарды алып үлгергісі келеді. Күзгі тағамдары бар тамақтану орындарында жалпы тапсырыс саны орта есеппен 26% өседі: мәзірдегі тағамдардың жаңа болғаны және оларды сату уақыты шектеулі болғаны жұртты күшті ынталандырады. Қонақтар күзгі хиттерді (асқабақ көжесі мен дәмдеуіш қосылған латте сияқты өнімдерді) қыс басталғанша сатып алуға асығады. Мұның арқасында табыс та көбейеді, жаңа клиент саны да өседі.

6. Трендтерге сүйену: денсаулыққа пайдалы, экологияға зияны жоқ жергілікті азық-түлік

Мәзірдегі тағамдар мен сусындарды жергілікті өнімдерден дайындай отырып, сіз заманауи трендтерден хабардар екеніңізді көрсетесіз. Басты тағамдарды елімізде өскен көкөніс пен жемістерден дайындағаныңыз — экологияға зиян келтірмеу қағидасын қолдаймыз дегеніңіз. Клиенттердің көбі күзгі тағамдарды пайдалы, табиғи, жаңа піскен көкөністерден дайындалған деп біледі — мұны маркетинг тұрғысынан кофеханаңыздың артықшылығы деп те ұсынуға болады. Мысалы, мәзіріңізге ауылда піскен сәбізден дайындалған бәліш немесе жақын маңдағы омарта балынан жасалған сбитень сусынын қоссаңыз, онда өнім сапасына көңіл бөледі, клиенттердің денсаулығын ойлайды деген атыңыз шығады

7. Кофехана ұжымы жаңарған ассортименттен шабыттанады

Мәзірді жыл мезгіліне сәйкес жаңартсаңыз, оған қонақтар ғана емес, командаңыз да біраз қуанып қалады. Аспаз да, бариста да күн сайын бірдей нәрселерді дайындағаннан жалығады, ал мәзірге күзгі рецептілерді қоссаңыз, жұмыскерлердің жұмысқа деген ынта-жігері де артады. Шабыттанған командаңыз қонақтарға жаңа мәзірдегі тағам-сусындарды ұсынуға асығып, қызмет көрсету сапасын жақсартады. Оған қоса, жаңа идеяларды шектеулі мерзім ішінде ұсына отырып, сіз жаңа рецептілерді тексере аласыз және күнделікті мәзірде қалатын тағамдар мен сусындарды анықтай аласыз.

 

Күзгі мәзірді артық әуре демей, керісінше, саудаңызды көтеретін, ақша үнемдейтін, көрші кофеханалардан ерекше болуға көмектесетін нәрсе деп көріңіз. Күздігіні ғана ішуге болатын сусындар қонақтардың көңілінен шығып, бизнеске жақсы жағады. Бұл кеңес әсіресе кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге пайдалы: трендерді уақытында байқап, жылдың әр мезгілін барынша пайдалануды үйретеді. Күннің суығында кофеханаңыздың қонақтарын ізгі ниет пен хош иісті латте жылытса, сізді көбейген пайда мен клиенттеріңіздің ілипаты жылытсын.