Демеуші табу

Әрі олармен серіктестік орнату тәртібі

Демеуші табу

Мақаланың мазмұны

  • Telegram-да талқылау

Демеушілік тек жарнама орналастырумен шектелмейді: бүгінде компаниялар іс-шаралардың аудиториясын және одан күтілетін нақты нәтижені алдын ала білгісі келеді. Big Event Group негізін қалаушы және Қазақстан кофе қауымдастығының төрағасы Айбек Аханов демеушілерді табу тәсілдері, оларға тиімді ұсыныстар жасау немесе серіктестіктен бас тартқан жөн болатын жағдайлар туралы айтып берді. Кәсіпкердің кофе саласында жүргеніне он жылға жуықтады. Оның жеті жыл бойы жеке кофеханасы болды. Кейін іс-шаралар ұйымдастырумен айналыса бастады. Қазіргі басты жобасы — халықаралық Astana Coffee Expo көрмесі. 2026 жылы бұл алаң 70-ке жуық компания мен 10 мыңға тарта келушінің басын қосты. Бұған дейін Астана мен Алматыда Qazaqstan Coffee Festival шарасын өткізген.

Демеуші, серіктес және экспонент арасындағы айырмашылық

Айбек оларды бір-бірінен нақты бөліп қарастырмайды. Әдетте демеуші қаржылай қолдап, есесіне компаниясын танытуға мүмкіндік алып, арнайы мәртебеге ие болады. Серіктестік бұдан кеңірек ұғым. Компания құрал-жабдықпен, өніммен, қызмет көрсетумен, ақпараттық қолдаумен көмектесе алады немесе іс-шара аясындағы белсенділіктерді ұйымдастыруға қатысады. Ал экспонент көрмедегі орын, яғни стенд үшін ақы төлеп, өнімін көпшілікке таныстырады. Бір компания әрі экспонент, әрі демеуші бола алады.

Демеуші тартудың алғашқы қадамдары

Алдымен жоба аудиториясына қызығушылығы бар компанияларды қарастырған жөн: осы бағыттағы іс-шараларға бұрыннан қатысатын, белсенді дамып келе жатқан немесе жаңа өнім ұсынып отырған компаниялар. Қатысушылардың көбі жеке таныс, басқалардың ұсынысы мен бұрынғы серіктестер арқылы табылады. Ең бастысы — компанияның бұл шараға қатысу мақсатын нақты айқындау.

Айбектің жобаларын көбіне кофе бизнесіне тікелей қатысты компаниялар қолдайды: құрал-жабдық, кофе, қоспалар мен қаптама өндіретін және жеткізетін компаниялар. Алайда басқа салалардың өкілдері де серіктес болады. Ұйымдастырушылар банктермен, IT-компаниялармен, ауызсу жеткізушілерімен жұмыс істеген.

Мен компанияның қызмет саласына ғана емес, біздің аудиторияға қаншалықты қызық екеніне де мән беремін. Банк үшін бизнесін дамытып жүрген кәсіпкерлер маңызды болса, технологиялық компания өнімдерін бизнес иелеріне таныстырғысы келеді

Келіссөз жүргізу тәртібі

Ірі демеушілермен, әсіресе банктер мен корпорациялармен байланысқа 6–9 ай бұрын, ал мүмкіндік болса, одан да ертерек шыққан дұрыс: олардың бюджеті алдын ала бөлінеді, ал құжаттар ішкі келісу рәсімдерінен өтеді. Шағын серіктестермен іс-шараға 2–3 ай қалғанда да келісуге болады. Ал іс-шараға бір ай қалғанда ауқымды серіктестік ұсыну тым кеш, дегенмен кейде шағын белсенділікпен немесе өніммен қолдау көрсету бағытында уағдаласып үлгеруге болады.

Алғашқы байланыс орнату

Серіктестік ұсыныстары мен бағалары көрсетілген көлемді презентацияны бірден жіберудің қажеті жоқ. Ұйымдастырушы өзін қысқаша таныстырып, алдағы іс-шара туралы мәлімет беріп, оның несімен қызықты болатынын түсіндіреді. Мысалы: «Біз Astana Coffee Expo кофе көрмесін ұйымдастырып жатырмыз. Аудиториямыз — кәсіпкерлер мен HoReCa саласының өкілдері. Бұл алаң брендіңіз үшін қызықты болады деп ойлаймын. Серіктестік туралы сөйлескім келеді». Компания қызығушылық танытса, нақты ұсыныстар мен шарттарды талқылауға болады.

Демеушілік түрлері

Әдетте іс-шараның бас серіктесі, ресми серіктесі және іскерлік бағдарлама, чемпионаттар мен шеберлік сабақтары сияқты жекелеген бөлімдерге қолдау көрсететін серіктестері болады. Бас серіктеске ерекше жарнамалық мүмкіндіктер ұсынылып, іс-шара алаңы мен ақпараттық науқандарда барынша көзге түсуге жағдай жасалады. Ал ресми серіктес алаңда белсенді көрінеді, бірақ оның мүмкіндіктері бас серіктеске қарағанда шектеулі.

Соған қарамастан Айбек тек біркелкі тізімді ұсынуға ұмтылмайды: шарттар көбіне демеуші компанияның нақты міндеттеріне қарай бейімделеді. Оның байқауынша, уақыт өте келе логотипті орналастырудың өзі жеткіліксіз бола бастаған. Сондықтан компанияға нақты мүмкіндіктер ұсынған әлдеқайда тиімді: жеке аймақ бөлу, өнімін таныстыру, бағдарламаға қатысу немесе нысаналы аудиториямен тікелей байланыс орнату.

Демеушілік қаражаттың мөлшері мен маңызы

Демеуші төлейтін сома оған ұсынылатын құралдарға, аудиторияның қызығушылығына әрі жобаның өзіндік шығынына қарай есептеледі. Барлық жағдайға белгілі ортақ баға жоқ, шарттар әдетте жеке тәртіппен талқыланады.

Бюджеттегі демеушілік қаражаттың үлесі іс-шара форматына қарай өзгереді. Қалалық фестиваль үшін бұл негізгі табыс көздерінің бірі болса, көрмедегі қаржының негізін қатысушылардың стенд үшін төлемдері құрайды. Дегенмен Айбектің пікірінше, іс-шараның бюджеті тек демеушілерге тәуелді болмауын бірден ескерген жөн.

Демеушіліктен бас тарту

Компаниялар көбіне бюджеті болмағандықтан (әсіресе ұсыныс кеш түскенде), серіктестіктен жеткілікті пайда көрмегендіктен, компания ішіндегі өзгерістерге немесе басқа міндеттерге басымдық бергендіктен бас тартады. Кейде компания қызығушылық танытқанымен, дәл қазір шешім қабылдауға дайын болмай шығады. Айбек мұндай жағдайларға сабырмен қарайды, бірақ себебін міндетті түрде анықтайды. Бұл келесі жылға анағұрлым қолайлы ұсыныс әзірлеуге көмектеседі.

Сәтті серіктестіктің белгілері

Әр демеушінің көздейтін мақсаты әртүрлі болады. Біреуге брендтің танымалдылығын арттыру маңызды болса, екіншісі әлеуетті клиенттермен тікелей байланыс орнатуды көздейді, ал үшіншісі жаңа өнімін таныстыруды немесе серіктестермен байланысты нығайтуды қалайды. Мысалы, жабдық жеткізушіге кофехана иелерімен кездесу маңызды, ал ірі тұтынушылық бренд үшін келушілермен қарым-қатынас жасауға қол жеткізу басты орында тұрады. Сондықтан келісімшартқа қол қоймас бұрын компанияның қандай нәтижені жақсы көрсеткіш деп санайтынын нақтылап алған жөн.

Команда жұмысында демеушілердің күткені мен нақты нәтиже арасында әзірге қайшылық туындамаған. Айбек мұны шарттардың алдын ала анықталып, нақты сенімділік болмаған жағдайда артық уәде берілмейтінімен түсіндіреді.

«Бұл қаражатқа қанша клиент тарта аламын?»

Ұйымдастырушылар клиенттердің нақты санын алдын ала болжау мүмкін емес екенін жасырмайды. Олар тек нысаналы аудиторияны жинап, алаң мен жарнамалық мүмкіндіктерді ұсынып, іскерлік байланыс орнатуға жағдай жасайды. Ал келушінің өнімді сатып алуы ұсыныстың өзіне, бағасына, компанияның жұмысына және басқа да жағдайларға байланысты. Егер серіктес белгілі бір сату көлеміне қол жеткізгісі келсе, нәтижені бағалау тәсілін бірлесіп ойластырған жөн.

Демеушіге қымбат ұсыныс жасау үшін ғана нақты қанша клиент келетінін айтып, уәде бермес едім

Нәтижелерді бағалау тәсілдері

Іс-шара аяқталғаннан кейін демеушіге нақты көрсеткіштер ұсынылады: келушілер, қатысушылар мен серіктес компаниялар саны, бағдарлама аясында өткен іс-шаралар тізімі. Қажет болса, серіктеске қатысты әлеуметтік желідегі белсенділік туралы қосымша мәлімет беріледі. Мысалы, жазбалардың қамту көрсеткіші, қаралым саны немесе бренд туралы айтылған жазбалар.

Серіктестің келесі іс-шараға қайта қатысуына түрлі жағдайлар әсер етеді. Жеке қарым-қатынас сенім қалыптастырады, сәтті нәтиже серіктестікті жалғастыруға негіз болады, ал есеп сол нәтижені нақты бағалауға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушының келісілген шарттарды орындап, серіктеске қолайлы жағдай жасауы да маңызды.

Ұйымдастырушылар жиі жіберетін қателер

  1. Демеушіні ақша шұғыл қажет болғанда ғана іздеу. Мұндай кезде ұйымдастырушы қаржы табу үшін кез келген шартқа келісіп, тіпті орындай алмайтын нәрсені де ұсынуы мүмкін.
  2. Компанияның мүддесін ескермей, бәріне бірдей ұсыныс тарату.
  3. Орындалмайтын уәделер беру. Әсіресе іс-шараның қамту ауқымы, келушілер саны мен сату көрсеткіштері туралы асыра айту.

Түйін: серіктестен тек қаржылай қолдау алып қоймай, барлық міндеттемені толық әрі сапалы орындау қажет.

Демеуші компаниялар жиі жіберетін қателер

Кейде компания іс-шараға қатысу ақысын төлеп, одан арғы әрекетін ойластырмайды: алаңда логотипін орнатып, әлеуметтік желілерде бір—екі жазба шығаруды жеткілікті деп санайды. Ал іс жүзінде команданы әкеліп, қызықты белсенділік ұйымдастырып, басқа серіктестермен кездесіп, өнімін кеңінен таныстыра алады.

Екінші қателік — іс-шараға қатысу мақсатын алдын ала айқындамау. Нақты мақсат болмаса, демеушіліктің қаншалықты тиімді болғанын бағалау қиын.

Сәтті серіктестік мысалдары

Компания тек жарнама орналастырып қана қоймай, іс-шараға тікелей атсалысқанда, серіктестік әлдеқайда қызықты әрі нәтижелі болады.

Биыл көрмеге Alatau City Bank қолдау көрсетті. Банкпен серіктестік тек жарнамамен шектелген жоқ: көрме алаңында арнайы шаралар ұйымдастырылып, банк өкілі сөз сөйледі.

Тағы бір жақсы мысал — Poster компаниясы. Ол Қазақстандағы кофе қуыратын кәсіпорындар нарығын екінші жыл қатарынан зерттеп келеді. Ұйымдастырушылар бұл зерттеуге қолдау көрсетті, ал оның нәтижелері көрме барысында көпшілікке таныстырылды.

Visit Astana-мен де тиімді серіктестік болды. Көрмеге еліміздің басқа өңірлерінен және шетелден қатысушылар мен қонақтар келді. Бұл қала үшін іскерлік және оқиғалық туризмді дамытуға тамаша мүмкіндік берді.

Әр тараптың өз мақсат-міндеттері болғанымен, мұндай серіктестік екі жаққа да бірдей тиімді болды.

Сарапшы кеңестері

Демеуші болуды алғаш рет қарастырып жүрген компанияларға:

  • алдымен демеушіліктің мақсаты мен одан күтетін нәтижені айқындаңыз
  • іс-шараны танымалдығына немесе келушілер санына емес, нысаналы аудиториясына қарай таңдаңыз
  • демеушіліктің өзі автоматты түрде жақсы нәтижеге кепілдік бермейтінін ескеріңіз: көп нәрсе компанияның белсенділігіне байланысты
  • іс-шараға қалай атсалысатыныңызды алдын ала ойластырыңыз — сапалы дайындық болса, шағын серіктестіктің өзі айтарлықтай пайда әкеледі

Алғашқы демеушісін іздеп жүрген ұйымдастырушыға:

  • бастапқыда іс-шараның аудиториясына сай келетін шағын компаниялармен серіктес болуға тырысыңыз
  • бірден ірі брендті немесе бас демеушіні тартуға ұмтылмаңыз: одан гөрі бір компаниямен нақты әрі пайдалы белсенділік ұйымдастырған тиімді
  • демеуші қатысу жолдарын өзі ойлап табады деп күтпеңіз: ұйымдастырушы өз іс-шарасы мен аудиториясын жақсы біліп, компанияға нақты идея ұсынуы керек
  • бюджетті толығымен демеушілік қаражатқа сүйеніп құрмаңыз: келісімшарт жасалып, төлем түспейінше, бұл қаржыға сенім артуға болмайды