Ресейден төлем қабылдау жолдары

Бүгінде жеке кәсіпкерлер Ресейден түскен төлемді қалай қабылдай алады?
«Точный учет» бухгалтерлік агенттігінің мамандарына жауап дайындағаны үшін алғыс білдіреміз.
Қазақстан кәсіпкерлері үшін Ресейден түскен төлемдерді қабылаудың бірнеше жолы бар:
- Санкцияға ілінбеген банктер арқылы банк аударымдарын жасау
Ресей мен Қазақстанның кейбір банктері халықаралық аударымдарды жүзеге асырып жатыр. Ресейдің санкцияға ілінбеген банктері (мысалы, Райффайзенбанк) Қазақстанға рубль мен теңгедегі аударымдар қызметін ұсынады. Қазақстандық банктер де, мысалы, Alatau City Bank Ресейге ақша жіберіп, төлем қабылдай алады. Өзекті шарттарды, комиссия мөлшерлерін және корреспондент банктердің тізімін банктің өзінен анықтап алған дұрыс, себебі жағдай өзгеріп тұрады. Сондай-ақ валюталық бақылау үшін шарт, инвойс сияқты растайтын құжаттар ұсыну қажет болатынын ұмытпаңыз.
- Делдал-сервистер арқылы
Фрилансерлер мен қызмет көрсететін ЖК-лар үшін трансшекаралық төлемдерді жеңілдететін делдал сервистері бар. Мысалы, EasyStaff пен SolarStaff сервистері. Бұнда ЖК — орындаушы ретінде, ал клиент тапсырыс беруші ретінде тіркеледі. Тапсырыс беруші тапсырыс жасап, ақшаны сервиске аударады, ал ЖК қаражатты өз банк шотына шығарып алады. Бұл шағын әрі тұрақты төлемдер үшін ыңғайлы тәсіл болуы мүмкін. Кейбір компаниялар бизнеске арналған халықаралық төлемдерді кешенді түрде ұйымдастырады, мысалы, MoneyPort сервисі. Олар төлем шарттары мен комиссияларды есептеп, төлем құжаттарын ұсынуға көмектеседі.
- Ресей банкінде шот ашу
Теория жүзінде Қазақстанда ашылған ЖК Ресей банкінен шот аша алады. Бірақ бұл үшін Ресейде салық есебіне тұрып, ресейлік мамандардың көмегін қажет ететін бірқатар заңды құжаттар ұсыну қажет. Бұл тәсіл күрделі және қосымша салық міндеттемелерін тудырады (алайда растайтын құжаттар болған жағдайда, Ресейде төленген салықтар Қазақстанда да есепке алынуы мүмкін).
Төлем жасамас бұрын не төлемді күтпес бұрын, Қазақстандағы банкіңізден міндетті түрде кеңес алыңыз. Олар қолжетімді әдістер, комиссиялар және талаптар туралы ең өзекті ақпаратты бере алады. Егер операциялар тұрақты түрде немесе ірі сомалармен жүргізілетін болса, не болмаса төлем барысында валюталық бақылауға байланысты сұрақтар туындаса, халықаралық есеп айырысуға маманданған заңгерлерге немесе бухгалтерлерге жүгінген жөн.
Халықаралық төлемдерге қатысты жағдай үнемі өзгеріп тұрады, сондықтан ең өзекті ақпаратты тікелей қаржы ұйымдарынан алған маңызды.