Су қоймасын жалға алу: кәсіпкерлерге пайдалы ақпарат

Су қоймасын жалға алу: кәсіпкерлерге пайдалы ақпарат

Балық ұстайтын су қоймасын жалға алу туралы толық ақпарат алғым келеді.

Балық ұстайтын су қоймасын жалға алу тәртібін Қазақстан ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығы белгілейді. Құжатта конкурс шарттары және қатысушыларға қойылатын талаптар жазылған.

Конкурсқа кім қатыса алады

Су қоймасын Қазақстанда белгіленген тәртіппен тіркелген жеке және заңды тұлғалар жалға ала алады.

Қатысу шарттары

Жалға берілетін су қоймалары туралы ақпарат Мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталына жарияланады. Өтінімді сол порталда ЭЦҚ көмегімен онлайн беруге болады. Су қоймасын жалға алуға бір-ақ адам өтінім берсе, оны конкурстан өтпей ала береді. Ал бірнеше өтінім түскен жағдайда қатысушылар екі кезеңнен тұратын аукционға қатысып, ең жоғары баға ұсынған адам жеңеді.

Қатысу жарнасы мен жалға алу ақысы

Конкурсқа қатысу үшін 100 АЕК мөлшерінде кепіл жарнасын төлеу керек. Бастапқы жалға алу ақысы мына формула бойынша есептеледі: аудан коэффициентін 10 АЕК-ке тең сомаға көбейтеміз. Шағын су қоймасының (ауданы 100 гектардан аспаса) коэффициенті бірге тең. Ірі су қоймасының (100 гектар немесе одан үлкен) коэффициенті үшке тең, яғни бастапқы ақысы жоғары болады.

Жалға алу мерзімі

Су қоймасы балық шаруашылығын жүргізуге 10 жылдан 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беріледі.

Құжат қабылдайтын ұйымдар

Су қоймасын жалға беру туралы шешімді Балық шаруашылығы комитетінің аумақтық бөлімшелері қабылдайды. Конкурс қорытындысы шыққаннан кейін жеңімпазбен жалдау шарты жасалады.

Іске сәт!