Тауарды ҰТК-да тіркеу тәртібі
Жеке кабинет арқылы веб-өтінім беру

Мақаланың мазмұны
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда Ұлттық тауар каталогын (ҰТК) жүргізу ережелері күшіне енді. Бұл — сауда саласы үшін тауар туралы бірыңғай әрі міндетті дерекқор. Тауарды каталогқа тіркеудің бірнеше тәсілі бар. Осы мақалада жеке кабинет арқылы веб-өтінім жіберу барысын түсіндіреміз.
ҰТК жүйесі және оның негізгі қызметі
Бұрын тауар атауы өндірішуден дүкен сөресіне жеткенше бірнеше рет өзгеріп отыратын. Бұл құжат айналымында қайталану тудырып, тауар бақылауды қиындататын.
Ұлттық тауар каталогы — мемлекеттік электронды анықтамалық. Мұнда әр тауардың бірегей коды (NTIN) мен жеке карточкасы бар. Осы деректер арқылы тауар қай кезеңде болсын — жеткізу құжаттарын рәсімдеуде, кассада немесе кеденде — шатаспай дәл анықталады.
Порталда тіркелу
- Сайтта «Тіркелу» батырмасын басыңыз.
- Міндетті өрістерді толтырыңыз:
- ЖСН немесе БСН (ЖСН/БСН жоқ бейрезиденттер үшін — тіркелген еліндегі салықтық тіркеу нөмірі немесе оның баламасы)
- ұйымның атауы
- пайдаланушының аты-жөні
- e-mail — міндетті түрде қолданыстағы электрондық пошта болуға тиіс, оған растау коды келеді
- байланыс телефоны
- субъект түрі: заңды тұлға, жеке тұлға немесе ЖК
- құпиясөз (кемінде 8 таңба) және оны қайта енгізу
- жүйені пайдалану шарттарымен келісу
- «Растау кодын жіберу» батырмасын басыңыз — көрсетілген поштаға сандық код келеді.
- Кодты енгізіп, «Растау» батырмасын басыңыз.
- Тіркелу сәтті аяқталғаны туралы хабарлама шыққан соң, «Кіру» батырмасын басыңыз — ашылған кіру бетінде e-mail мен құпиясөзді енгізіп, жүйеге кіре аласыз.
Шетел өндірушілері жүйеге тікелей тіркеле алмайды. Олардың атынан тіркеу рәсімін нотариус куәландырған сенімхат негізінде қазақстандық жеке немесе заңды тұлғалар жүргізе алады.
Тауарды ҰТК-ға тіркеуге өтінім беру
Каталогта тек бұрын тіркелмеген, яғни дерегі жоқ тауар тіркеуге жатады. Жеке кабинетте «Менің өтінімдерім (өтініштерім)» бөліміне өтіп, «Жасау» батырмасын басыңыз.
1-қадам. Тауар санатын анықтаңыз
ҰТК-да тауар ТЖКЖС, яғни тауардың, жасалған жұмыстың және көрсетілген қызметтің жалпы жіктеуішінің кодтары бойынша реттелген. Тауарды тіркеу кезінде осы құрылымдағы орнын анықтау қажет.
Санат бойынша іздеу өрісіне түйінді сөзді енгізіңіз. Мысалы, «Сүт» деп жазсаңыз, «Пастерленген ішетін сүт», «Ультрапастерленген ішетін сүт» сияқты нұсқалар пайда болады. Қажеттісін таңдаңыз, жүйе ТЖКЖС жіктеуішінің барлық 4 деңгейін автоматты түрде толтырады.
ТЖКЖС-ның әр деңгейін мына ретпен өз бетіңізше жеке-жеке таңдасаңыз болады:
- 1-деңгей — Санат
- 2-деңгей — Топ
- 3-деңгей — Класс
- 4-деңгей — Түр
Егер лайық ТЖКЖС коды болмаса, «ТЖКЖС жоқ» нұсқасын таңдаңыз.
2-қадам. Тауар туралы негізгі мәліметтерді толтырыңыз
ТЖКЖС жіктеуіші бойынша тауар санаты таңдалғаннан кейін, ол туралы мәліметтерді толтыруға арналған негізгі өрістер (атрибуттар) пайда болады.
Егер «Мемлекеттік сатып алу» параметрін қоссаңыз, қосымша өрістер пайда болады. Толтырылуға тиіс атрибуттар ТЖКЖС жіктеуіші бойынша таңдалған санатқа байланысты өзгереді.
3-қадам. Өтінім модерациясы
Өтінімдегі қажет өрістерді толтырған соң мынадай нұсқалар қолжетімді болады:
- сақтау — өтінімнің нобайын және тауар туралы енгізілген мәліметтерді «Менің өтінімдерім (өтініштерім)» бөлімінде сақтайды
- жою — тауар карточкасын тіркеу туралы өтінімді жояды
- модерацияға жіберу — карточканы тіркеу өтінімі «Модерацияда» күйіне ауысады
Өтінімді модератор қарастыра бастамағанша кез келген уақытта кері қайтарып, өңдеуге болады (өтінім мәзіріндегі «Кері қайтару» арқылы). Өтінімді «Жұмысқа қабылданды» күйіне ауысқаннан кейін өзгерту мүмкін болмайды. Оның күйін «Менің өтінімдерім (өтініштерім)» бөлімінде бақылап отыруға болады.
Модерацияның жұмыс барысы
Өтінімді модерациялау кезінде ҰТК маманы мыналарды тексереді:
- толтырылған атрибуттардың ҚР және ЕАЭО мемлекеттік ақпараттық жүйелеріндегі дерекке және тауар фотосуретіне сәйкестігін
- тауар туралы мәліметтердің нақтылығын
- карточканың қайталанбауын
- ҰТК ережелері мен стандарттарына сәйкестігін
- жүктелетін суреттердің сапасын
- сипаттамада дәйексіз немесе жосықсыз тұжырымдардың жоқтығын
Модерация мерзімі тауар туралы мәліметтердің көлеміне байланысты: қарапайым өтінім 3 жұмыс күніне дейін, ал «Мемлекеттік сатып алу» белгісі бар өтінім 10 жұмыс күніне дейін қарастырылады.
Модерациядан кейінгі өтінім күйлері:
- «Жариялауға дайын» — мәліметтер тексеруден қатесіз өтті. Егер автожариялау қосылмаған болса, «Жариялау» батырмасын басыңыз. Осыдан кейін карточкаға NTIN тағайындалып, ол ҰТК-да барлық пайдаланушыға қолжетімді болады әрі мемлекеттік дерекқорға жіберіледі.
- «Түзету қажет» — модератор тарапынан ескерулер бар. Мәліметтерді түзетіп, өтінімді модерацияға қайта жіберу керек.
- «Қабылданбады» — мұндай тауар каталогта бұрын тіркелген.
Карточканың жарияланғанын «Тауарға сілтеме» батырмасы арқылы тексеруге болады.