Зумерлермен жұмыс істеу: Қазақстан бизнесінің жаңа буын туралы түйгені
Retail, маркетинг және білім беру саласындағы жұмыс берушілердің үш түрлі пікірі

Еңбек нарығындағы зумерлер жайлы пікірталас көптеген бизнес-трендтерден асып түсті. Кейбір жұмыс берушілер оларды қиын деп санаса, басқалары, керісінше, мықты қызметкер ретінде бағалайды. Біз қалыптасқан таптаурын түсініктерден арылу үшін үш түрлі сала — бөлшек сауда, маркетинг және білім беру саласы басшыларының тәжірибесін жинақтадық.
1-кейс. Бөлшек сауда
HUSL және ZERO брендтерінің негізін қалаушы, кәсіпкер Исламбек Шариповтың айтуынша, зумерлердің жұмысқа деген көзқарасы миллениалдардан айтарлықтай ерекшеленеді. Аға буын өкілдері қатаң жұмыс кестесіне, қосымша жұмысқа және жоғары жүктемеге анағұрлым төзімді келеді. Ал жас мамандар өз міндеттерінің қай жерде аяқталатынын, уақытының құнын және өздеріне қолайлы жағдайларды нақты біледі.

«Бизнес үшін бұл басқарудың үйреншікті моделін өзгертеді. Егер миллениалдарды қатаң бақылау мен марапаттау арқылы ынталандырсақ, зумерлерге басқа тәсіл керек: оларға құрмет көрсету, процестердің ашықтығы және жайлы жұмыс ортасы маңызды. Жас қызметкерлер еңбекақыдан бөлек ортақ идеяның бөлшегі болғысы келеді. Компанияның мақсаты мен істеп жүрген жұмысының мәні айқын болса, олар жұмысқа жоғары ынтамен кіріседі».
Кәсіпкер Z буынының мықты тұстарын да атап өтті. Зумерлердің дүниетанымы кең, жағдайды түрлі қырынан талдай алады және әлеуетін тиімді пайдаланады.
«Жас мамандар бәрін өз иығына артқаннан гөрі, арнайы құрал мен сарапшылардың көмегімен мәселені жылдам шешуді жөн көреді».
2-кейс. Маркетинг және digital
Екінші спикер — Ардак Каирбаев, маркетинг саласының маманы және кәсіпкер. Ол жиһаз, музыка және сұлулық саласы мен 2GIS сияқты түрлі бағыттарда жобаларды басқарып келеді. Бұдан бөлек жеке маркетинг агенттігінің негізін қалаушы.
Оның тәжірибесінде зумерлер көбіне дизайнер, таргетолог, копирайтер, SMM-маман, мобилограф және маркетолог болып қызмет атқарған. Ол маңызды бір ерекшелікті атап өтті: зумерлер жұмысқа келгенде өте мықты қызметкерлер.

«Тапсырма нақты қойылып, мерзімі белгіленіп, күтілетін нәтиже түсінікті болса, жұмыс тез әрі сапалы орындалады. Ал егер жағдайды өз бетімен түсіну, бастама көтеру немесе компаниядағы жүйесіздікті реттеу қажет болса, қиындықтар туындайды. Миллениалдар көбіне артық жауапкершілікті өз мойнына алып, басқалардың жұмысын аяқтап, ресми міндеттерінен тыс істерге де араласа береді. Зумерлер болса, әдетте келісім аясында ғана жұмыс істейді. Z буыны жұмысты компанияға өмір бойы қарыз болу емес, серіктестік ретінде қабылдайды».
Бұдан бөлек жас буын жаңа құралдарды тез арада меңгереді:
- AI-сервистер
- жаңа цифрлық платформалар
- контенттегі трендтер
- digital-шешімдер
- болжамдарды жылдам сынап көру
3-кейс. Білім беру саласы
Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің (IITU) Маркетинг және имидж саясаты департаментінің директоры Ернар Озибеков зумерлер мен миллениалдардан құралған аралас ұжымды басқарады.

Оның айтуынша, жас мамандармен тиімді жұмыс істеу қатаң бақылауға емес, дұрыс адами қарым-қатынасқа негізделген:
- күнделікті ұсақ мәселелерді шешуде еркіндік беру
- жайлы атмосфера қалыптастыру
- тіпті кішігірім жетістіктері үшін де үнемі мақтап отыру
- команда ішінде еркін қарым-қатынасқа орын қалдыру
Ернардың пікірінше, жас қызметкерлер жұмыстың мәніне ерекше мән береді. Зумер үшін мына нәрселерді түсіну маңызды:
- тапсырма не үшін қойылды
- ол қандай мәселені шешеді
- нәтижесінде не өзгереді
«Егер бұрын қызметкер берілген тапсырманы жай ғана орындай салса, қазіргі жаңа буын оның мән-жайын түсінгісі келеді. Тағы бір ерекшелік — эмоцияны жасырмай, ашық көрсету. Олар шаршағанын, келіспейтінін, жүктеме ауыр екенін немесе шешімдердің қисыны түсініксіз екенін жасырмай айтады. Меніңше, бұл коммуникацияның анағұрлым шынайы моделі».
Оның тәжірибесінде мынадай қызық жағдай болған: қызметкер маркетинг саласына келіп, біраз уақыттан кейін мүлдем басқа мамандықты, мысалы, наубайшы болуды қалайтынын түсініп, бағытын еркін өзгерте салған.
Бизнес үшін түйін
Үш басшының тәжірибесі мәселе көбіне жаңа буында емес, ескірген басқару әдістерінде екенін көрсетеді.
- Нақты тапсырмалар беру. Жауапкершілік аймағы, мерзім, нәтиже және коммуникация ережелері түсінікті компаниялар әлдеқайда тиімді жұмыс істейді.
- Жұмыстың мән-мағынасын түсіндіріңіз. Жас қызметкерлер үшін жұмыстың не үшін қажет екенін және олардың еңбегі ортақ нәтижеге қалай әсер ететінін түсіну өте маңызды.
- Сапалы кері байланыс құрыңыз. Қатаң басқару тиімсіз болып барады. Оның орнына нақтылық, өзара құрмет және тұрақты кері байланыс беру әдісі жақсы нәтиже береді.
- Қызметкер бәріне шыдайды деп күтпеңіз. Егер өсу мүмкіндігі, жұмыстың мәні немесе лайықты жағдай болмаса, жас қызметкерлер жұмыстан оңай кетеді. Бұл бизнес үшін ішкі процестерді қайта қарау қажет екенін көрсетеді.