15 шаршы метр орын 13 бөлімшеге кеңейді: бизнесімді франшизаға айналдырдым

Үлкен желінің пайда болуына бір-ақ құрылғы себеп болды

15 шаршы метр орын 13 бөлімшеге кеңейді: бизнесімді франшизаға айналдырдым

Зарина Гусман — BodyPro студия желісінің негізін қалаушы. Қазір оның кәсібі Қазақстанның түрлі қалаларына жайылып, франшиза арқылы дамып келеді. Ол бизнесін қалай бастады? Серіктестерімен нені бөліседі? Жылдар өте келе жұмысынан қандай сабақ алды? Кәсіпкер мұны әңгімелеп берді. Қостанайдағы аядай ғана кабинеттен басталған BodyPro ауқымды жобаға айналған оқиғаға ұласты.

Бәрі былай басталды

BodyPro менің алғашқы кәсібім емес. Бұған дейін қыздарға арналған балет мектебі желісін құрдым. Сол бизнесім мені ана болған сәтте құтқарып қалды.

Мен кеш босандым. Дәрігерлер «жасыңыз үлкен, өз қалпыңызға келе алмайсыз» дейтін. Кесар тілігінен кейін ішім салбырап қалды. Спортпен айналысуға тыйым салынды. Ал қатаң диетаға отыруға болмады. Себебі сәбиге сүт жетпей қалуы мүмкін болатын. Ал мен баламды өзім емізгім келді.

Сол сәтте мәселені шешудің басқа жолын іздей бастадым. Сөйтіп, LPG-массажға тап болдым. Мәскеуге барып, құрылғы сатып алдым. Қостанайдан шағын кабинет жалдадым. Оның аумағы бар болғаны 15 шаршы метр еді. Ішінде бір кушетка мен бір құрылғы ғана. Ол кезде жұрт LPG деген не екенін білмейтін. Қызметкер табу мүмкін емес еді. Сол себепті анамды шақырдым. Оның медициналық білімі бар. Оған бәрін өзім үйреттім. Сіңілім лазерлік эпиляция жасау бойынша көмектесті.

Өзім де 10 процедурадан тұратын курсқа қатыстым. Денем өзгеріп, арықтай бастады. Мұның бәрін Instagram желісінде көрсетіп отырдым. Курсқа қайта жазылғым келгенде, бос орын болған жоқ. Адамдар ұзын-сонар кезекте тұрды. Сол сәтте мен бұл әдістің тиімді екенін түсіндім.

Алғашқы қадам және бизнесті кеңейту

Араға үш ай салып екінші кабинетімді аштым. Ол жерде прессотерапия қызметі қосылды. Сондай-ақ тіс ағартатын құрылғы орнаттық. Кейін Павлодарда, артынша Қарағандыда, сосын Астанада да ашылдық.

Мен бұл қалалардың арасында жүрдім. Жолда сүтімді сүзіп алатынмын. Әрі іссапарды екі күннен асырмауға тырыстым. Кейін елордаға көшу қажет екенін түсіндім. Астанада аумағы 40 шаршы метр студия аштым. Кейін оны клиенті көп жерге жақынырақ көшірдім. Мұның бәрін мен бизнесті үлкейту үшін емес, отбасымды асырау үшін істедім.

Клиенттер «Біздің қалада да BodyPro ашыла ма?», — деп сұрай бастады. Сөйтіп мен өңірлердегі студияларға көз жүгірттім. Әрі біз жасаған нәрсенің өзгелердікінен ерекшеленетінін түсіндім. Біздің өз әдістемеміз мен стандарттарымыз бар. Осылайша Павлодарда үшінші студия ашылды.

Қазір BodyPro-ның 13 бөлімшесі бар. Олар Астана, Алматы, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Рудный, Екібастұз және басқа қалаларда.

Франшиза идеясы қалай пайда болды?

Франшизаға көшуіме әбден шаршағаным түрткі болды. 2023 жылға дейін студиялардың бәрін өзім аштым. Бір сәтте жалғыз өзім бәрін үлгере алмайтынымды түсіндім. Ұлымды мүлдем көрмейтін болдым. Сол кезде өз-өзіме: «Егер бәріне өзім жауапты бола берсем, бұл жолда күйіп кетемін», — дедім.

Біз тауар белгісін тіркеп, стандарттар кітабын жазып, құжаттарды дайындадық. Толыққанды франчайзинг келісімшартын жасадық. Маған серіктестердің тек франшизаның атауы мен логотиптін сатып алуы емес, дайын жүйе алуы маңызды болды. Яғни, прайстан бастап сату скриптеріне дейін, тіпті сүлгінің формасы мен қабырғаның түсіне дейін жазу керек болды.

Бұл ойымды Іскер әйелдер қауымдастығының кездесуінде айттым. Тура бір аптадан кейін маған «Франшиза сатып алғымыз келеді», — деп, Павлодардан біреу қоңырау шалды. Сөйтіп «Міне, дайын студиям бар, франшизаға ала беріңіздер. Бизнес жұмыс істеп тұр, жөндеу қажет емес, тек төлеп тұрасыздар», — деп жауап бердім.

Мұндай тәжірибе 2019 жылы да басымнан өткен. Рудныйда бір қыз жұмыстан жалығып, бәрін тастаймын деген шешім қабылдады. Машинасын сатып, BodyPro студиясын ашты. Оны бар-жоғы 15 шаршы метр шағын кабинеттен бастады. Уақыт өте келе клиент саны артып, студиясы кеңейді. Жаңа қызметтер қосыла бастады. Ал қазір сол шағын кабинет 100 шаршы метр орталыққа айналған. Осы уақыт ішінде ол пәтер, көлік сатып алды. Бұл маған нағыз үлгі, яғни нөлден бастап, жоғары деңгейге көтерілуге әбден болады.

Қарағандыдағы студияны серіктестерге тапсырдық. Алматыдағы бөлімше франшиза бойынша ашылды. Қазір жалпы сегіз франчайзинг студиямыз бар. Бұған қоса бірнеше қаладан студия ашу туралы келіссөз жүріп жатыр. 

BodyPro франшизасын ашу құны қандай және ол қанша уақытта ақталады?

BodyPro франшизасының құны — 30 миллион теңге. Бұл сомаға мыналар кіреді:

  • құрал-жабдық
  • CRM жүйесі
  • оқыту
  • бренд-бук
  • стандарттар кітабы
  • маркетинг пакеті

Қосымша: өңірлерде жөндеу жұмыстары мен жиһазға шамамен тағы 10 миллион теңге жұмсалады. Сонда жалпы 40 миллион теңгедей қаражат қажет.

Жобаны іске асыру мерзімі — 2 ай

Жұмсалған қаражатты ақтау мерзімі — 9–12 ай

Табыс деңгейі — 35–40%

2022–2023 жылдары бұл көрсеткіш шамамен 50% болды. Бірақ инфляция, жалға алу бағасының өсуі мен жалақы мөлшері табыс деңгейін төмендетті. 2024 жылы біз стагнация кезеңінен өттік, яғни шығын көбейді, бірақ табыс өскен жоқ. Сол кезде мен жаңа концепция керек деген ойға келдім.

Біз дене мен бетке арналған диагностика, дәрігер кеңесі, анализдер сияқты қызметтерді қостық. Бұл бізге жаңа серпін берді.

Бәсеке өте жоғары. Тек Астананың өзінде жүздеген студия бар. Кабинет ашу оңай, бірақ оны әрі қарай қалыптастыру және жүйелеу оңай шаруа емес. Көбі кәсібін 2019–2023 жылдардағы «алтын кезеңде» ашып, салық жеңілдігінің арқасында жұмыс істеді. Ал енді бәрі жабылып жатыр. Бізге күнделікті біреудің студиясын сатып алу туралы ұсыныс түседі.

Біздің құпиямыз мындай: клиенттер бізге қайта оралады. BodyPro — бір реттік қызмет емес, өмір салтының бөлігі. Спорт немесе дұрыс тамақтану сияқты. Клиенттер бізге қайта-қайта оралады.

Роялти, маркетинг және серіктеске ұсынылатын жиынтық

Серіктестер бір-ақ тұрақты төлем, яғни роялти төлейді. Бірақ менде мұнда да бір ерекшелік бар: кейбір серіктестер роялти төлемейді. Мысалы, Рудный немесе Екібастұз сияқты моноқалалардағы серіктестер тек бастапқы жарнаны ғана төлейді. Олардан роялти алудан бас тарттым. Бұл өңірлерді қолдау мақсатындағы менің жеке бастамам.

Сонымен қатар бізде республика аумағында бір SMM-команда жұмыс істейді. Оның құрамына мобилографтар, копирайтерлер, таргетологтар кіреді. Франшиза сатып алған серіктестерге фотосессия жасауға немесе контент ойлап табуға миллиондаған ақша жұмсаудың қажеті жоқ. Бәрі алдын ала жасалып, оларға дайын түрде беріледі.

Бірақ BodyPro — сатып алған франшизаны бақылаусыз қалдыруға болатын жоба емес. Бұл — серіктестік.

Серіктестер не алады:

  • Оқыту. Бізде бейнематериалдар мен тестілер жинақталған онлайн-платформа бар. Әр аптаның бейсенбі күні сабақ өтеді. Жылына бір рет барлық серіктестер мен қызметкерлерді Астана немесе Алматыда жинаймыз. Сонымен қатар әкімшілер мен қызметкерлерге арналған тәулік бойы жұмыс істейтін чаттар бар.
  • Маркетинг. Орталықтандырылған маркетинг жүйесі бар: бір SMM-команда бүкіл желіге жұмыс істейді. Оның құрамына мобилографтар, SMM-мамандар, копирайтерлер кіреді. Серіктестерге фотосессия немесе контентке ақша шығындаудың қажеті жоқ. Бұл жұмыстың барлығын біз атқарамыз.
  • Стандарттар мен бренд. Бізде стандарттар кітабы мен брендбук бар. Оларда интерьер қандай болуы керек, қандай логотиптер, мерч, әріптер қолданылатыны — бәрі нақты жазылған.
  • Құрал-жабдық. Құрылғылар біздің логотиппен брендтеледі. Оларды арнайы тапсырыспен жасатамыз. Оған кепілдік те береміз. Техникалық қызмет те көрсетіледі. Бәрі ресми түрде жүзеге асады.
  • Құқықты қорғау. Бізде заңды түрде тіркелген тауар белгісі бар. Ұжымда заңгер бар. Ол мәмілелер мен келісімшарттар бойынша көмектеседі. Франшиза келісімшарты — заңды түрде ресімделетін құжат.

Серіктестерді іріктеу шарттары

Маған франшиза неке сияқты көрінеді. Оны кез-келген адамға сата салуға болады. Бірақ кейін олармен бірге «өмір сүруге», күнде қасында болып, мәселелерді бірге шешуге тура келеді. Сондықтан BodyPro-ға серіктес болғысы келетін адамға өте мұқият қараймын.

Біріншіден, адамның кәсіпте аз да болса тәжірибесі болуы керек. Ол бюджет, несие деген не екенін білу керек. Қызметкерлері мен клиенттері алдындағы жауапкершілікті сезуі тиіс.

Екіншіден, серіктестің абыройы өте маңызды. Қазақстан — шағын ел. Белсенді халық саны 6 миллион. Бәрі бір-бірін біледі. Егер адам бұрын біреуді алдаған, жобалардан шығып кеткен, уәдесінде тұрмаған болса, бұл маған жаман белгі.

Үшіншіден, серіктестер жүйеге сүйеніп жұмыс істеуге дайын болуы керек. Бізде нақты стандарттар, скрипттер, ережелер кітабы бар. Яғни, ештеңені өз қалауынша істей алмайды. Брендтің мықтылығы — бірлікте.

Айтпақшы, бьюти саласында тәжірибелі болғаны міндетті емес. Ең бастысы — ниет, тәртіп және оқуға деген ынта. Технологиядан бастап, клиентпен жұмыс істеуге дейінгі барлық мағлұматты өзіміз береміз.

Бұл неліктен тиімді?

Біртұтас бренд пен сервис: клиент қай қалада болса да, қызметті бірдей сапада алады.

Толық қолдау: жөндеу жұмыстары мен маркетингтен бастап, қызметкер таңдауға дейін көмектесеміз

Оқыту жүйесі: әр қызметкер стандартқа бағынады және бақыланады

Жұмсалған қаражатты тез арада ақтау: бизнес маржиналды, қызметтерге сұраныс жоғары

BodyPro франшизасы — бұл цифрлардың жиыны емес. Бұл — серіктестік, сенім және ортақ құндылықтар.

 

Әр кәсіпкердің кейде қолын бір сілтеп, кетіп қалғысы келетін кездері болады. Сол кезде өзіңізге «Қызығушылығымның жоғалуына не себеп?» деген сұрақ қойыңыз. Маған бұл жұмыскер табу мәселесі болды. Үздіксіз қызметкер іздеп, жұмысқа алу. Ақыры мен бұл мәселені де шештім. Команданың ішінен басқарушы дайындадым. Ол қызметкерлерді іріктеу жұмысы мен операциялық шаруаны қолға алды. Ал мен жеңілдем қалдым. Сондықтан берер кеңесім: бизнесті жабуға да, сатуға да асықпаңыз. Алдымен мотивацияңыздың төмендеу себебін табыңыз да, соны түзетіңіз. Және өзіңізге «Мен өз бизнесіме клиентпін бе?» — деген сұрақ қойыңыз. Егер иә десеңіз, бұл саладан кету қажеті жоғалады.