Қоғамдық тамақтану орнына оңтайлы жеткізу сервисін таңдау
Wolt, Glovo және Яндекс Еда жүйелерінің айырмашылықтары

Мақаланың мазмұны
Қазақстанда жеткізу қызметін ұсынатын, әртүрлі шартпен жұмыс істейтін бірнеше сервис бар. Олардың ішінен лайығын таңдау кезінде тамақтану орнының ерекшелігі мен тапсырыс көлемін ескерген жөн.
Тапсырыстан ұсталатын комиссия
Тамақтану орны әр тапсырыс үшін төлейтін комиссия мөлшері жайлы сервис менеджерімен жеке келіседі. Бұл көрсеткіш мекеме орналасқан қалаға, орташа чекке, бизнес форматына және жеткізуді жеке курьер әлде сервис курьерлері жасайтынына байланысты.
Комиссия мөлшері шамамен мынадай:
- Wolt — 25–30%
- Glovo — сервис курьерлері жеткізсе — 30%, ал клиент өзімен бірге алып кетсе — 15%
- Яндекс Еда — 20–35%
Нақты комиссия мөлшерін сервиске қосылу туралы өтінім қалдырып, менеджермен сөйлескеннен кейін білуге болады. Жүйенің үшеуінде де ортақ бекітілген тариф жоқ.
Қосымша төлемдер
Wolt-пен жұмыс істегенде тамақтану орны тек тапсырыстардан комиссия төлейді. Жүйеге қосылу және оны баптау үшін қосымша ақы жоқ.
Glovo-да тапсырыс көлеміне қарамастан мынадай тұрақты төлемдер бар:
- іске қосу үшін біржолғы төлем — шамамен 65 000 ₸ + ҚҚС (алғашқы түскен пайдадан шегеріледі)
- сервисті пайдаланғаны үшін ай сайынғы төлем — шамамен 4 500 ₸
- Prime аудиториясына қол жеткізу үшін бөлек төлем — әр тапсырыс үшін 170 ₸ дейін
Яндекс Еда жүйесіне қосылған кезде 500 ₸ көлемінде офертаны төлеу қажет. Эквайринг, жарнама және курьер қызметтерінің ақысы комиссияға кіреді, сондықтан қосымша төлем жоқ.
Айыппұл мен жауапкершілік
Тапсырыстан комиссия мен жүйеге қосылу ақысынан бөлек, сервис талаптары бұзылған жағдайда салынатын айыппұлдарды да ескерген жөн.
Glovo:
- тапсырысты дайындау уақыты 10 минуттан асып кетсе — негізгі мөлшерлеме + шектеуден асқан әр минут үшін қосымша төлем (нақты сомасы туралы жеке келісу қажет)
- тамақтану орнының тарапынан тапсырыс толық жиналмаса, басқа тауар жіберілсе немесе сапасына қатысты мәселе туындаса — тапсырыс құнын толық қайтарып, тағам құнының 30%-ына дейін айыппұл + ҚҚС төлеу керек
- тамақтану орны тапсырысты орындай алмаса (жұмыс уақытында жабық болу, өнімнің болмауы және т.б.) — әр жойылған тапсырыс үшін бекітілген айыппұл төленеді
- егер Glovo қолданбасындағы тағам бағасы тамақтану орнының өз сайтындағы бағадан жоғары болса — ереже бұзылған кезеңдегі барлық сатылым сомасының 10%-ы мөлшерінде қосымша төлем алынады
- берілген құрылғы қайтарылмаса, жоғалса немесе зақымдалса — 121 400 ₸ айыппұл
- келісімшартты 60 күн бұрын ескертусіз бұзған жағдайда — соңғы 3 айдағы транзакциялар сомасының 10%-ы көлемінде қосымша төлем
Яндекс Еда: тапсырысты дайындау, жинау немесе курьерге беру талаптары бұзылғаны расталса, тапсырыстағы тағам құнының 10%-ы мөлшерінде айыппұл ұсталады. Шешім тұтынушыдан, курьерден және тамақтану орнынан алынған деректер (фото, видео, пікір) негізінде қабылданады. Шағым расталмаса, айыппұл болмайды. Тамақтану орны шешіммен келіспесе, оны қайта қарауды сұрай алады.
Wolt-тағы айыппұл шарттарын жүйеге қосылған кезде менеджерден нақтылап алған жөн.
Логистика және жеткізу аумағы
Яндекс Еда: сервис курьерлері жеткізсе, жеткізу қашықтығы тамақтану орнынан 10 км-ге дейін болуы мүмкін. Ал өз курьерлерімен жеткізсе, мекеме жеткізу аумағын сервис талаптарына сай өзі белгілейді.
Wolt пен Glovo: жеткізу қашықтығын, тариф пен аумағын сервиске қосылған кезде менеджермен жеке қарастырады.
Үш сервис тапсырысты өзімен алып кету нұсқасын қосуға әрі кез келген уақытта тапсырыс қабылдауды уақытша тоқтатуға мүмкіндік береді.
Жүйеге қосылудың техникалық тұсы
- Wolt: шағын тамақтану орындары Merchant Lite мобильді қолданбасын пайдалана алады, ал желілік мейрамханалар мен тапсырыс саны көп орындар POS-жүйесін API арқылы қоса алады
- Glovo: тапсырыстар GoDroid (Android) мобильді қолданбасы арқылы қабылданады. Ірі серіктестер Sunmi арнайы құрылғыларымен жұмыс істей алады
- Яндекс Еда: тапсырыстар «Я.Еда.Вендор» қолданбасы арқылы қабылданады, ол веб-нұсқада, iOS және Android жүйелерінде қолжетімді
Сервистің үшеуінде тіркелу кезінде мәзірді баптап, тағам фотосуреттерін жүктеуге көмектесетін менеджерлер мен нұсқаулықтар бар. Ал сатылым, тапсырыс әрі төлем туралы ақпараттың барлығын жеке кабинеттен көруге болады.
Сервис ішіндегі жарнаманы қосу талаптары
Wolt Ads CPA моделіне негізделген, яғни жарнама көрсетілгені немесе клиент оған тек басып өткені үшін емес, одан нақты тапсырыс түскен кезде ақы төлейсіз. Оны кез келген уақытта қосып немесе тоқтата аласыз. Жарнамаға арналған қаражатты жеке кабинетте белгілей аласыз. Бекітілген тариф жоқ. Сонымен қатар жеңілдік, тегін жеткізу және «X сатып алсаңыз, Y аласыз» сияқты ұсыныстар бар. Бұл жағдайда ақы тек науқан аясында расталған тапсырыстар үшін алынады.
Glovo Ads pay-per-click моделі бойынша жұмыс істейді, яғни ақы клиенттің жарнамаға әр басқаны үшін есептеледі. Күнделікті шығын сомасын мекеме өзі белгілейді. Glovo арқылы орындалған тапсырыстардан түсетін орташа айлық табыстың кемінде 10%-ын жарнамаға бөлген жөн. Сервис жарнаманың тиімділігін ROAS көрсеткіші арқылы бағалап, жарнамаға жұмсалған әр теңгеге кемінде үш теңге түсім әкелуді көздейді. Науқанды кемінде 1 ай жүргізу ұсынылады. Барлығын Manager Portal арқылы реттеп, нәтижесін жеке кабинетте көре аласыз.
Яндекс Еда жүйесінде жарнама ақысы клиенттердің әр басқаны үшін есептеледі. Бір рет басу үшін бастапқы төлем — 87 теңге. Яғни клиент баннерді басып, мейрамхана парақшасына кірген сайын жарнамаға арналған бюджетіңізден 87 теңге жұмсалады. Барлығын «Я.Еда.Вендор» жүйесіндегі «Жарнамалау» («Продвижение») бөлімінде баптап, деректерді сол жерде көруге болады.
Шарттарды салыстыру кестесі
| Көрсеткіш | Wolt | Glovo | Яндекс Еда |
|---|---|---|---|
| Комиссия мөлшері | 25–30% | 15–30% | 20–35% |
| Қосылу ақысы | тегін | 65 000 ₸ + ҚҚС — біржолғы төлем | 500 ₸ — қосылған кезде оферта үшін |
| Ай сайынғы төлем | жоқ | ~4 500 ₸ + Prime үшін тапсырысқа 170 ₸-ға дейін | комиссияға кіреді |
| Айыппұлдар | менеджермен жеке нақтылау қажет | тапсырыс сомасының 30%-ына дейін + тапсырыс құнын қайтару; тапсырысты жойғаны үшін белгіленген айыппұл; құрылғы жоғалса — 121 400 ₸ | ереже бұзылуы расталса, тағам құнының 10%-ы |
| Жеткізу аумағы | менеджермен жеке талқыланады | менеджермен жеке талқыланады | Сервис курьерлерімен — 10 км-ге дейін; өз курьерлеріңізбен — өзіңіз белгілейсіз |
| Жұмысқа арналған қолданба | Merchant Lite (мобильді қолданба) немесе POS/API | GoDroid (Android), Sunmi құрылғылары | «Я.Еда.Вендор» — веб, iOS, Android |