Бизнес жаңалықтары: 1–17 мамыр
Қазақстан кәсіпкерлері үшін маңызды ақпарат

Мемлекеттен кәсіпке салықтық қолдау
«Таза парақ» бағдарламасы аясында микро және шағын бизнеске ҚҚС бойынша айыппұл екі жағдайда қолданылмайды:
- Егер кәсіпкер ҚҚС бойынша есепке тұрмай, 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығында айналым көлемі белгіленген шектен 1 000 АЕК-тен (2026 жылы 4 325 000 теңгеден) аз мөлшерде асып кетсе.
- Егер кәсіпкер 2026 жылы ҚҚС төлеуші ретінде уақытында тіркелмесе немесе тіркеусіз жұмыс істесе, айыппұл төлемеу үшін салық органының хабарламасымен келісіп, содан кейін бірден есепке тұруы қажет.
Сонымен қатар 2026 жылы кәсіпкер салық пен бюджетке төленетін төлемдерді кешіктірсе, өсімпұл есептелмейді. Бірақ бұл ереже төлем көзінен ұсталатын салыққа, импортқа салынатын акциздер мен ҚҚС-ға және әлеуметтік төлемдерге қолданылмайды. Егер бизнес 2026 жылғы 31 желтоқсаннан кейін қосымша салық есептілігін тапсырса немесе тексеріс қорытындысы бойынша салық сомасы қайта есептелсе, өсімпұл қосылуы мүмкін.
Астанада отандық өндірушілер көрмесі өтеді
22–24 мамыр аралығында «EXPO» халықаралық көрме орталығында «Ulttyq ónim – 2026» IX отандық өндірушілер көрмесі өтеді. Іс-шара кәсіпкерлерді, инвесторлар мен халықаралық сарапшыларды бір алаңда тоғыстырады. Биыл көрмеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен 600-ден астам компания қатысады. Алғаш рет саудамен қатар қызмет көрсету саласы да болады.
Көрмеде қазақстандық компаниялар тамақ, жеңіл, ауыр және химия өнеркәсібі, құрылыс, жиһаз өндірісі және басқа да салалардағы өнімдерін таныстырады. Сонымен қатар келушілер үшін бизнесте жасанды интеллектіні қолдану бойынша шеберлік сабақтары, B2B кездесулер мен интерактивті аймақтар болады.
Кіру тегін. Алдын ала сайтта немесе барған кезде тіркелу қажет.
Мекенжайы: «EXPO» халықаралық көрме орталығы (Мәңгілік Ел даңғылы, 53/1)
Жұмыс уақыты: 22–24 мамыр, 08:00–18:00