Бизнесті сақтандыру жолдары

Міндетті сақтандыруға жататын салалар

Бизнесті сақтандыру жолдары

Мақаланың мазмұны

  • Telegram-да талқылау

Бизнесте күтпеген жағдайлар болып тұрады: қоймада өрт шығуы, жалға алған мейрамхана асханасында апат болуы немесе қызметкер жарақат алуы мүмкін. Сақтандыру мұндай қауіп-қатерлерді алдын алмайды, бірақ шығынды азайтуға көмектеседі. Осы мақалада бизнеске қажет міндетті және қосымша сақтандыру түрлерін қарастырамыз.

Сақтандыру сыйақысы мен сақтандыру сомасы

Сақтандыру сыйақысы — бизнес иесінің сақтандыру компаниясына төлейтін ақысы. Оны келісімшарттың бүкіл мерзімі үшін (әдетте 12 ай) бірден немесе шартта көрсетілген кесте бойынша бөліп төлеуге болады.

Сақтандыру сомасы — сақтандыру жағдайы болғанда сақтандыру компаниясы төлейтін өтемақының ең жоғары мөлшері.

Мысалы, қойма 50 млн теңгеге сақтандырылды делік. Бұл — сақтандыру сомасы. Осы қауіп-қатер түрі үшін сақтандыру тарифі жылына 0,4% болса, жылдық сақтандыру сыйақысы:

50 000 000 ₸ × 0,4% = 200 000 теңге болады.

Сақтандыру түрлері

  • міндетті сақтандыру — бизнес ең алдымен қызметкерлерін сақтандыруға тиіс. Мұның талаптары мен тәртібін мемлекет белгілейді
  • белгілі бір қызметпен айналысу үшін міндетті сақтандыру — кейбір қызмет түрлерімен айналысу немесе оларға рұқсат алу үшін қажет. Мысалы, аудиторлар мен салық кеңесшілері кәсіби жауапкершілігін сақтандырмай жұмыс істей алмайды, ал туроператорлар туристер алдындағы жауапкершілік сақтандырмай лицензия ала алмайды
  • қосымша (ерікті) сақтандыру — кәсіпкер мүлкін, жүгін немесе клиенттер алдындағы жауапкершілігін өз еркімен сақтандырады

Сақтандыруды тек Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) лицензиясы бар компанияда рәсімдеген жөн.

Қызметкерлерді міндетті сақтандыру

Қызметкері бар кез келген бизнес үшін міндетті сақтандырудың жалғыз түрі — қызметкерлерді еңбек міндеттерін атқару кезіндегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру. Мұны кемінде бір қызметкері бар ЖК мен ЖШС рәсімдеуге міндетті (ЖШС директоры да қызметкер болып есептеледі). Сақтандыру шартын компания тіркелгеннен кейінгі айдың 10-ына дейін жасау қажет.

Қызметкерді сақтандыру тәртібі:

  • сақтандыру компаниясына келісімшарт жасасу туралы өтініш беріңіз немесе оны ЖК/ЖШС тіркеген кезде бірден рәсімдеңіз
  • өтініште жылдық еңбекақы қорын, қызметкерлер санын, ЭҚЖЖ кодын және кәсіби тәуекел санатын көрсетіңіз
  • ең төменгі сақтандыру сыйақысы — 1 ЕТЖ (2026 жылы 85 000 теңге), ал қауіпті әрі зиянды жұмыс түрлері үшін бұл сома жоғары болады
  • сақтандыру шарты болмаса, шағын бизнес пен ЖК 160 АЕК (2026 жылы 692 000 теңге), орта бизнес — 400 АЕК, ал ірі бизнес — 1000 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр

Қосымша ерікті сақтандыру түрлері

Мүлікті сақтандыру. Өрт, су басу, ұрлық немесе табиғи апат салдарынан ғимаратқа, құрал-жабдықтарға, қоймадағы немесе сауда залындағы тауарға келген зиянның орнын толтырады. Сақтандыру сомасы әдетте мүліктің нарықтық немесе бухгалтерлік есептегі құнына байланысты анықталады.

Жүктi сақтандыру. Тауар жеткізетін, көтерме саудамен айналысатын әрі тауарды жиі тасымалдайтын бизнеске пайдалы. Жолда жүк бүлінсе әлде жоғалса, шығынды өтеуге көмектеседі.

Азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру. Бизнес кінәсінен басқа тұлғалардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне зиян келгенде шығынды өтеуге көмектеседі. Мысалы, дүкенге келген адам тайып құласа немесе іс-шара кезінде ақаулы құрылғыдан зардап шексе.

Қызметкерлерге арналған ерікті медициналық сақтандыру (ЕМС). Заң бойынша міндетті емес, бірақ қызметкерлерге берілетін әлеуметтік жеңілдіктердің бірі болуы мүмкін. Ол емделу мен медициналық тексерілу шығынын өтейді.

Компания басшысы мен директорының жауапкершілігін сақтандыру. Шағын бизнесте сирек кездеседі, бірақ басшыны қабылдаған шешімдері үшін сот қаупінен қорғайды.

Мұндай сақтандыру түрлері бойынша келісімшарт жасасқанда компания қауіп-қатер дәрежесін бағалайды. Ол үшін бизнес құжаттарын қарап, қымбат мүлікті барып тексеруі мүмкін. Бағалау қорытындысына қарай сақтандыру тарифі мен шарттары белгіленеді.

Сақтандыру келісімшартын рәсімдеу тәртібі

Бизнесті ерікті сақтандырудың барлық түрін рәсімдеу тәртібі шамамен бірдей:

  1. Сақтандыру компаниясын таңдаңыз. ҚНРДА лицензиясы бар ұйымдардың ұсыныстары мен шарттарын салыстырыңыз.
  2. Өтініш қалдырыңыз. Өтінішті сақтандыру компаниясының кеңсесінде, ресми сайтында немесе мобильді қолданбасында беруге болады.
  3. Қажетті құжаттарды тапсырыңыз. Негізгісі:
    • мемлекеттік тіркеу туралы анықтама (ЖШС үшін) немесе қызметтің басталуы туралы хабарлама (ЖК үшін)
    • құрылтай құжаттары — заңды тұлғалар үшін
    • компания өкілінің келісімшартқа қол қою құқығын растайтын бұйрық пен жеке куәлігі
    • банк реквизиттері
    • сақтандыру нысанының құжаттары — мүлікке меншік құқығы немесе жалға алу шартын растайтын құжат, тауар жүкқұжаттары, компанияның ЭҚЖЖ коды
  4. Қауіп-қатер деңгейін бағалау қорытындысын күтіңіз. Қарапайым нысандарды бағалау үшін құжаттар жеткілікті, ал ірі әрі қымбат мүлікті сақтандыру компаниясы барып тексеруі мүмкін.
  5. Келісімшартқа қол қойып, сақтандыру сыйақысын төлеңіз. Сома сақтандыру тарифіне, нысанның құнына және қауіп-қатер деңгейіне байланысты белгіленеді.

Келісімшарт мерзімі әдетте 12 ай болады, бірақ оны кейін ұзартуға мүмкін. Сақтандыру жағдайы орын алса, бұл туралы компанияға келісімде көрсетілген мерзімде (әдетте 1–3 жұмыс күні ішінде) хабарлау қажет. Сонымен қатар оқиғаны растайтын құжаттарды ұсыну керек: нысанды тексеру актісі, өкілетті органның анықтамасы және басқа да құжаттар қажет болуы мүмкін.

 

Бизнесті сақтандыру алғашында артық шығын болып көрінуі мүмкін. Бірақ күтпеген жағдайдан келген шығын сақтандыру сыйақысынан бірнеше есе көп болуы мүмкін. Сондықтан бизнес бастамас бұрын немесе бастапқы кезеңде сақтандыруды рәсімдеген дұрыс. Ол үшін бірнеше сақтандыру компаниясының ұсыныстарын салыстырып, лицензиясына, тарифтеріне және басқа да шарттарына қарай қолайлысын таңдаған жөн.