«Виртуалды қойма» жүйесі

Бизнес үшін маңызы

«Виртуалды қойма» жүйесі

Мақаланың мазмұны

  • Telegram-да талқылау

Қазақстандағы кәсіпкерлердің бір бөлігі — алкоголь, мұнай өнімдері мен өзге де бірқатар тауар түрлерін импорттаушылар — тауар айналымын арнайы мемлекеттік жүйеде тіркеуге міндетті. Осы мақалада «Виртуалды қойма» модулінің негізгі қызметін, оны жүргізу талаптары мен бизнеске беретін мүмкіндіктерін қарастырамыз.

«Виртуалды қойма» модулі

«Виртуалды қойма» (ВҚ) — Электрондық шот-фактура ақпараттық жүйесіндегі (ЭШФ АЖ) тауардың белгілі бір санаттарының қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға арналған модуль.

Іс жүзінде ол нақты қойманың цифрлық көшірмесі. Компания жүйеде электрондық (виртуалды) қоймалар ашады — олардың саны тауар сақтайтын және сататын нақты жерлердің санына сәйкес болуға тиіс. Мысалы, компанияның үш қоймасы мен төрт дүкені болса, жүйеде ол дәл сондай жеті виртуалды қойма ашуы керек, әйтпесе есепті дұрыс жүргізу мүмкін болмайды.

«Виртуалды қоймада» кәсіпкерлер мына ақпаратты тіркейді:

  • есепке алу басындағы тауар қалдықтарын
  • импортталған немесе өндірілген тауардың түсуін
  • Қазақстан ішінде тауардың сатылуын

Модуль ЭШФ АЖ жүйесімен байланыстырылған. Салық органдары тауардың шекарадан өткенінен немесе өндірістен шыққанынан бастап, сатылғанына немесе есептен шығарылғанына дейінгі әрбір кезеңдегі қозғалысын ВҚ арқылы қадағалап отырады. Виртуалды қойманың негізгі мақсаты — тауар айналымы туралы ақпаратты бір жүйеге жинақтап, бақылауды автоматтандыру.

Есеп жүргізуге міндетті тұлғалар

«Виртуалды қоймадағы» есепті арнайы тізбедегі тауар бойынша жүргізу керек:

  • алкоголь өнімдерінің жекелеген санаттары
  • мұнай және мұнай өнімдері
  • мұнай газдары мен газ тәрізді көмірсутектер
  • эфир, альдегид, кетон және хинондар
  • тоңазытқыш жабдықтары

Бұл тізбе жыл сайын дерлік жаңартылып отырады, сондықтан жұмысты бастамас бұрын оның өзекті нұсқасын тексеріп алған жөн.

Бұл міндеттеме кәсіпкердің ҚҚС бойынша есепте тұрғанына немесе тұрмағанына қарамастан, мұндай тауарды өндіретін, импорттайтын немесе сататын барлық тұлғаларға қатысты. Егер тауар тізбеде жоқ болса, оны ВҚ-да есепке алудың қажеті жоқ — стандартты ЭШФ рәсімдеу жеткілікті.

«Виртуалды қоймаға» тіркелу тәртібі

Модуль ЭШФ АЖ порталының құрамына кіреді. Ақпараттық жүйеде бұрыннан жұмыс істеп жүрген пайдаланушылар үшін «Виртуалды қоймаға» бөлек тіркелудің қажеті жоқ.

Жаңа пайдаланушылар ең алдымен ЭШФ жүйесінің өзіне тіркелуге тиіс. Бұл үшін ЭЦҚ (немесе eGov Mobile мобильді қолданбасы) мен биометриядан өтуге арналған камера қажет болады.

ЭШФ АЖ жүйесінде жұмыс істеу тәртібі туралы толығырақ мына сілтеме арқылы білуге болады.

«Виртуалды қоймада» жұмыс істеу

Деректің басым бөлігі ВҚ-ға бұрыннан бар құжаттар негізінде автоматты түрде қалыптасады:

  • импортталған тауарлар бойынша мәліметтер кеденде тіркелгеннен кейін пайда болады
  • қайта сату үшін сатып алынған тауар бойынша — жеткізушінің ЭШФ-нан жүктеледі
  • өзі өндірген тауарлар бойынша — «Өндіріс» нысанында тауардың атауын, сипаттамаларын және шығу тегі туралы деректі көрсеткеннен кейін жүйеде сақталады

Тауарды есептен шығару үшін сатушы сатып алушыға ұсынған ЭШФ немесе «Есептен шығару» және «Ішкі орын ауыстыру» құжаттары қажет болады. Жүйе қоймаға бұрын енгізілген деректі ЭШФ-ға автоматты түрде жазып, қоймада тіркелген мөлшерден артық тауарды есептен шығаруға жол бермейді. Бұл есеп жүргізу кезінде кездейсоқ қателердің алдын алады.

«Виртуалды қоймаға» қатысты сұрақтар бойынша esfsd@kgd.minfin.gov.kz электрондық поштаға хабарласуға болады. Бұдан бөлек модульмен жұмыс істеу бойынша жадынама бар.

Бизнес үшін артықшылықтары

«Виртуалды қойма» тауар есебін жүргізуді жеңілдетеді: жүйедегі көптеген операция өзара байланысты, сондықтан деректің бір бөлігі автоматты түрде сақталады. Бұл қателердің санын азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар бір жүйенің ішінде әр қойма мен дүкен бойынша тауардың қозғалысын қадағалауға болады. Ал салық пен кеден органдары ВҚ арқылы ерекше бақылаудағы тауар топтарының айналымы туралы ақпаратты оңай ала алады.