Депозит бойынша салық міндеттемелері

Депозит сыйақысы кірістің бір түрі болып табылады

Депозит бойынша салық міндеттемелері
Айжан Қыдырманова

Айжан Қыдырманова

20 жылдық тәжірибесі бар бухгалтер

Кәсіпкер табыстарынан салық төлейді. Салық салу тәртібі бизнес түріне — ЖК немесе ЖШС — және қолданылатын салық режиміне байланысты өзгереді. Компаниялар қаражатын депозитке орналастыра алады. Мұндай депозиттен алынатын сыйақылар да кіріс болып есептеледі. Салымдардан түсетін кіріске қатысты салықтар мен оларды төлеу тәртібі туралы осы мақалада айтып береміз.

ЖК үшін салықтар

Жеке кәсіпкердің атына ашылған депозит бойынша сыйақы оның кірісі болып саналады, бірақ ол жеке табыс салығына (ЖТС) жатпайды. Яғни кәсіпкерге мұндай табыс үшін қосымша ЖТС төлеудің қажеті жоқ. Тек сыйақы сомасын кіріс ретінде түзетіп, оны 220.00 нысанындағы декларацияда көрсету керек.

ЖК депозитті жеке тұлға ретінде ашқан жағдайда

Егер депозит ҚР резиденті болып табылатын жеке тұлғаның атына тіркеліп, кәсіпкерлік қызметпен байланысты болмаса, мұндай табысқа салық салынбайды. Алайда, егер салым бейрезидент жеке тұлғаға тиесілі болса, банк сыйақыдан 15% мөлшерінде салық ұстап қалады. Банкке Мемлекеттік кірістер комитетінен резидент мәртебесін растайтын анықтама ұсынылса, ұсталған салық қайтарылады.

ЖШС үшін салықтар

ЖШС-ның атына рәсімделген депозиттен алынған пайыздық табыс компанияның кірісі болып есептеледі. Мұндай табысқа төлем көзінен салық салынады. Яғни банк депозит бойынша сыйақыдан 15% мөлшерінде салық ұстайды. 

Мұндай операцияларды есепте дұрыс көрсету үшін ЖШС:

  1. Банктен ұсталған салық сомасы туралы анықтама алуы керек.
  2. Депозиттен түскен табыс пен ұсталған салықты 100.00 нысанындағы декларацияда көрсетуі тиіс. Сыйақы сомасы 100.00.014 жолында салық төлеушінің өзге кірістері ретінде бейнеленеді.

Сыйақы сомасы компанияның жиынтық жылдық табысына (ЖЖТ) қосылады.

Бұл табысқа 20% мөлшерлемемен корпоративтік табыс салығы (КТС) есептеледі. Егер банк сыйақыдан салық ұстаса, ол сома КТС есептегенде шегеріледі — банктен анықтама болса жеткілікті.

Сол себепті компания екі рет салық төлемейді, бірақ кірісті декларацияда толық көрсетуі қажет.

Депозит шетелдік банкте ашылған жағдайда

Шетелдік банкте ашылған депозит бойынша сыйақы да кәсіпкердің табысы ретінде есептеліп, салық декларациясында көрсетілуі тиіс. Бірақ мұндай табыстарға салық салу тәртібі өзгеше.

ЖК үшін талаптар

Шетелдік банктердегі депозиттен алынған сыйақы жылдық жиынтық табысқа қосылып, 10% мөлшерінде ЖТС салынады. Қазақстандық банктер салық ұстамағандықтан, ЖК бұл салықты өзі есептеп, жеке төлеуі керек. Мұндай табыстар 220.00 нысанындағы декларацияда шетелдік көздерден алынған табыс ретінде көрсетіледі.

Егер шетелдік банк сыйақыдан салық ұстамаса, ЖК өз бетінше тиісті сомадан ЖТС-ты есептеп төлейді. Ал егер салық депозит ашылған елде ұсталса, кәсіпкер бұл соманы Қазақстандағы ЖТС бойынша міндеттемелерін азайту үшін есепке ала алады — шетелде салықтың төленгенін растайтын құжаттарды ұсыну қажет.

Сонымен қатар, егер 31 желтоқсанда ЖК-ның шетелдік банктік шоттарындағы қаражат сомасы 1 000 АЕК-тен асып кетсе, кәсіпкер 270.00 нысаны бойынша декларация тапсыруға міндетті.

ЖШС үшін талаптар

Шетелдік банктердегі депозиттерден алынған сыйақы жылдық жиынтық табысқа қосылып, 20% мөлшерінде КТС салынады. Алайда, егер шетелдік банк салықты табыс көзінен ұстап қалса (мысалы, салым ашылған елде), Қазақстан төленген міндеттемелерді растайтын құжаттар арқылы есепке алуы мүмкін. Бұл жағдайда, егер салық мөлшермесі шетелдік банктен жоғары болса, Қазақстанда төленетін салық тек айырмасынан алынатын болады.

Сондай-ақ қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық келісімдердің ережелерін ескеру маңызды.

Егер кәсіпкер шетелдік депозиттен алынған табысын декларацияда көрсетпесе, бұл айыппұлға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан мұндай кірістерді дер кезінде ескеріп, мұқият есепке алу маңызды.

 

ЖК немесе ЖШС атына ашылған депозиттен түсетін сыйақы компанияның кірісі болып саналады. Мұндай табыс міндетті түрде есептілікте көрсетілуі керек. Салық мөлшері мен есептеу тәртібі кәсіпкерлік нысанына байланысты. Салықты дұрыс есептеу үшін банк ұстап қалған соманы растайтын анықтама алу ұсынылады.