Электрондық актідегі айналым күні: салық кеңесшісімен бірге МКК ұсынған сынақ жобасын талдаймыз

Қаржы министрлігі бұйрығының жобасы айналым күнін қалай өзгертеді және бухгалтерлер нені ескеру керек

Электрондық актідегі айналым күні: салық кеңесшісімен бірге МКК ұсынған сынақ жобасын талдаймыз

Мақаланың мазмұны

  • Telegram-да талқылау

Мен — Марина Ляпинамын, «Точный учет» бухгалтерлік компаниясын басқарамын. Салық кеңесшісі әрі бухгалтер болып жұмыс істеймін. Қазан соңында Қаржы министрлігі орындалған жұмыстардың электрондық актісіндегі (ОЖЭА) айналым күнін айқындауға қатысты сынақ жоба туралы бұйрық жобасын талқылауға ұсынды. Жобада не ұсынылып отырғанын және оған қатысты туындаған күмәндердің қаншалықты орынды екенін айтып беремін. Бұл әзірге бұйрықтың жобасы ғана: ол әлі қабылданған жоқ, сондықтан мәтіні өзгеруі мүмкін.

Қазіргі жұмыс тәртібі

Сатушы электрондық шот-фактуралар (ЭШФ) ақпараттық жүйесінде орындалған жұмыстардың электрондық актісін (ОЖЭА) қалыптастырады, ал сатып алушы оған қол қояды. ҚҚС бойынша жұмыстар мен қызмет айналымының күні олардың орындалған күні болып есептеледі. Ал орындалған күн ретінде актіде көрсетілген қол қойылған күн танылады (ҚР Салық кодексінің 460-баптың 3-тармағы). ОЖЭА-да бұл күн екінші тараптың актіге қол қойған күні болып есептеледі. Операцияның ҚҚС бойынша қай декларацияда көрсетілетіні осы күнге байланысты.

КТС-ны есептеу үшін табыс қызмет көрсетілген кезде ХҚЕС талаптарына сәйкес танылады (ҚР СК 239-баптың 3-тармағы), ал ҚҚС бойынша айналым сатып алушының актіге қол қойған күніне байланысты анықталады (ҚР СК 460-баптың 3-тармағы). Егер жұмыс 30 желтоқсанда орындалып, ал актіге 1 қаңтарда қол қойылса, табыс өткен жылдың есебіне кіреді, ал ҚҚС бойынша айналым жаңа жылдың бірінші тоқсанына түседі.

ОЖЭА неге сирек қолданылады

Орындалған жұмыстардың электрондық актісіне қол қойылмайынша, ЭШФ жазып беру мүмкін емес. Қағаз түріндегі актіге мұндай шектеу жоқ: оған айдың соңғы күнін қойып, тараптардың қолдарын кейін жинауға болады. Сондықтан көпшілік әлі де актіні қағазға басып шығарып, ЭШФ-ны бірден жазады.

Актіге дәл айдың соңғы күні қол қою сирек кездеседі. Жұмысты қабылдап алу уақытты талап етеді, басшы еңбек демалысында немесе ауырып қалуы мүмкін, ал шот-фактуралар порталына адам көп кіретін күндері жүйе баяу жұмыс істейді. Бұл ретте тараптар жұмыстың есепті айда орындалғанына әдетте дау айтпайды. Мәселе тек актіге қол қойылған күнге байланысты туындайды. Іс жүзінде ЭШФ-ны актіге қол қойылғанын күтпей-ақ жазады. Соның салдарынан шот-фактура бастапқы есеп құжаттарының орнына қолданыла бастайды.

Сынақ жобасы аясында не ұсынылады

  • мерзімі — 2027 жылғы 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін
  • қатысу ерікті: жүйеде хабарламаға ЭЦҚ арқылы қол қою қажет
  • жеткізуші ОЖЭА-да жұмыстың нақты орындалған күнін көрсетеді. Сатып алушы актіге қашан қол қойғанына қарамастан, осы күн айналым жасалған күн болып есептеледі.

Мысалы, жұмыс мамырда орындалды. Сатушы ОЖЭА-ны 31 мамыр күнімен рәсімдейді, ал сатып алушы оны маусымның алғашқы күндерінде қабылдап, қол қояды. Айналым мамыр айында есептеледі.

Әріптестерімнің күмәні және оған қатысты пікірім

Әріптестер контрагенттер көрсетілмеген қызмет бойынша ОЖЭА мен ЭШФ рәсімдеп, бухгалтер оларды кері қайтарып үлгермей қала ма деп қауіптенеді. Осыған байланысты сот дауларының саны артады деген пікір бар. Менің тәжірибем бойынша, сынақ жоба мұндай қауіп төндірмейді:

  • ОЖЭА-ға қол қою міндеті сақталады. Сынақ жоба тек айналым күнін өзгертеді. Егер актіге қол қоймасаңыз, жұмыс қабылданған болып саналмайды және берешек туындамайды. Қағаз түріндегі актіде де осы тәртіп қолданылады.
  • ЭШФ мәміленің жасалғанын растамайды. Ол ҚҚС-ны есепке алу және бақылау үшін қолданылады. Жұмыстың орындалғанын бастапқы құжат, ОЖА немесе ОЖЭА растайды. ЭШФ-ның жазылуы сатып алушыны ақы төлеуге міндеттемейді.
  • Келіспеушіліктер туындаған жағдайда бұрынғы тәртіп сақталады: ЭШФ кері қайтарып алынады.

Қазір мәміленің қай тоқсанға жататыны жұмыстың нақты орындалғанына емес, контрагенттің қаншалықты тез қол қоятынына байланысты: бірі бір күнде қол қойса, екіншісіне екі апта қажет.

Бизнеске тиер пайдасы

  • ОЖЭА-дан кейін бірден ЭШФ жазып беруге болатындықтан, ай соңындағы есепті жабуға аз уақыт кетеді
  • ондаған контрагенттің қол қойғанын күту қажеті азаяды
  • электрондық акт қағаз актімен бірдей күшке ие болады, сондықтан құжаттарды қағазға басып шығару керек емес

Егер сынақ жобасы іске қосылса, оның сізге қаншалықты тиімді екенін бағалаңыз. Ол үшін ай сайын контрагенттердің қол қоюын күтіп тұрған актілердің санын және жұмыс нақты орындалған күннен бастап актіге қол қойылғанға дейін қанша уақыт өтетінін анықтаңыз.