Instagram-да таргет жарнаманы іске қосу
Артық шығынсыз

Мақаланың мазмұны
Instagram-да жарнаманы агенттіксіз де, өзге біреудің көмегінсіз де іске қосуға болады. Мұның техникалық жағынан қиындығы жоқ. Ең маңыздысы — жарнаманы не үшін іске қосып жатқаныңызды, оны кімге көрсететініңізді, не ұсынатыныңызды және нәтижесін қалай бағалайтыныңызды нақты түсіну. Көп жағдайда жарнама бюджетінің тиімсіз жұмсалуына техникалық қиындықтар емес, стратегияның жоқтығы және жаңа аудиторияны қабылдауға дайын емес Instagram парақшасы себеп болады.
Әлсіз өнімді жарнама құтқармайды
Егер сізде мына мәселелердің кем дегенде бірі болса, таргет жарнама оны одан әрі ушықтыра түседі:
- түсініксіз Instagram парақшасы
- клиенттерге баяу жауап беру
- өнім бағасы нақты емес
- суреттер сапасы төмен
- теріс пікірлер көп
- қолда тауар жоқ
Жарнама жоқ жерден сенім қалыптастырмайды. Сондықтан оны іске қоспас бұрын, мыналарды тексеріңіз:
- Instagram парақшасы ретке келтірілген
- хайлайттар өзекті
- клиент пікірлері бар
- менеджер сұрақтарға жауап беруге дайын
- тауар бар
- төлем жасау тәртібі түсінікті
Жарнама мақсаты
Жарнамадан қандай нәтиже күтесіз? Бренд танымалдығын арттыру, сайтқа кірушілер санын арттыру, хабарламалар санын көбейту, пайданы арттыру, әлде клиенттерді сату нүктесіне тарту ма?
Шағын бизнес үшін клиент хабарламалары, лид не сауда ең тиімді мақсаттарға жатады. Егер сайтыңыз болмаса және тапсырыстар Instagram-дағы директ арқылы рәсімделсе, аудиторияны тікелей сол жерге бағыттаған дұрыс. Ал сайт немесе интернет-дүкеніңіз болса, жарнаманы тауар парақшасына бағыттауға болады. Егер жергілікті бизнес болсаңыз, жақын маңдағы аудиторияны қамтып, хабарламалар арқылы клиент сұранысын арттыруға болады.
Жарнаманы тек аудиторияны көбейту үшін іске қосу — қате. Адам санының көбеюі әрдайым табыстың артуын білдірмейді.
Бір жарнама — бір гипотеза
Бір жарнама науқаны аясында бірнеше нәрсені қатар сынамаңыз:
- әртүрлі қала
- әртүрлі аудитория
- ондаған креатив
- әртүрлі ұсыныс
Әйтпесе нақты ненің нәтиже бергенін түсіне алмайсыз. Сондықтан бір уақытта мына нәрселердің біреуін ғана сынаған дұрыс:
- тауардың бір санатын
- бір ұсыныс
- бірнеше креатив
- нақты анықталған аудитория
Мысалы, таргетті «Алматыдағы барлық әйелдерге» емес, «Алматыда тұратын, жасы 25-тен асқан, тері күтіміне қызығатын әйелдерге» бағыттаңыз. Ұсыныс ретінде кеңес беру мен сезімтал теріге арналған күтім жиынтығын ұсыныңыз. Кейін нәтижесін бағалап, ненің тиімді болғанын көресіз.
Нәтиже беретін креатив
Таргет жарнамадағы креатив алғашқы секундтардан-ақ көзге түсуі керек. Көпшілік сіз не айтқыңыз келгенін түсінуге уақыт жұмсамайды. Сондықтан бір қарағанда мына нәрселер анық болуға тиіс:
- бұл не
- кімге арналған
- өнім не қызмет пайдасы
- келесі қадам
Мінсіз көрінетін креативтерден гөрі, өнімді қолмен көрсетіп, оны қарапайым тілмен түсіндіретін шынайы бейнеролик, әсіресе шағын бизнес үшін көбіне жақсырақ нәтиже береді. Адамдар әдемі көріністен гөрі өнімнің қандай екенін, оның артында кім тұрғанын және оған неліктен сенуге болатынын білгісі келеді.
Түсінікті жарнама мәтіні
Жалпы сөзден гөрі, нақты ұсыныс жазыңыз:
- «Сезімтал теріге арналған күтімді таңдауға көмектесеміз. Кеңес алу үшін директке жазыңыз»
- «24 сағатта дайын болатын десерттер. Астана бойынша жеткізу бар»
- «10 000 теңгеге дейінгі сыйлық жиынтықтары. Бүгін-ақ жеткіземіз»
Жақсы жарнама мәтіні үш сұраққа нақты жауап береді: не ұсынып отырсыз, неге бұл өнім клиентке дәл қазір қажет, әрі қарай не істеу керек.
Өтінім сапасы
Жарнама көп хабарлама әкелуі мүмкін. Бірақ адамдар «Бағасы қанша?» деп сұрап, кейін байланысқа шықпай қойса, мұны жақсы нәтиже деуге болмайды. Оның орнына мына көрсеткіштерге назар аударыңыз:
- қанша хабарлама толыққанды диалогқа айналды
- қанша диалог сатып алумен аяқталды
- бір сатып алудың құны
- орташа чек
Мысалы, 500 теңгеден түскен 10 өтінімнің біреуі ғана 5 000 теңге әкелсе, бұл бір нәтиже. Ал 1 000 теңгеден түскен 5 өтінімнің үшеуі 20 000 теңге әкелсе, нәтиже мүлде басқа. Сондықтан лидтің арзандығына ғана қарамаңыз.
Бюджетті біртіндеп арттыру
Қай тәсілдің тиімді екенін анықтамай тұрып, жарнамаға қомақты сома бөлудің қажеті жоқ. Алдымен бірнеше күнге шағын бюджет бөліп, креативтерді, аудиторияларды және жарнама мәтіндерін сынап көріңіз. Содан кейін ғана нақты өтінім мен пайда әкелетін нұсқаларға бюджетті көбейтіңіз.
Жарнама тұрақты бақылау мен жүйелі жұмысты талап етеді. Оны іске қосып, кейін ұмытып кетуге болмайды. Сондықтан үнемі:
- статистиканы қарап отырыңыз
- нәтиже бермейтін нұсқаларды өшіріңіз
- жарнама мәтіндерін жаңартыңыз
- креативтерді ауыстырып отырыңыз
- жарнаманы көрсету жиілігін бақылаңыз
«Жарнамалау» батырмасы немесе Ads Manager
«Жарнамалау» батырмасы — жарнаманы іске қосудың ең оңай тәсілі. Ол қысқа сынақтарға немесе сәтті жазбаны көбірек адамға көрсетуге жарайды. Ал жарнаманы ұзақ мерзімге жоспарлап, толық басқарғыңыз келсе, Ads Manager тиімдірек. Себебі онда мақсатты дәл қоюға, аудиторияны мұқият іріктеуге, бюджетті тиімді басқаруға және нәтижені жан-жақты бағалауға мүмкіндік бар.
Жарнаманы өзіңіз жүргізсеңіз, Ads Manager-дің негізгі мүмкіндіктерін меңгеруге уақыт бөлген дұрыс. Себебі ол жарнама бюджетін тиімді басқаруға көмектеседі.
Жарнама нәтиже бермеді
Жарнамадан нәтиже шықпаса, «таргет енді жұмыс істемейді» деген қорытынды жасауға асықпаңыз. Алдымен мына төрт нәрсені тексеріңіз:
- ұсыныс — клиентке оның не үшін қажет екені түсінікті ме
- креатив — көзге түсе ме
- аудитория — жарнама дұрыс адамдарға көрсетілді ме
- өтінім өңдеу — хабарламаларға дер кезінде жауап беріліп, клиенттің күмәні сейілді ме
Көп жағдайда нәтиженің болмауына жарнама емес, клиентпен жұмыс әсер етеді. Менеджер клиентке екі сағаттан кейін қысқа ғана «Иә, бар» деп жауап берсе, жарнаманың тиімділігі төмендейтіні анық.
Түйін: қысқа нұсқаулық
Егер жарнаманы агенттіктің көмегінсіз іске қосқыңыз келсе, мынадай қарапайым жоспарға сүйенуге болады:
- Instagram парақшаңызды ретке келтіріңіз.
- Бір нақты мақсат таңдаңыз.
- Бір түсінікті ұсыныс дайындаңыз.
- Үш түрлі креатив әзірлеңіз: шынайы видео, өнім фотосы және клиент пікірі немесе кейс.
- Жарнаманы бір-екі аудиторияға іске қосыңыз.
- Клиенттерді директке немесе сайтқа бағыттаңыз.
- Әрбір өтінімді тіркеп отырыңыз.
- Үш күннен кейін клиентпен жүргізілген әңгімеге, түскен пайдаға назар аударыңыз.
- Бір аптадан кейін шынайы нәтиже беретін жарнаманы қалдырып, қалғанын алып тастаңыз.
Instagram-дағы таргет жарнаманы агенттіксіз-ақ тиімді жүргізуге болады. Кейін бұл жұмысты маманға тапсырсаңыз да, жарнама бюджетінің қалай жұмсалып жатқанын түсінуіңіз маңызды. Бизнес иесі де, маркетолог та таргеттің барлық қыр-сырын білуге міндетті емес. Бірақ оның негізгі қағидаларын түсінуі керек: мақсат, аудитория, ұсыныс, креатив, бюджет және нәтиже. Сонда ғана түсініксіз есептер мен «бюджетті тағы да көбейту керек» деген уәждерге тәуелді болмайсыз.