Қазақстанда жасалған киім брендін іске қосу

Жергілікті бизнестің тарихы

Қазақстанда жасалған киім брендін іске қосу

Қазақстандық кәсіпкер Шолпан Қалыбаева киім брендін декрет демалысында іске қосты. Сырттан қаражат тартпай, бір тігіншімен жұмыс істеп, алғашқы саудасын  Instagram арқылы бастады. 11 жыл ішінде жоба өз аудиториясын тапқан, ішкі жүйесі жолға қойылған іргелі бизнеске айналды. Шолпан тауашасын қалай тапқанын, неге бизнесті кеңейтпегенін және брендті маркетингсіз қалай дамытқанын айтып берді.

Бизнес бастау

Басында бұл істі бизнес деп есептемедім. Нақты жоспар да, бренд ашамын деген мақсат та болған жоқ. Бәрі қарапайым нәрседен басталды: босанғаннан кейін қалай киінерімді білмей қалдым. Дене бітімі өзгергенде, үлкен мәселеге тап болады екенсіз. Бұрыңғы киім енді жараспайды, ал дүкендерден лайықтысын табу оңай емес: не жастарға арналған киім, не керісінше жасыңды үлкен көрсетеді. Сол кезде «мен сияқты әйелдерге арналған киім жоқ-ау» деген ой келді.

Нарықты арнайы зерттемедім, талдау жасамадым — кәсіпкерлікті жай ғана сынап көргім келді. Декреттік төлеміме мата алып, өзім тұратын тұрғын үй кешенінен тігінші тауып, алғашқы топтаманы тіккіздім. Киімді Instagram арқылы сата бастадым. Адамдар жазып, үйіме келіп, киіп көріп, сатып алып жатты. Сұраныс бірден сезілді. Мен үшін ең маңыздысы — клиенттердің қайта оралуы болды.

Өнім мен аудитория

Киімдерімнің әркімге келе бермейтінін тез түсіндім. Клиентімнің нақты бейнесі бар. Ол — отыз бестен асқан, босанған, дене бітімі шынайы әйел. Мұндай әйелдер ыңғайлылықты сақтай отырып, сәнді әрі тартымды көрінгісі келеді. Олар үшін киім кей тұстарды жасырып, заманауи болғаны маңызды. Біз 44-тен 52-ге дейінгі өлшемдерді тігеміз, бірақ киіміміз сәл кеңдеу болуы мүмкін. Көп әйелдердің үстіңгі бөлігі ықшам, ал жамбас тұсы толықтау келеді. Біз осы ерекшелікті ескеріп пішеміз, сондықтан киімдеріміз мұндай мүсінге жақсы жарасады.

Нарықта бұл тауаша іс жүзінде бос еді. Дүкендерде көбіне жастар трендтеріне бейімделген масс-маркет немесе сәннен шыққан үлгілер ұсынылады. Ал әйелдердің шынайы мүсінін ескеретін әрі заманауи көрінетін киім аз. Сондықтан мен басты назарды киімнің пішіміне аудардым. Бір үлгіні көңілімнен шыққанша бірнеше рет қайта тігетінбіз. Өйткені киім денеге дұрыс келмесе, қалған жұмыстың бәрі бекер. Дәл осы тәсілдің арқасында клиенттер қайта келіп, сатып ала бастады.

Алғашқы сатылымдар және өсу кезеңі

Бірінші жыл біршама ретсіз өтті. Сауда негізінен Instagram, таныстар мен жеке байланыстар арқылы жүрді. Кейін оффлайнға шығуға мүмкіндік туды — бұл мен үшін үлкен бетбұрыс болды. Киімді бір тігін шеберханасына қойып, сол жерде демалыс күндері сата бастадым.

Екі күннің ішінде 700 мыңнан 1 млн теңгеге дейін сатылым жасайтынбыз. Сол кезде бұл жай кездейсоқ сәттілік емес, тұрақты сұраныс екенін түсіндім. Дәл осы оқиға бизнесті әрі қарай дамытуға болатынын көрсеткен алғашқы белгі болды.

Өндіріс барысы

Бір кезде бизнесті кеңейту қажеттілігі туындады. Ең оңай шешім — тапсырысты ірі фабрикаларға немесе Қытайға беру. Мен бұл нұсқаны қарастырдым, бірақ әзірге одан бас тарттым. Себебі бәрін өз бақылауымда ұстағым келеді. Менің өнімімде пішім мен ұсақ-түйектер өте маңызды рөл атқарады. Өндіріс жақын жерде болса, кез келген уақытта үлгіні өзгертіп, модельді түзеп, бұйымды мінсіз күйге жеткізе аламын. Ал алыстағы мердігерлермен жұмыс істегенде, бұл процесс күрделеніп, қателіктерді түзету қымбатқа түседі.

Қазір менің жеке шағын цехым, командам және тұрақты серіктестерім бар. Негізгі ұжымда 16 адам жұмыс істейді, оның ішінде 5 маман — тігінші. Осындай жұмыс форматы сапаны толық қадағалап отыруға мүмкіндік береді.

Сауда және маркетинг

Сырт көзге бизнесім классикалық ережелерге бағынбайтындай көрінуі мүмкін. Бізде CRM жүйесі, күрделі талдау немесе тұрақты түрде жүріп тұратын таргет жарнамасы жоқ. Сауданың негізгі қозғаушы күші — тұрақты клиенттер мен ұзынқұлақ.

Соған қарамастан, біз бір қаланың шеңберімен шектелмейміз. Астана мен Атырауда көшпелі шоурум ұйымдастырып тұрамыз. Мұндай кезде сұранысты арттыру үшін таргет қосып, аудиторияны қызықтырып, тартамыз. Ал қалған уақытта сауда белсенді жарнамасыз-ақ жүре береді. Менің бизнес моделім маркетинг құралдарына емес, сапалы өнім мен клиентпен сенімді байланысқа негізделген.

Сауда-саттық жеке брендіммен де тығыз байланысты. Киімді өзім киіп көрсетемін, оларды тігу ерекшелігі мен пішімін сторис арқылы түсіндіремін. Бұл адамдардың сенімін арттырып, брендке деген қызығушылықты күшейтеді.

Сауда жүйесі

Бизнестің басты қозғалтқышы — тауар айналымы. Біз киімді өзара үйлесетін дайын жиынтықтармен ұсынамыз және оларды әр үш апта сайын жаңартып отырамыз. Алдыңғы топтама толық сатылып бітпесе де, жаңасын шығара береміз.

Сауданың өзіндік реті бар: алдымен өнімнің бір бөлігі толық бағамен сатылады. Бұл — ең өтімді үлгілер, оларды жаңа топтаманы күтіп жүрген тұрақты клиенттеріміз бірден сатып алады. Кейін сұранысты қолдау үшін шағын жеңілдіктер ұсынамыз. Ал топтаманың қалған бөлігін қомақты жеңілдіктермен сатып, қойманы босатамыз. Біз топтаманың толық таусылуын күтпейміз. Керісінше, дүкен сөрелерінің үнемі жаңарып тұруы маңызды. Осылайша клиент әрдайым жаңа нәрселер мен өзгерістерді көріп, бізге қайта оралады. Негізгі мақсатымыз — қаражатты айналымға мүмкіндігінше тез қайтарып, оны бірден өндіріске қайта салу.

Қателіктер

Сауда орталығында дүкен ашу ең қымбат тәжірибем болды. Жөндеу жұмыстарына көп қаражат жұмсап, дүкенді ашпай тұрып, екі айдан соң жабуға мәжбүр болдық.

Бастапқыда бөлшек сауда нарығының қыр-сырын түсінбедім, тәжірибем де жеткіліксіз еді. Оның үстіне қиын кезеңге тап келдік. Бөлшек сауданың бизнес моделі мүлдем бөлек екенін көрдім. Оның ішкі тетіктерін білмесең, үйреншікті тәсілдердің ешқайсысы көмектеспейді екен.

Соңғы 11 жылда бизнесті тез арада нығайтуға бірнеше мүмкіндік болды, бірақ мен олардан бас тарттым. Ісім тікелей өзіме және жеке бақылауыма байланысты. Сондықтан қазір өзім толық қадағалай алатын жүйе құруға басымдық беріп отырмын.

Жұмыс форматының артықшылықтары

  • жергілікті өндіріс киім үлгілерін жедел жетілдіруге және ақауларды барынша азайтуға мүмкіндік береді
  • сауда-саттық белсенді маркетингсіз тұрақты клиенттердің таңдауы мен өнім сапасына негізделген
  • қаржылық ағын үзілмейді, табыс тез арада бизнеске қайта құйылады
  • топтамалардың жиі жаңаруы қоймада тауардың тұрып қалуына жол бермейді

Бұл жүйенің негізгі мақсаты — бизнестің әр кезеңін толық бақылауда ұстау.