Қазақстандағы қонақүй бизнесі: жаңа сын-қатерлер және 2026 жылдың күн тәртібі

Жаңа салық жылы қарсаңындағы негізгі тұжырымдар

Қазақстандағы қонақүй бизнесі: жаңа сын-қатерлер және 2026 жылдың күн тәртібі

Қазақстанда туристер саны артып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 15 миллионға жуық сапар тіркелді. Ал 2026 жылға жасалған болжам бойынша, бұл көрсеткішке тағы 10–15% қосылады деп күтілуде. Мұндай туристер ағымына жаңа рейстер, кеңейтілген әуежайлар және ішкі туристердің жоғары мобильдігі ықпал етуде. Дегенмен жоғары сұраныс бұрынғыдай жоғары табыс әкелмейді. Қонақүй иелері орташа чектің төмендегенін, шығынның өскенін, кадр тапшылығын және цифрлық платформалар тарапынан айтарлықтай қысым бар екенін көрсетеді.

Бұл тұжырымдар Алматыда Horex Business Forum-да өткен «Қонақүй бизнесі 2025: сату стратегиясы, салық салу және туриндустриямен серіктестік» атты ашық пікірталаста айтылды.

Сұраныс пен табыс

Операторлар 2025 жылдың жазы ең қарбалас кезеңдердің бірі болғанын атап өтеді. Күздегі сұраныс та тұрақты — бизнес-туризм әлі белсенді. Бұдан бөлек 2–3 түндік қысқа сапарлар саны артып, Қытайдан, Үндістаннан және ТМД елдерінен келетін туристер ағыны да көбейді.

Алайда мұнымен қатар басқа тенденциялар қалыптасып жатыр:

  • Туристердің орташа чегі төмендеп келеді, дегенмен әзірге аз мөлшерде. Адамдар жиі келеді, бірақ ақшаны мұқият жұмсайды.
  • Қаңтар–ақпан — кей бизнес үшін күрделі кезең: қонақүй иелері жүктеменің үштен біріне азаятынын көрсетеді.
  • Бір жыл ішінде қонақүйлердің шығыны шамамен үштен бірге өсті. Шығын тізіміне азық-түлік және коммуналдық қызметтер кіреді.

Яғни қарама-қайшылық бар: туристер келеді, нарық белсенді, бірақ пайданы ұстап тұру қиын. Себебі шығынның өсуі бизнестің бейімделу жылдамдығын басып озады.

Онлайн-брондау

Сұраныстың негізгі көзі — онлайн-брондау. Танымал платформалар ағынды қалыптастырғанымен, бағаның айтарлықтай бөлігін кемітеді. Мысал арқылы талдап көрейік:

  • Booking-тің ең төменгі комиссиясы — 15%;
  • төлем көзіндегі салық — тағы 10% (шетелдік платформаға комиссия аударғанда қонақүй ұстап, мемлекетке төлейтін міндетті төлем);
  • қорытындыласақ, бөлме құнының шамамен 25%-ы Қазақстаннан тыс жерлерге кетеді.

Нарық үшін бұл айқын белгі: платформалар монетизация орталығына айналады, ал сату арналарын бақылай алмайтын бизнес кірісті басқару мүмкіндігін жоғалтады.

Қызмет көрсету деңгейі төмен

Нарық қатысушыларының барлығы дерлік бір мәселені — қызмет көрсетуді атап көрсетеді. Пікірлерде туристер көбінесе қызмет көрсету деңгейінің төмендігіне, жабдықтың ескіргеніне, коммуникация стандарттарының жоқтығына және қызметкерлердің кәсіби дайындығының аздығына шағымданады.

Басқарушылар Алматыда ресепшн қызметкерлеріне, бөлме қызметшілеріне, даяшылар мен қызмет көрсету өкілдеріне арналған кәсіби курстардың іс жүзінде жоқтығын айтады. Шетелдік мамандар бос емес. Бұл ретте қызмет көрсету деңгейі баға мен клиенттің қайтып келуіне тікелей әсер етеді. Бұл жайлы Алматыдағы қонақүйлердің бірінің атқарушы директоры Оксана Светенко айтып өтті. 

«Сапалы қызмет көрсетудің жетіспеушілігі анық сезіледі. Неге дейсіз бе? Өйткені тренингке арналған арнайы орталықтар жоқ. Мен қонақүй басқарушысы ретінде мынадай дилеммаға тап болдым: ішкі бағдарламалар бар, бірақ қызмет көрсетумен айналысатын қызметкерлердің сырттан сапалы білім алуға мүмкіндігі жоқ. Жастар да тұрақсыз. Ресепшн қызметкерлері мен даяшылар ұзақ қалмайды — ең көбі екі жыл, содан кейін кетіп қалады. Біз қызметкерді дайындаймыз, ақша мен уақыт жұмсаймыз, бірақ қызмет көрсету деңгейі бәрібір төмендей береді».

Өзгерістер мен айдентика

Қонақүйлердің бір бөлігі заманауи туристтің үмітін ақтаса, нысандардың едәуір пайызы жаңартуды қажет етеді. Сондай-ақ жағдайды қонақтардың жеке қалаулары қиындатады. Қонақтардың басым бөлігі үшін жергілікті мәдениетке бейімделген дизайн мен нақыштар маңызды.

Дизайнерлердің айтуынша, ұлттық декор мен тарихи элементтер қазақстандық қонақүйлердің танымалдылығын арттыруға үлкен септігін тигізе алар еді. Бірақ шығынның өсуіне байланысты көптеген нысандар өзгеріс енгізуді кейінге қалдырады. 

Төзімділікті сынау 

ҚҚС-ның 12%-дан 16%-ға өсуі — маңызды өзгеріс. Бірақ басқарушылардың пікірінше, бұл жүктеменің бір бөлігі ғана. Оған қарағанда шығынның жалпы өсуі көбірек әсер етеді:

  • жеткізушілер қыркүйектен бастап бағаны көтеріп жатыр
  • шығын табысқа қарағанда тез өсуде
  • бюджетті болжау қиындай түсті

Нарықтың жауабы — қатаң қаржылық тәртіп:

  • әр бөлменің өзіндік құнын ай сайын қайта есептеу
  • тарифтер мен корпоративтік шарттарды жаңарту
  • динамикалық баға белгілеуге көшу — яғни әр бөлменің бағасын сұранысқа, жүктемеге және нарықтағы жағдайға байланысты жүйелі түрде өзгерту

 

Көріп тұрғанымыздай, 2026 жылы бизнес ашық жұмыс істеп, шығындарды есептеу және клиенттерге бағаны түсіндіру қабілетін жақсартуы қажет. Тұрақтылық нақты есептеулерді, айқын жұмыс барысын және икемді сату құралдарын қажет етеді.