2025 жылы бизнеске субсидия беру тәртібіндегі өзгерістер
Кәсіпкерлер үшін бұрынғы және жаңа шарттарды салыстырамыз

2025 жылдың 2 маусымынан бастап несиелер бойынша пайыз мөлшерлемесін субсидиялау ережелері жаңартылып, күшіне енді. Өзгерістер бизнесті дамытуға несие алғысы келетін және оны мемлекеттік қолдау арқылы субсидиялауды көздейтін кәсіпкерлерге қатысты. Субсидия беру тәртібінде не өзгергенін, бағдарламаның жаңа шарттары кімге әсер ететінін және бизнеске арналған мүмкіндіктерді осы мақалада қарастырамыз.
Субсидиялау деген не және бизнеске тиетін пайдасы
Субсидиялау — бұл мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрі, мұнда кәсіпкер алған несие мөлшерлемесінің бір бөлігін мемлекет өтейді. Яғни кәсіпкер бизнесті ашуға немесе дамытуға несие алады, ал оның бір бөлігін өтеуге мемлекет тегін көмектеседі.
Субсидияны алу үшін келесі шарттар орындалуы тиіс:
- қаражат тек белгіленген мақсаттарға жұмсалуы керек — инвестицияларға, яғни жабдықты сатып алу, өндірісті кеңейту немесе айналым қаражатын толықтыру
- бизнес салалық талаптарға сәйкес келуі тиіс
- кәсіпкер оған қойылған міндеттемелерді орындауы керек — екі жылдан кейін салық төлемдерінің мөлшерін мен жұмыс орындарын 10%-ға арттыруы тиіс
- қаражаттың мақсат бойынша пайдаланғанын растайтын ресми құжаттар болуы керек, — шот-фактуралар, чектер, актілер, жүкқұжаттар, олар жоба мониторингі кезінде тексеріледі
Егер бұл шарттар орындалмаса, субсидиялау тоқтатылады және кәсіпкер бөлінген қаражатты қайтаруға міндетті болады.
2025 жылдан бастап субсидиялау ережелеріндегі негізгі өзгерістер
2025 жылдан бастап Қазақстанда несиелер бойынша пайыз мөлшерлемесін субсидиялаудың екі түрі ғана жұмыс істейді:
- Портфельдік субсидиялау шеңберінде — тек микро және шағын бизнес үшін
- Жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) арқылы субсидиялау
Әр бағыт бойынша тәртіпті толығырақ қарастырайық.
2025 жылы субсидия алатындар
2025 жылдың маусымнан бастап Портфельдік субсидиялау шеңберінде 200 млн теңгеден аспайтын несие бойынша тек микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне ғана субсидия алуға рұқсат. Бұларға келесілер кіреді:
- микробизнес: штат саны — 15 адамға дейін, жылдық табыс — 30 000 АЕК-ке дейін, яғни 2025 жылы — 117 960 000 теңге
- шағын бизнес: штат — 100 адамға дейін, табыс — 300 000 АЕК-ке дейін, яғни 2025 жылы — 1 179 600 000 теңге
Орта және ірі бизнес енді қор бағдарламаларына қатыса алмайды.
Портфельдік субсидиялаудың жұмыс істеу тәртібі
Банк шешімді Портфельдік субсидиялау шеңберінде кәсіпкерлердің жобалары бойынша «Даму» қорының қатысуынсыз дербес қабылдайды.
Жоба субсидиялау портфеліне қосылу үшін негізгі шарттарға сай болуы керек:
- бизнес ЖК немесе ЖШС ретінде тіркеліп, қызметкерлер саны мен жылдық айналымы бойынша микро немесе шағын кәсіпкерлік түріне сәйкес болу
- несие сомасы — 200 млн теңгеге дейін
- қызмет түрі басым салалар тізіміне кіруі тиіс
Субсидиялауға жататын салалар
«Даму» қорынан берілетін субсидиялар келесі салаларға жатуы керек:
- өңдеу өнеркәсібі — азық-түлік, тоқыма, киім, қағаз, жиһаз және басқа өнімдер өндірісі
- көлік және қоймалау
- туризм — бес жұлдызды қонақ үйлерді, пәтерлерді және тұрғын үйлерді қоспағанда, орналастыру және тамақтандыру қызметтері
- білім беру
- медицина, денсаулық сақтау
- баспа ісі — мектеп оқулықтарын шығару
- ветеринария қызметі
ЭҚЖЖ толық тізімін мына сілтеме арқылы «Басым салалар» бөлімінен көруге болады.
Субсидиялау мерзімі
Бұрын субсидиялау мерзімі кейбір салалар бойынша бес жылға дейін созылатын. Енді несие мақсатына — инвестиция немесе айналым қаражатын толықтыру болғанына қарамастан, бірыңғай мерзім белгіленген — 3 жылдан аспайды.
Несие мөлшерлемесі
Бұрын банк мөлшерлемесі 20,25%-ға дейін жеткен болатын, бұл ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінен + 7 пайыздық тармақтан тұратын, оның ішінде кәсіпкер оның 7–8% төлеп, ал қалғанын мемлекет субсидиялаған.
Енді шарттар келесідей негізделген:
- несие бойынша ең жоғары мөлшерлеме: Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі + 4%
- оның 40%-ын мемлекет субсидиялайды, бұл ретте кәсіпкер үшін мөлшерлеме 12,3 %-дан кем емес болу керек, ал қалған 60%-ын кәсіпкер төлейді
Мысалы, егер Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі 16,5% болса, онда несие бойынша ең жоғары мөлшерлеме 20,5% болады (16,5%+ 4%). Мемлекет толық мөлшерлеменің 40%-ын, яғни 8,2%-ын субсидиялайды, ал қалған 60%-ын, яғни 12,3% кәсіпкер өтейді.
- Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі — 16,5%
- бағдарлама бойынша базалық мөлшерлемеге үстеме — +4%
- несие мөлшерлемесі — 20,5%
- мемлекет субсидиялайды (40%) — 8,2%
- кәсіпкер төлейді (60%) — 12,3%
Әлеуметтік кәсіпкерлерге мөлшерлеме бұдан да төмен болады — 11,3%-дан басталады. Бұрын олар 7% мөлшерлемемен субсидияланған.
Осылайша, мемлекет қазір белгіленген пайызды емес, мөлшерлеменің 40%-ын өтейді. Бұл субсидиялау шарттарын неғұрлым ашық етеді: базалық мөлшерлеме өскен кезде есептеу пропорционалды болады, ал базалық мөлшерлеме 16,5%-дан төмен түскенде — кәсіпкер әлі де кемінде 12,3% мөлшерлемесі бойынша төлейді, қалғанын мемлекет өтейді.
Субсидия алуға өтінім беру
Өтінім беру тәртібі:
- «Даму» қорымен жұмыс істейтін банктердің біріне жүгіну — тізімді damu.kz сайтынан нақтылап, білген жөн.
- Субсидиялау бағдарламасы аясында несиеге өтінім беру.
- Банк жобаның субсидиялау шарттарына сәйкестігін тексереді — қызмет саласы, бизнес күйі, несие сомасы.
- Егер банк оң шешім қабылданса — ол несиені мақұлдап, кәсіпкермен несие шартын жасайды және «Даму» қорына несие өтеу кестесін, несие шартының көшірмесін, кәсіпкердің өтінімін мақұлдау туралы хабарлама жібереді.
- Қор бюджет қаражаты болған кезде субсидияларды кесте бойынша аудара бастайды.
Өтінімді қарастыру кезінде бизнес-жоспар, жоба төлқұжаты немесе басқа да құжаттар қажет болуы мүмкін, бірақ құжаттардың толық тізімін таңдаған банкте нақтылаған дұрыс, ол барлық жерде өзгеше болады.
Орта және ірі бизнеске арналған субсидиялар
Орта және ірі бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) арқылы субсидиялауға қатыса алады.
Бұл субсидия түрінің шарттары:
- қатысушылар — жеке кәсіпкерлік субъектілері
- субсидия мақсаты — инвестиция немесе айналым қаражатын толықтыру
- несие сомасы, субсидиялау мерзімі, басым салалар — мұның бәрі әртүрлі болады және әр аймақ деңгейінде белгіленеді
- ең жоғары мөлшерлеме: базалық мөлшерлеме + 4%
- қорытынды мөлшерлеме — 12,5%
- субсидиялау бойынша соңғы шешімді әкімдік қабылдайды
Есте сақтайтын жайттар
2025 жылдың маусымынан бастап Қазақстанда несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялаудың екі түрі ғана қалды — бұл «Даму» қоры арқылы портфельдік субсидиялау және жергілікті атқарушы органдар есебінен субсидиялау.
Портфельдік субсидиялау шеңберінде тек микро- және шағын бизнестің 200 миллион теңгеден аспайтын, мерзімі үш жылға дейінгі жобалары қолдау алады. Егер жоба ауқымды болса және портфельдік субсидиялау Ережелеріне сәйкес келмесе, жергілікті атқарушы органдар есебінен субсидиялау үшін әкімдікке жүгінген жөн. Мұнда несие сомасы, мерзімі, салалары аймаққа байланысты жеке белгіленеді.
Субсидиялау ережелеріндегі өзгерістер — бұл бағдарламаның шарттарын қайта қарастыру және мемлекеттік қолдауды нақты, мақсатқа сай және арзанырақ ету әрекеті. Портфельді субсидиялау шеңберінде қолдауды тек басым салалардағы шағын кәсіпкерлік субъектілері үш жылға дейін ғана ала алады. Басқа жобалар бойынша — әкімдікке жүгінуге болады.