Өндірісті іске қосу кезіндегі сынақтар

60 күнде зауыт ашу: 7-бөлім

Өндірісті іске қосу кезіндегі сынақтар

Егер өндірісті жоспар бойынша іске қосамын деп ойласаңыз, қателестім дей беріңіз. Іс жүзінде барлығы өзгеріске ұшырайды: іске қосу мерзімі ауысып, күтпеген шығын пайда болады, көп нәрсе жеткізушілер мен бюрократияға байланып қалады. Осының бәрі қазір жобамыздың аясында өз басымыздан өтіп жатқандықтан, біздің қателіктерімізді ешкім қайталамас үшін мақалада бәрін егжей-тегжейлі тарқаттық.

Газ: бастапқыда оңай көрінген шешімнің салдары

Басында газгольдер орнатып, тез-ақ іске қосылып кетеміз деген қарапайым жоспарымыз болған. Бірақ жұмыс барысында бұл шешімді өзгертіп, магистральдық газға қосылуға тура келді.

Содан кейін келісім алып, түрлі қолтаңбалар жинап, рұқсатты ұзақ күтіп, мерзімдердің қайта-қайта кейінге қалуымен бетпе-бет келдік. Мұндай жағдайға алдын ала дайындалу мүмкін емес. Процесті жеделдетуге мұршаң келмей, өз ырғағымен жүретін жүйенің бір бөлігіне айналасың. Кейде бәрін өзің басқарып отырғандай көрінеді, бірақ шын мәнінде олай емес екенін аңғарасың.

Түйін: инфрақұрылым мен мемлекеттік органдарға қатысты істерге жоспарлағаннан көбірек уақыт бөлу керек, себебі іс жүзінде бәрі күткеннен ұзаққа созылады.

Құрылыс: іс жүзінде сақталмайтын мерзімдер

1 сәуірге дейін нысан толық дайын болады деп жоспарлаған едік. Бірақ құрылысты аяқтау керек күн жақындап қалғанда, бәрін толық аяқтау үшін кемінде тағы екі апта керегін түсіндік.

Мәселе мердігерлерде емес, құрылыстың ерекшеліктері көп болғандықтан, ұсақ түзетулер мен қайта жасауды қажет ететін тұстар шығып отырды. Кейбір нәрселер тек жұмыс барысында ғана байқалады. Бәрі дұрыс жүріп жатқандай көрінгеннің өзінде, соңғы нәтиже жоспарға сәйкес келген сәттер сирек кездеседі.

Түйін: құрылыстың белгіленген мерзімге сай орындалуы сирек.

Жабдық: еленбей қалатын фактор

Ең жағымсыз сынақтардың бірі жабдықпен байланысты. Өндірушіні таңдап, ақысын төлеп, мерзімін келісіп, бәрін алдын ала жоспарласаң да, әрі қарай еш бақылай алмайтын жағдайлар орын алады. 

Бізде жабдықтың шығу тегіне қатысты құжаттармен мәселе туындап, шығаратын зауыт  тарапынан кешіктірулер болды. Нәтижесінде бәрі тағы үш аптаға созылып кетті. Нысан дайын, бірақ іске қосыла алмайсың.

Түйін: қосымша жоспар болмаса, жалғыз жеткізушіге сеніп отырған қате.

Ақша: жиі айтылмайтын әңгіме

Бюджет — ең сезімтал тақырыптардың бірі. Ақшаға келгенде іс жүзінде орын алатын нәрселер күткеннен әлдеқайда қиынға соғады.

Құрылысқа бөлген қаражатымыз бір жарым есе өсті. Құрылыс барысында қосымша жұмыстар, өзгерістер мен толықтырулар пайда болып отырады, сондықтан жоба бастапқы күйінде сирек сақталады.

Егер бюджетте қор болмаса, үнемдеуге болмайтын жерден үнемдеп, жұмыс барысын баяулатып, сәтсіз шешімдер қабылдай бастайсың.

Соңғы түйін

Мұндай жағдайлармен өндірісті іске қосумен айналысатындардың көбі кездеседі. Егер алдын ала дайын болсаң, бұл кезеңнен өту әлдеқайда жеңіл болады.

Жоспарлау кезінде бірден бюджет пен уақытқа шамамен 30% қосып, артық есептеген дұрыс  — іс жүзінде көбіне солай болып шығады.

 

Өндірісті еш қиындықсыз іске қосу екіталай. Уақыт пен ақшаны көбірек бөлген жағдайда бәрі жеңілірек өтеді. Ондай мүмкіндік болмаса, әрбір қателік жұмыс ырғағын бұзады.

Әдетте мұндайда жобаның әрі қарай жалғасатыны не тоқтайтыны да айқын болады.