Сәуір айындағы бизнес жаңалықтары
Қазақстандағы кәсіпкерлер үшін негізгі өзгерістер

Қазақстанда шағын және орта бизнес экономиканың басты тірегіне айналды, бизнесті жабу барысы жеңілдеді, алдағы уақытта жасанды интеллектті енгізу бойынша мемлекеттік қолдау күтіліп жатыр. Кәсіпкерлерлік саласындағы трендтерді бақылап жүргендерге арналған сәуір айының ең маңызды жаңалықтарын жинақтадық.
ШОБ ел экономикасына ерекше үлес қосты
2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі жалпы ішкі өнімінің 40,9%-ын шағын және орта бизнес қалыптастырды. Бұл — соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш. Бизнес өндірген өнім көлемі 105 трлн теңгеге жуықтады. Бүгінде шағын және орта бизнес саласында 4,5 млн адам жұмыс істейді, яғни елдегі жұмысқа қабілетті халықтың жартысына жуығын құрайды. Бұл көрсеткіштер шағын және орта бизнестің экономиканы алға сүйрейтін басты күш екенін дәлелдейді.
Бүгін жұмыс істеп тұрған бизнес нысандарының үлесі мынадай:
- ЖК — 71,6%
- шағын заңды тұлғалар — 17,1%
- шаруа және фермер қожалықтары — 11,2%
- орта бизнес — 0,1%
Бизнестің негізгі бағыты — сауда. Көтерме және бөлшек сауда мен автокөлік жөндеу саласына мынадай көрсеткіштер тиесілі:
- 35% — бизнес нысандарының үлесі
- 30,5% — жұмыспен қамту деңгейі
- 27% — шығарылған өнім көлемі
Өңірлер арасында ШОБ-тың Казақстан экономикасындағы үлесі бойынша Астана (65,9%), Алматы (59,8%) және Шымкент (56%) қалалары көшті бастап тұр.
Бизнесті жабудың оңайлатылған тәртібі
Микро және шағын бизнес үшін «Таза парақ» жүйесі іске қосылды. Енді кәсіпкерлер қызметін тексеріссіз-ақ тоқтата алады.
Негізгі шарттар:
- ҚҚС төлеушісі емес
- салық пен әлеуметтік төлемдер бойынша қарыз жоқ
- арнайы қызмет түрлері бойынша тіркелмеген
Бизнесті тоқтату үшін өтініш беру, соңғы есепті тапсыру және касса аппаратын есептен шығару жеткілікті. Жаңа жүйе артық құжатбастылықтан арылтып, жұмысын адал атқаратын бизнес иелеріне қолайлы жағдай жасайды.
Жасанды интеллект енгізуге қолдау
Қазіргі уақытта жасанды интеллект (ЖИ) шағын және орта бизнес үшін қымбат әрі күрделі құрал болып отыр. Кәсіпкерлерге оны қолданудың нақты тәсілдері мен білікті мамандар жетіспейді.
Жалпы жоспарланған шаралар бизнес үшін ЖИ технологияларын қолжетімді етуге бағытталған. Мемлекет арнайы қолдау құралдарын әзірлеп, технологияларды енгізу шығынын азайту жолдарын қарастырып жатыр. Бұл бастамалар кәсіпкерлердің жұмыс тиімділігін жаңа деңгейге көтеруге тиіс.