SKETO.Coffee: Астанада кофе мәдениетін дамыту жолы

Бір алаңда тоғысқан үш жоба

SKETO.Coffee: Астанада кофе мәдениетін дамыту жолы

SKETO.Coffee жобасы кофехана, кофе академиясы және жабдық сататын шоурумді бір жерде біріктірген алаң, яғни кофе мәдениетін күннен күнге дамытып, қала тұрғындарына қол жетерлі ететін орын ретінде құрылған. SKETO-ны Нұржігіт, Әнуар және Марат атты үш серіктес ашты. Әрқайсысы тәжірибесін бөлісіп, өнім ерекшеліктерін терең түсіну және басқаларға үйретуден бастап, қызмет көрсету және кәсіби жабдықпен жұмыс істеуге дейінгі білімін қолданды.

Біз SKETO.Coffee командасымен кездесіп, жобаның идеясы қайдан шыққаны, неліктен қаланың оң жақ жағалауында орналасқаны, концепциясы қалай қалыптасып, есебі қалай жүргізілетіні туралы әңгімелестік.

SKETO.Coffee жобасын ашу тарихы

Нұржігіт:

Бір жобаға кофешоп, жабдық сататын орын және білім беру алаңын біріктіру идеясы бұл саладағы әр маманның ойында бар шығар. Бәрін бір жерде жинау — бір арман. Мұндай жобалар басқа елдерде де бар, бірақ Қазақстанда өте аз. Бізде жабдық сататын компаниялар да, кофе қуырушы компаниялардың кофеханалары да, тренерлер мен мамандар ашқан академиялар да әдетте бөлек болады.

Жалпы қарасақ, Астанада кофе саласы соңғы бес жылда қарқынды дами бастады. Кофе халыққа танымал өнім болғанымен, кәсіби тілмен айтқанда оның дамуының бірінші, екінші, үшінші толқыны бар. Әр толқын кофехана деңгейі мен көзқарасын айқындауға көмектесетін өзіндік сипатқа ие. Соңғы жылдары өнімге, сапаға, қызмет көрсету деңгейіне айрықша мән беретін жобалар Астанада көп ашылды. Ас үйі бар, ас үйі жоқ деп форматы түрленгенімен, қала тұрғындары кофе дәмі мен мәдениетіне қызығушылық білдіреді деген жалпы тренд байқалады. 

Астанада кофе сүйер қоғам қалыптасып, адамдарға кофенің өзі де, кофе мәдениеті де шынымен қызық екені білінген сәтте біз бірнеше мақсатты бірден орындайтын орын ашуға бел будық.

Жобаның атауы

Әнуар:

SKETO сөзі грек тілінен «таза, қоспасы жоқ» деп аударылады. Біз кофені шәрбат, сүт, қоспасыз таза күйінде ішкен дұрыс деген ойды баулуға тырысамыз. Sketo сөзін Грекияда жергілікті сленг ретінде пайдаланады, оны эспрессо, американо, батч брю аларда айтуға болады. Бізге оның айтылуы да, мәні де ұнады.

Нұржігіт:

Біз бұл концептті әрі қарай дамытып, дизайн көмегімен жасыратын ештеңеміз жоқ деп айтқымыз келді. Мысалы:

  • біздің бар 360° ашық, ішін жан-жақтан қарауға болады
  • академияның қабырғалары мен есіктері әйнектей мөлдір
  • кеңсенің есігі де мөлдір 
  • бөлме өте кең және витраж әйнекті терезелерден толық көрінеді

Келген-кеткен қонақ бұған таң қалады, алайда біз ештеңе жасырмаймыз деген ұстаныммен жұмыс істеп келеміз. Бұл философия біздің ұжымда да қолданылады: қызметкерлер бүкіл процеске бірдей кірісіп, командамыз бірыңғай дамиды. Ашық болу — SKETO негізгі қағидаларының бірі. 

Бизнестің құрылымы

Нұржігіт:

Біз адамдарға бәрін бір жерден алуға болатын алаң жасағымыз келді.

Кофешоп. Кофені өзіміз қуырмасақ та, жергілікті кофе қуырушылардың көбі ұсынған өнімді пайдаланамыз (7–8 бренд). Жоспарымызда ассортиментті көбейту де бар. Біз бұны қонақтарға ыңғайлы болсын деп істедік: Астанадағы өндірушілердің көбі дүкен ұстамайды. Олардан тек тікелей тапсырыс беріп алуға немесе агрегаторлар арқылы сатып алуға болады, алайда бұған уақыт жұмсап, жеткізу ақысын төлеу керек. Біздің кофешопта бәрін бір жерден алуға болады.

Бағамыз көбінесе қуырушылардың бағасындай, үстінен көп артық баға қосылмаған. Келіскенімізге қарай кейде сәл қымбатырақ та болуы мүмкін. Біз жақсы өнім қол жетерлі болуға тиіс деп ойлаймыз.

Әнуар:

Академия және білім беру қызметі. Қазір бізде үш курс бар:

  • үйде демдеу — кофені үйде ішіп, өнім туралы көбірек білгісі келетіндерге арналады
  • бариста курсы — кәсіби құрылғымен жұмыс істеуді үйретіп, бүкіл теорияны береміз. Курс бастапқы және орта деңгейге бөлінеді
  • қолдан демдеу тәсілдері (балама тәсіл/сүзгі) — бұл да екі деңгейлі курс

Академияны жалға алуға болады. Бұл қызметке сұраныс аса көп емес — біз оны кофе саласындағы мамандарға арнап жасадық. Ол әсіресе басқа қалалардан немесе елдерден Астанаға курс өткізуге келетін, өз кеңсесі жоқ мамандарға ыңғайлы. Академия толық жабдықталып, үнемі жаңарып тұрады. Бұл да біздің кофе мәдениетін дамытуға қосқан үлесіміз. Қазақстан кофе қауымдастығы өте мейірімді. Сондықтан біз түрлі форматта бірге жұмыс істеп, серіктесуге әрдайым дайынбыз.

Жабдық сататын шоурум. Біз кофе машиналарын, кофе ұнтақтағыштар мен аксессуарларды үйге және бизнес иелеріне бір жерден таңдап алуға көмектесеміз. Сонымен қатар бізде қолдау қызметі де бар. SKETO мақсаты — барлық қызмет түрін бір жерден ұсыну. 

Біздің шоурумда көптеген бренд жинақталған: жабдықтың түр-түрін таңдауға болады. Түрлі брендтердің ресми дистрибьюторлары да серіктесейік, өнімдерімізді жарнамалайық деп бізге хабарласады.

Команда 

Нұржігіт:

Бізде әркім өз міндетін атқарады. Әнуар екеуіміз кофешоп пен академияға жауап береміз: оқыту курстары, өнім, дәм, сапа жағын біз қадағалаймыз. Марат B2B сегментіне жауапты, яғни кәсіби жабдық пен кофе машиналар — оның қарамағында. Әркім өз жұмысын орындайды, бірақ кей жағдайда жауапкершілік өзара қиылысады. Жалпы SKETO командасында 10 адам жұмыс істейді.

Бізге команданың маңызы зор. Қызметкерлеріміз сайыстарға дайындалғанда біз оларды қаржылай да, дайындық жағынан да толық қолдаймыз. Олар бірнеше чемпионатта жүлделі орынға ие болды. 

Локация таңдау

Нұржігіт:

Орналасу орны бізге өте маңызды болды. Астанадағы жаңа кофеханалардың көбі қаланың заманауи аймағы — сол жағалаудағы аудандарда ашылып жатыр. Бірақ ол жердегі кеңселердің бәрі бірдей: төбесі биік кең коммерциялық алаңдар. Біз жайлы орын іздеп, оны қаланың оң жаңалаудағы ескі ауданда таптық. Қонақтарымыздың көбі қазір сол жағалаудан әдейі келіп, бізді қатты қуантады.

Әнуар:

Біз таңдаған орынның тағы бірнеше артықшылығы бар:

  • қаланың оң жақ жағалауында бәсеке аз
  • үлкен витраж әйнектердің болғаны бізді басқалардан ерекше етеді
  • кіреберісте тегін тұрақ бар — Астана тұрғындарына өте ыңғайлы

Нұржігіт:

SKETO ауданы шамамен 120 ш. м, оған академия (17 ш. м) мен шоурум кіреді. Бізде техникалық жүктемеге қатысты талап көп болды: кәріздендіру жүйесін толық жаңарттық, электр қуатын 50 кВт шамасында орнаттық. Мұны ескі үйде жасау оңай болмады. Біз бөлмелерді толық жаңартып, жылыту жүйесін де толық ауыстырдық. Жөндеуге жарты жыл кетті. Форс-мажор да көп болды, мысалы, жиһазымызды кешігіп жеткізіп берді. Мұны жаңа жоба ашқан адамдар түсінетін шығар. Қазір оның бәрін еске алып, күлеміз. Басымыз үшеу болып, қасымызға команда жинап істегеніміз жақсы болды, бәріміз бір-бірімізді қолдап отырдық.

Әнуар:

Кофеханада бар болғаны 30–35 отыратын орын бар: 30 орнықты орын және бірнеше қосымша орындық қойдық. Қай жерде отырсаңыз да ыңғайлы болады. Қонақтар терезе алдындағы жылитын орынды жиі таңдайды: жылы әрі ыңғайлы болғанынан қыста ол жерге 4–5 адамнан отырады.

Көзделген аудитория

Нұржігіт:

Біз бір-ақ аудиторияға көзделіп шектелмейміз. Жобамыз бәріне ашық әрі түсінікті болсын дейміз. Қызметкерлерді қонақтармен қарапайым тілмен сөйлесіп, кәсіби сөздерді айтпаңдар деп үйретеміз. Бізде түрлі сайыс жеңімпаздары мен тәжірибесі мол мамандар жұмыс істейді, бірақ біз бәрімен тіл табысып, ашық болғымыз келеді. Мақсат тек қара кофе ұнататындарды ғана тарту емес. Бізге күнде келетін адамдар:

  • бизнесмендер
  • жастар
  • отбасылар
  • таңертең көрші үйден кофе ішуге келетін зейнеткерлер

Бизнес есебін жүргізу 

Нұржігіт:

Біз әр айдың соңында АВС-талдау жасап, мәзірдегі қай өнім табыс әкеліп, негізгі пайда көзіне айналғанын және қайсысы сатылмай, жұмысты қиындататынын анықтаймыз. Мұның көмегімен біз басты сусындарды көріп отырып, А санатындағы жиі сатылатын өнімдердің жеткілікті болуын қадағалап, сатып алатын нәрселер мен шығынды ыңғайлы басқарамыз. Сонда мәзірдегі сусындар да оңай әрі жылдам дайындалады.

Оған қоса біз ай сайынғы орташа чек сомасын тексеріп, оны көбейтуге ұмтыламыз. Жұмысты да сол мақсатқа жететіндей жоспарлаймыз. Ай сайын бәрін тексеріп, түгендеп, есептеу жүйесінде тіркейміз.

Барлық цифр мен деректі Poster есептеу жүйесінде қадағалаймыз. SKETO-ға есеп жүйесін таңдаған кезде талаптарымызға икемді болсын деп іздедік. Біздің сусындар «пазл» сияқты құрастырылады, олардың құрамында көптеген компонент пен модификатор бар, сондықтан бізге құрамы күрделі сусындарды жеңіл есептейтін жүйе қажет болды.

Poster бұл талапты оңай орындап, жүйеге модификаторларды қосуға және оларды автоматты түрде тіркеп шегеруге жағдай жасады. Әнуар екеуіміз меншік иелеріне арналған Poster Boss мобильді қолданбасында сауда көрсеткіші мен басқа да көрсеткіштерді күн сайын тексеріп, процестерді қай жағынан жақсарту қажет екенін қарап отырамыз.

Сауда 

Нұржігіт:

Біздің мәзір өте жеңіл: классикалық кофе, балама демдеу тәсілдері, жыл бойы ұсынылатын салқын сусындар, шайдың түр-түрі бар. Клиенттер классиканы бәрінен жиі таңдайды. Біз ай сайын Poster-ден қай сусындар жақсы сатылып, қайсысы сатылмай қалатынын қарап отырамыз. Ол арқылы шілде айынан (ашылған сәттен) қыркүйекке дейін күніне екі фильтр термосын сатқанымызды көрдік. Қазір күніне орта есеппен 6–7 термос сатылады. Бұл сауданың жақсы өскенін білдіреді.

Бізде балама демдеу тәсілдерінен алдымен тек Hario V60 Switch қана болды — бұл құрылғының көмегімен демдеу процесін ыңғайлап, сапасын біркелкі сақтауға болады. Оны кофеханада пайдалануға қолайлы деп, бірден орнаттық. Басқа тәсілдер (Aeropress, Chemex) кейде тиімсіз болып, ұмытылып қалып, мәзірде де текке орын алады.

Маркетинг

Нұржігіт:

Instagram. Біз сапалы, жағымды контент жасауға тырысамыз. Фотолар мен бейнелер әдемі әрі тартымды болсын деп, бәрін кәсіби камераға түсіреміз. Аккаунтта кофехана, жабдық, білім беру бағытының үшеуін де көрсетеміз. Алғашқы жарты жылда парақшамызға шамамен 2 500 адам жазылды. Аудиториямыз белсенді: посттарды қарап, пікір жазып, жақсы әрекеттеседі. Алғашқы жарты жылда біз медиакеңістікте табиғи жолмен дамуға тырыстық.

Ивенттер. Біз ай сайын кофе және шай тақырыбында екі іс-шара өткіземіз. Оған мамандарды шақырамыз, шебер дәрістерін өткіземіз, дегустация ұйымдастырамыз. Сөйтіп жаңа клиенттерді тартып қана қоймай, қауымдастық құруға, тәжірибе бөлісуге, қалада кофе мәдениетін дамытуға үлес қосамыз. Барлық ивентті Instagram-да көрсетіп, аудиторияның назарына түсіп, жобамызды табиғи жолмен жарнамалаймыз. 

«Ұзынқұлақ» арқылы жарнамалау. Threads сияқты басқа платформаларда халық көп наразылық білдіретінін байқадық. Біз ол жерге ештеңе салмаймыз, алайда жобамыз қонақтардың пікірлері арқылы өздігінен танымал болып келеді. Бұған дейін көрген барлық посттарда тек жақсы пікір жазылған. Бұл халық тарататын «ұзынқұлақ» маркетингтің жақсы жұмыс істейтініне тағы бір дәлел.

Алғашқы жарты жылда біз аудиториямызды байқап, жақынырақ таныстық. Контенттің әр түрін сынадық, жазылушылардың реакциясын бақыладық, мәзір мен ивент форматтарын түзеттік. Біздің бас мақсатымыз — табиғи жолмен дамып, кофе сапасы мен мәдениетіне мән беруші бейілді аудитория қалыптастыру болды.

Болашақ жоспар

Әнуар:

Болашақта бизнесті кеңейтіп, жобаның сапасы мен негізгі ойын жоғалтпай табыс мөлшерін біртіндеп көбейткіміз келеді. SKETO — үйреншікті кофехана емес, саланы дамытып, кофе қауымдастығының болашақ көшбасшысы бола алатын кәсіби маман дайындайтын алаң болса екен дейміз.

Сонымен қатар біз Астанада кофе мәдениетін әрі қарай дамыта бермекпіз. SKETO болашақта тәжірибе алмасатын орталық және шебер дәрістері мен білім беру бағдарламаларын өткізетін алаң болып, саладағы әріптестер мен қонақтарға дағды көтеретін, эксперимент жасайтын, шабыт алатын орынға айналады. Өңірдегі кофе мәдениетін біртіндеп көтере отырып, жобамыз бен кофе саласын бірдей дамыту — біздің негізгі миссиямыз.