Victory Mexico: Алматыда қонақтарды Мексика мәдениетімен таныстыру

Тағам, сусын, көңіл күй

Victory Mexico: Алматыда қонақтарды Мексика мәдениетімен таныстыру

Мақаланың мазмұны

  • Telegram-да талқылау

Victory Mexico бары 2020 жылғы наурызда локдаунға бірнеше күн қалғанда ашылып, алты жылда Мексика мәдениетін дәріптейтін орынға айналды. Бардың ортақ иелерінің бірі Артем Савгира мекеме форматын қалай іздегенін, рецепттерді неліктен өзгертуге тура келгенін, қонақтар көбінесе не тапсырыс беретінін және барда табаскодан да ащы бұрыш жегізетін сайыс не үшін ұйымдастырылатынын айтып берді.

Мексика тағамдарынан басталған идея

Артем Мексика тағамдарына бұрыннан қызығатын. 2020 жылға дейін Алматыда мұндай тағамдарды ұсынатын орындар кең таралмаған еді, жергілікті тұрғындар дөнер мен бурритоның айырмашылығын түсіне бермейтін.

Бар ашу идеясы Артемнің саяхаттаған кезінде пайда болды. Артем жақсы дайындалған Мексика тағамдарының ерекше әрі дәмді екенін көріп, дәм татқан жерге тәжірибе алуға орналасыпты. Сонда жүрген кезде ол Мексика мәдениетінің текила, тако мен кактустар туралы қалыптасқан түсініктен әлдеқайда кең екенін көрді.

Артем басқа елдерден Мексика тағамдарын ұсынатынорындарды зерттеп, Алматыда ашуға болатын формат іздей бастады. Оның ойында ішімдік қана құятын орын емес, қонақтарды Мексика мәдениеті мен ерекшеліктерімен таныстыра алатын кеңістік құру болды.

Сөйтіп, Артем Нина Всеволодовамен бірлепсіп бар ашты. Бұған дейін Нина бізге бар орналасатын орынды қалай таңдағанын және пандемия кезінде бизнесті қалай іске қосқанын айтып берді. Артем барды басқарып, бас аспаз қызметін атқарады: рецепттерді бейімдейді, тағамдардың дәмін бір-біріне үйлестіреді, мәзір құрастырады.

Мексика мәдениеті ұлттық тағаммен ғана шектелмейді

Бардың негізгі идеясы — қонақтарға өздерін Қазақстаннан шықпай-ақ Мексикада жүргендей сезінуге мүмкіндік беру. Бұған музыка, тағам, тұздық, айналадағы түстер, дизайн және жайлы орта жағдай жасайды.

«Жайлы ортада музыка тыңдап, дәмі ерекше тағамдардан дәм татсаң, өзіңді басқа елде жүргендей сезінесің», — дейді Артем.

Көпшіліктің Мексика туралы түсінігі сомбреро, кактус, текила деп қана шектеледі. Victory Mexico командасы бұл елді тереңірек таныстырғысы келеді. Команда Мексиканың салт-дәстүрін, соның ішінде өлілер күні мен халықтың өлімге деген көзқарасын зерттеп, барды безендіргенде ескерді.

Тағамның дәстүрлі дәмін жергілікті халыққа бейімдеуге тура келді

Бастапқыда Артем тағамдарды Мексикадағыдай дәстүрлі етіп дайындауға тырысты. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, жергілікті қонақтардың бәрі бірдей бұл елге тән қышқыл, ащы әрі тұзды тамаққа үйренбеген.

«Біздің адамдар тым қышқыл, ащы, тұзды тағамдарды онша ұнатпайды», — деп түсіндіреді ол.

Сондықтан команда бастапқы рецепттерді өзгертуге мәжбүр болды. Уақыт өте келе қонақтар Мексика тағамдарымен танысып, дәмі басқа тамаққа үйрене бастағанда, команда мәзірге бұрын алып тастаған кейбір тағамдарды қайта қосты.

Мексика тағамдарының дәмі мен рецепті өңірден өңірге қарай өзгереді. Артем Мексика тағамдарын әртүрлі жерден жеп көрген: біреуінде тако ерекше дәмді болса, басқа біреуінде шелпек немесе гуакамоле жақсы болады.

Артемнің айтуынша, тамақ дайындағанда рецептті ұстанғанмен бірге жұмысқа ықыласпен қараған да маңызды. Бұл тағамның дәмінен де, құрамындағы өнімдердің өзара үйлесімінен де байқалады.

Қонақтардың таңдауы

Victory Mexico барындағы ең танымал тағам — бұл, әрине, тако. Тұздық дайындағанда аспаздар туристердің Мексика туралы түсінігіне қарай қоймай, сол елдегі үйде дайындалатын рецепттерге сүйенеді.

Сусыннан қонақтар көбінесе Маргарита мен текиланы таңдайды. Бармендер текила ішудің бірнеше тәсілі бар екенін айтып, әр тәсілдің тарихымен таныстырады. Мысалы, текиланы тек тұз бен лайм қосып емес, құлпынаймен де ішуге болады.

Бар қызметкерлері қонақтарға Мексика тағамдарының тарихын, мысалы, тако мен бурритоның қалай пайда болғанын айтып бере алады. Бұрын бұл тағамдарды егістікте жұмыс істейтін адамдар жейтін. Уақыт өте келе кейбір қонақтар тарихты өздері оқып келе бастады. Олар тағамдардың қайдан шыққанын айтып беріп, мәзірде бар-жоғын сұрайды.

Алматыдағы шағын Мексика

Бүгін барға жергілікті тұрғындар ғана келмейді. Мұнда әртүрлі елден келген туристтер мен испан тілінде сөйлейтін адамдар да бас қосады. Мексикада болған немесе оның мәдениетін жақсы білетін адамдар үшін бұл жер таныс ортаға қайта оралғандай әсер сыйлайды. Артемның айтуынша, кейде Мексика тұрғындары барға келгенде өздерін үйде болғандай сезінетінін айтады.

Алайда Мексика туралы ештеңе білмейтін адамдар да барға келіп, тако жеп, ел мәдениетімен жақынырақ таныса алады.

Ащы бұрыш сайысы

Артемға Қазақстанда Мексика мәдениетін дәріптейтін орын ашқан маңызды болды. Яғни мақсат текила ішіп, тако жеп көруге болатын орын емес, адамды күнделікті ортасынан уақытша алыстатып, өзге мәдениетке баурай алатын кеңістік құру болды.

«Адам өзін Мексикада жүргендей сезінсін деп жағдай жасауға тырысамыз», — дейді ол.

Сондықтан Victory Mexico бары тағам дайындап қана қоймай, Мексика мәдениетін танытатын іс-шаралар да өткізеді. Мысалы, қазан айының ортасында ащы бұрыш жегізетін шоу-сайыс өтеді. Табаско бұрышының ащылығы Сковилл шкаласы бойынша 30–50 мың бірлікке жетсе, сайысқа қатысушыларға ұсынылатын бұрыштың ащылығы 3 миллион бірлікке жуықтайды.

Ұйымдастырушылар бұл сайыс арқылы Мексика ұлттық тағамдарының ащы болу мәнін көрсеткісі келеді. Тарихта ащы дәмдеуіштер тағамды сақтауға және оның дәмін келтіруге пайдаланылған. Бірақ Артем атап өткендей, Мексика тағамдарының бәрі бірдей ащы бола бермейді. Кез келген мәдениеттегідей, Мексика тұрғындарының арасында ащы тағам ұнататындар да, ұнатпайтындар да кездеседі.
 


Victory Mexico барының тәжірибесіне қарасақ, концепциясы күрделі мекеме ашқанда оны бірден дәстүрлі етіп жасаудың қажеті жоқ екенін көреміз. Қонақтарға жаңа тағамдарды біртіндеп ұсынуға болады: алдымен дәмін арнайы бейімдеп, кейін рецепттердің негізгі нұсқаларын қайтарып, ел мәдениетімен таныстырып отыруға болады. Сонда барыңыз қонақтардың жақысы жерде демалып, қызық оқиға тыңдап, жаңа адамдармен таныса алатын орынға айналады.