Бизнес үшін Threads жүргізудің маңызы

Пікір алмасу алаңы

Бизнес үшін Threads жүргізудің маңызы

Мақаланың мазмұны

  • Telegram-да талқылау

Жаңа әлеуметтік желі пайда болып, қарқынды дами бастағанда, бизнес қауымы әдетте екіге бөлінеді. Бірі желіге бірден тіркеліп, ойына келгеннің бәрін жариялай бастайды. Екіншісі: «Бізге оның қажеті жоқ, Instagram-ның өзі жақсы жұмыс істеп тұр», — дейді. Ал шын мәнінде, бәрі бизнестің көздеген мақсатына байланысты. Threads бәріне бірдей қажет емес. Бірақ өз ойын ашық айтып, аудиториямен диалог құрып, сараптамалық беделін нығайтқысы келетін брендтер үшін бұл тиімді арнаға айналуы мүмкін.

Threads — Instagram-ның егізі емес. Мұнда Instagram-дағы жазбаларды, баннерлер мен науқандарды сол күйі көшіріп жариялау жеткіліксіз. Бұл желінің табиғаты бөлек: мұнда еркін әңгіме, ой бөлісу, өзекті оқиғаларға жедел үн қосу және ашық пікірталас маңыздырақ. Егер Instagram көбіне брендтің келбетін көрсететін арна болса, Threads адамдардың пікір алмасып, ой бөлісіп, болып жатқан жағдайларға бірден үн қататын ортаға көбірек ұқсайды.

Threads кімдерге қажет

Бизнес үшін ең маңыздысы — жаңа трендке ілесу емес, брендтің өз ойын жеткізе алуы.

Threads кәсіп иесінің жеке брендін дамытатын, сараптамалық контент ұсынатын және медиа, білім беру, IT, қызмет көрсету, мәдениет, мансап, маркетинг пен бизнес-қауымдастық тақырыптарын тұрақты қозғайтын компанияларға пайдалы болуы мүмкін.

Егер бизнесіңіз негізінен тауар сатуға бағытталып, желілерде ассортимент пен науқандарды ғана жарияласа, Threads сіз үшін басым бағыттан гөрі қосымша арна болып қалады.

Аккаунт ашқан дұрыс па

Threads тиімді жұмыс істеуі үшін брендте мыналардың кем дегенде бірі болуы керек:

  • негізін қалаушы немесе бренд атынан өз ойын тұрақты бөлісетін сарапшы
  • өзекті тақырыптарға жедел үн қатып, аудиториямен ашық сөйлесе алатын команда
  • өз ұстанымын көрсете алатын бренд
  • пікірталас тудыратын әрі талқылауға негіз болатын контент

Онсыз аккаунт басқа желілердегі жазбаларды көшіріп салатын қосымша арнаға айналады.

Жарияланатын контент түрі

Threads-те әдемі суреттер емес, айтар ой маңызды. Сондықтан мынадай контент жақсы қабылданады:

  • салаңыздағы өзгерістер туралы ойлар
  • сарапшы пікірі
  • нарықтағы қателерді талдау
  • клиенттердің жиі қоятын сұрақтарына жауап беру
  • трендтерге қатысты пікірлер
  • бизнестің ішкі үдерістері
  • шағын кейстер
  • шынайы инсайттар
  • компания басшысының пікірлері
  • аудиторияға қойылатын сұрақтар
  • салаңыздағы оқиғаларға жедел үн қату

Басшының жеке бренді

Threads бизнес иесінің жеке брендін дамыту үшін әсіресе тиімді болуы мүмкін. Мұнда үлкен мақалалар немесе Instagram-дағы жазбаларға қарағанда ойды жылдам әрі қарапайым жеткізу оңайырақ. Мысалы, мейрамхана иесі қызмет көрсету пен қонақ тәжірибесі туралы жаза алады. Маркетинг саласындағы маман брендтер мен сауда жайлы ой бөлісе алады. HR-маман жұмысқа адам жалдау мен корпоративтік мәдениет туралы жаза алады. Өндіруші өнім сапасы, шикізат және нарық туралы айта алады.

Осындай қысқа жазбалар уақыт өте келе жай ғана оқырман емес, сіздің көзқарасыңызды түсінетін аудиторияны қалыптастырады.

Threads-ті тиімді жүргізіп жүрген бизнес иесінің мысалы:

Тәртіп бар жерде өсім болады

Шынайы әрі еркін жазу — ойға келгеннің бәрін жариялай беру деген сөз емес. Брендтің өз қағидалары болғаны маңызды. Сондықтан алдын ала мыналарды айқындап алған жөн:

  • қозғайтын тақырыптар
  • орынды сөйлеу мәнері
  • пікірлерге жауап беретін адам
  • пікірталас туындаса, не істеу керек
  • жағымсыз пікірлерге жауап беру

Желі жылдам өскен сайын, артық сөз айтып қою қаупі де арта түседі. Сондықтан еркіндік пен тәртіп қатар жүргені маңызды.

Саудаға ықпалы

Threads көбіне клиент жолының алғашқы кезеңінде тиімді жұмыс істейді. Адам алдымен сіздің ойыңызды оқиды, кейін парақшаңызға өтеді. Одан Instagram-дағы парақшаңызды, сайтыңызды немесе жеке аккаунтыңызды қарап, жазылады. Біраз уақыттан кейін сізге хабарласып немесе өніміңізді сатып алуы мүмкін. Бірақ алғашқы апталардан-ақ сауда жүреді деп күтпеген жөн. Бұл ең алдымен сенім қалыптастыратын, брендтің танымал болуына ықпал ететін және сарапшы ретіндегі беделіңізді нығайтатын арна.

Неден сақтану керек

Threads-ті тек науқан жариялайтын арнаға айналдырмаңыз. «20% жеңілдік», «Жаңа тауар келіп түсті», «Сатып алып үлгеріңіз» деген хабарламалардың өз орны бар. Ал Threads-те брендтің артында шынайы ойы мен ұстанымы бар адамдарды көрсете алатын жазбалар көбірек назар аударады.

Мысалы: «Соңғы кезде клиенттер жеңілдіктен гөрі өнімнің қанша уақыт қызмет ететіні туралы жиі сұрай бастады. Бұл — нарықтың есейіп келе жатқанының жақсы белгісі». Немесе: «Instagram-да шағын бизнес жасайтын ең қымбат қате — әлсіз визуал емес, клиентті төлемге дейін жеткізетін түсінікті жолдың болмауы». Осындай ойлар аудиторияны кезекті жарнамалық баннерден әлдеқайда тиімді тартады.

Threads-тегі жарнама

2026 жылдың басынан бастап Threads тек табиғи контентке ғана сүйенетін платформа болудан қалды. Meta мұнда әлемдегі барлық жарнама берушіге жарнама орналастыру мүмкіндігін ашты. Демек, уақыт өте келе Threads пікір білдіретін арна ғана емес, бизнесті алға жылжытуға арналған алаңға да айналуы мүмкін. Жарнама мүмкіндіктері әзірге толық қолжетімді болмаса да, өз саласында сараптамалық беделін бәсекелестерінен бұрын қалыптастырғысы келетін брендтер үшін Threads-те белсенді болу бәрібір маңызды.

Threads-ті тиімді жүргізу жолдары

Нұсқаулық:

  • аккаунт кімнің атынан жүргізілетінін анықтаңыз: бренд, негізін қалаушы, басшы, сарапшы немесе команда
  • негізгі үш-бес тақырыпты белгілеңіз, мысалы, маркетинг, сауда, клиент тәжірибесі, кәсіпкерлік немесе жергілікті нарық
  • ойыңызды қысқа да нұсқа жеткізіңіз
  • пікіріңізді ашық айтыңыз, алайда бос дауға апаратын арандатудан сақ болыңыз
  • адамдарға жауап беріп отырыңыз
  • қандай ойлар аудиторияға көбірек әсер етіп жатқанын бақылаңыз
  • сәтті шыққан тақырыптарды кейін Instagram жазбаларына, мақалаларға, баяндамаларға арқау етіңіз

Түйін

Threads тағы бір міндетке айналмауы керек. Егер Instagram, 2GIS, Google сияқты негізгі арналарыңызды толыққанды жүргізуге шама жетпей жатса, алдымен соларды реттеп алыңыз. Ал брендіңіздің беделін нығайтып, кәсіби ортадағы еркін әңгімеге араласқыңыз келсе, Threads-ті сынап көріңіз.

Threads әр бизнеске бірдей қажет емес. Бірақ ол өз өнімін ғана таныстырып қоймай, көзқарасын қалыптастырғысы келетін брендтер үшін маңызды. Threads өз ойыңызды бөлісуге, нарықты қалай түсінетініңізді көрсетуге және аудиторияның сеніміне ие болуға мүмкіндік береді.