«Кофе енді арзандамайды»: Павел Сериков нарықтағы ахуал туралы
Бразилия кофесі — қазақстандық өңдеушінің пайымында

Мақаланың мазмұны
Әлемдік кофе көлемінің тең жартысы бір ғана елде өсіріледі. Қуырылмаған кофе дәндерін жеткізумен әрі оны қуырумен айналысатын Павел Сериков Astana Coffee Expo 2026 көрмесінде Бразилия өнімінің жөні де, нарықтағы орны да мүлде бөлек екенін айтты. Ал мұндағы өзгерістер алдағы уақытта кофеханаңыздағы кофе дәніне кететін шығынға тікелей әсер етеді.
Павел кофе өндіретін елдерге 2018 жылдан бері барып жүр. Бұл істі Қазақстанда алғаш қолға алған оның сапар картасында бастапқыда Панама, Колумбия, Кения болса, 2023 жылдан бері мұнда Бразилия да қосылды.
Бразилияның нарықтағы басымдығының себебі
Әлемдік кофе өндірісінің 50—55%-ы Бразилияның үлесіне тиесілі. Салыстыра айтсақ, Кения, Колумбия мен Панама сияқты нарық көшбасшылары жоғары сапалы кофе өндіреді, бірақ оларда өндіріс экономикасының моделі мүлде өзгеше. Жер көлемі жағынан Бразилия әлемде бесінші орында тұр (Қазақстан — тоғызыншы) әрі мұнда ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған: кофе, қант қамысы мен жүгері — ел экспортының негізгі арқауы.
Биік таулы елдер арабиканы әдетте 1500–2000 метр биіктікте өсіреді. Онда дән қолмен жиналатаныдықтан, өнім көлемі шектеулі. Бразилияда кофе теңіз деңгейінен 900–1400 метр биіктіктегі үстірттерде өседі. Бұл егінді арнайы комбайндармен жинап, өнім көлемін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан бразилиялық кофенің негізгі дәм сипаты шоколад, жаңғақ, кейде кептірілген жеміс түрінде көрінеді. Мұндай таза әрі түсінікті дәм — кемшілік емес, керісінше, әлем халқының тең жартысы дәл осы кофені таңдауының басты себебі.
Дегенмен сахнадағы кофе дәмін тату кезінде Павел бұл кофенің өзге қырын көрсетті. Бразилия кофесі суыған сайын дәмдік сипатын өзгертіп, одан алма мен кептірілген жеміс дәмі айқын сезіледі. Мұндай дәм Бразилияны қарапайым сұрыптардың шеңберінен бірден алып шығады.

Бразилиядағы кофе кооперативтері жүйесі
Бразилия кофе өндірісінің басты тірегі — кооперативтер. Мұнда дән сапасын сараптайтын зертханалар мен бір қойманың өзінде 200 мың қап (12 мың тонна (!) шикі дән) сақталатын алып кешендер жұмыс істейді.
Фермер үшін кооператив — жай аты бар ұйым емес, іс жүзінде «кофе банкі». Плантация аумағы орасан зор болғандықтан, өрт пен өнімсіздік сияқты күтпеген жағдайлардан ешкім сақтанбаған. Мұндайда кооператив арзан тыңайтқыш пен арнайы техниканы жалға беріп, шығынды алдағы өнім есебінен өтеуге мүмкіндік жасайды. Дәл осы жүйе ұсақ фермерлерге банкрот болмай, отбасылық кәсібін ұрпақтан-ұрпаққа сақтап қалуға көмектеседі.
Павел екі жыл қатарынан өнімін сатып алып отырған Барбоза әулеті — соның айқын мысалы. Ата-бабадан қалған бұл плантация Cup of Brazil ұлттық байқауында екі рет (2021 және 2025 жылдары) топ жарған. Тіпті аукционда олардың өңделмеген кофе дәндері килограмына 180 доллардан бағаланды (бұған жеткізу мен қуыру шығыны кірмейді).
Өңдеу әдісі және клиент алдындағы адалдық
Бразилияда негізінен құрғақ өңдеу тәсілі қолданылады. Бұл әдіс өзгелерден артықшылығы үшін емес, егін көлемінің тым үлкендігінен таңдалады. Жиналған жидекті ылғалды немесе анаэробты жолмен өңдеп үлгеру мүмкін емес. Сондықтан өнім бұзылып кетпеуі үшін оны бірден кептіру алаңына жаяды.
Павел тағы бір маңызды мәселені айтты — табиғи ферментация деген аты бар, іс жүзінде хош иіс қосылған (инфьюз) кофе. Бразилиялық фермерлердің айтуынша, инфьюз жасау шынайы ферментациядан қымбат әрі ұзақ. Нәтижесі де әрдайым сәтті шықпайды. Сондықтан беделді өндірушілер химияға емес, табиғи кофе түрлері мен таза өңдеу әдістеріне сенеді. Бұдан шығатын түйін: қаптамада «табиғи» деп жазылып, ал ішкенде жасанды, өткір дәм сезілсе — бұл тұтынушыны алдау.

Кофе бағасының өзгеруі мен болжамы
Бұл — кофехана иелері үшін сараптаманың ең қолданбалы, пайдалы бөлігі. 2022 жылдан бері көтеріле бастаған кофенің биржа бағасы 2024 жылы екі есе өсті, соған сәйкес қуырушылар үшін өзіндік құны да өсті. Себебі — әлемдік тұтыну деңгейі өскенімен, Бразилияда өнім түсімі төмендеп кетті (Қазақстан — осының айқын дәлелі, ал Қытайда бұл үрдіс тіпті орасан ауқымда жүріп жатыр).
Нарық тым құбылмалы: мол өнім туралы хабар тараса баға төмендейді, құрғақшылық жағдайда — қайта шарықтайды. Ал ауа райы мен халықаралық институттар келесі жылға Эль-Ниньо құбылысын, яғни кезекті құрғақшылықты болжауда. Нарық өкілдері көбіне Бразилиядағы кофе ағаштарының қазан-қарашадағы гүлдеу кезеңіне сүйенеді: алғашқы өнім болжамдары дәл осы гүл санына қарап жасалады.
Назар аударарлық тағы бір фактор — дифференциал. Өндіруші елдер (Бразилия, Колумбия) тыңайтқыш пен жеткізу шығынын өтеу үшін биржа бағасына өз үстемесін қосады. Сондықтан биржа бағасы төмендегеннің өзінде, үстеме ақы өсіп, кофе қуырушыға жететін түпкілікті баға шамамен бір деңгейде қалады.
Өнім сатып алу мен мәзір бағасын жоспарлағанда ескеретін басты түйін: алдағы жылдары кофе арзандамайды — шикі дән күйінде де, қуырылған өнім ретінде де.
Қазақстанның HoReCa нарығы үшін басты салдарлар
Біріншіден, алдағы жылдары кофехананың қаржылық моделін жоспарлағанда шикі дән бағасының өсуін басты болжам ретінде бекіткен дұрыс. Баға 2021 жылғы деңгейге қайта түседі деп үміттенбеңіз.
Екіншіден, қаптама мен мәзірдегі ақпаратқа деген көзқарасты қайта қарап шыққан жөн. Өнімнің шығу тегін толық көрсету (қай фермадан шыққаны, өңдеу түрі, ферментация әдісі) — жай маркетинг емес. Бұл — клиентпен ашық диалог құрудың жолы әрі шикізат сатып алу кезінде міндетті түрде ескерілетін өзіндік құн факторы.