Ойын-сауық орындарынан шығатын қатты дыбыс: мейрамхана мен барларға қойылатын талаптар
Айыппұл мөлшері және одан сақтану амалдары

Кешке көшелердегі тіршілік қайнай түседі. Бар, мейрамхана мен жазғы дәмханалардың жұмысы қызып, музыка қосылады. Біреуге бұл тағатсыздана күткен демалыс болса, енді біреуге мазасыз түннің бастауы. Қатты дыбыс бүгінде жай тұрмыстық шағым емес. Ол құқықтық әрі экономикалық фактор. Яғни тұрғын үйде немесе оған жақын жерде орналасқан ойын-сауық орындарының иелері заң алдында жауап беріп, айыппұл арқалауы әбден мүмкін. Кәсіпкер қандай жағдайда жауапкершілікке тарылады? Бірге талқылайық.
Шу дегеніміз не
«Шу» ұғымына қатты музыкамен қоса мына дыбыстар кіреді:
- теледидар, колонка және басқа да акустикалық құрылғылардың дыбысы
- жөндеу және құрылыс жұмыстары, жүк түсіру
- салқындатқыш, желдеткіш, тоңазытқыш, генератор сияқты тұрмыстық техникалардан шығатын дыбыс
- ән айту, музыкалық аспаптарда ойнау
- атыс және отшашу (пиротехника)
Тыныштық құқығы: шу деңгейін өлшеу
Қазақстанда тыныштық сақтау бойынша нақты ережелер бар. Шудың рұқсат етілген шегі:
- күндіз — 55 дБ-ге дейін
- түнде — 45 дБ-ге дейін
Мәселен: дауыс көтеріп сөйлегенде шамамен 55 дБ, ал дыбысы бәсең қосылған теледидардан 45 дБ шу шығады. Дыбыс осы шектен асса, заң бұзылды деп есептеледі.
Шамадан тыс қатты дыбыс арнайы құрылғымен өлшенеді. Шынымен қатты болса, шу шығарған адам санитарлық талаптарды сақтамады деп, заң алдында жауапқа тартылуы мүмкін.
Айыппұл мөлшері
- жеке тұлғалар — 20 АЕК дейін (78 640 теңге 2025 жылы)
- шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдар — 160 АЕК дейін (629 120 теңге 2025 жылы)
- орта бизнес — 210 АЕК дейін (825 720 теңге 2025 жылы)
- ірі бизнес — 1 600 АЕК дейін (6 291 200 теңге 2025 жылы)
«Тыныштық уақыты»: ережелер мен жауапкершілік
Децибел деңгейінен бөлек уақыт режимі де бар — яғни «тыныштық уақыты» деп аталатын уақыт аралығы. Бұл уақыт аралығында шулауға тыйым салынады:
жұмыс күндері — сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін
демалыс және мереке күндері — 23:00-ден 10:00-ге дейін
Айыппұл мөлшері:
- жеке тұлғалар — 5 АЕК (19 660 теңге 2025 жылы)
- шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдар — 20 АЕК (78 640 теңге 2025 жылы)
- орта бизнес — 30 АЕК (117 960 теңге 2025 жылы)
- ірі бизнес — 100 АЕК (393 200 теңге 2025 жылы)
Жағдай қайталанса (1 жыл ішінде) жаза қатаңдай түседі. Айыппұл әдетте екі есе өседі. Ал ірі бизнеске қойылатын шекті мөлшер 150 АЕК (393 200 теңге 2025 жылы) құрайды.
Екі заң бабында — екі сценарий
Шатастырып алмаңыз: екі түрлі заң бар. Олардың негіздері мен салдары әртүрлі:
- ҚР ӘҚБтК 437-бап — тыныштықты бұзу. Түнгі уақытта тыныштықты бұзу әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады. Мұндай жағдайда дыбыстың қаншалықты қатты екенін өлшемеуге болады. Көрші-қолаң шағымданса жеткілікті.
- ҚР ӘҚБтК 425-бап — санитарлық талаптарды бұзу. Мұнда дыбыс децибелі арнайы құрылғымен өлшенуге тиіс. Бұл заң бұзылғанда салынатын айыппұл мөлшері әлдеқайда жоғары.
Яғни заңды бір рет бұзған кәсіп иесі екі рет жауапкершілікке тартылады:
- «тыныштық уақытын» бұзғанына
- рұқсат етілген дыбыс деңгейінен асқанына
Тексеру тәртібі
Әдетте бәрі тұрғындардың шағымынан басталады. Егер мәселе «тыныштық уақытын» бұзуға қатысты болса, онда полицейлер бұл жағдайды тіркеп, әкімшілік хаттама толтырады.
Егер мәселе санитарлық дыбыс децибелін асыруға қатысты болса, онда іске санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары жұмылады.
Дыбыс қаттылығы арнайы құрылғы — шумомермен өлшеніп, нәтижесінде акті жасалады.
Әкімшілік іс жүрген кезде дәлел ретінде тек ресми өлшенген дыбыс қана қабылданады. Субъективтік шағымдар («маған кедергі келтіріп жатыр» дегендей) іске негіз бола алмайды.
Тұрғын үй мен жазғы дәмхана: қос қауіп
Тұрғын үйлерде орналасқан қоғамдық тамақтану орындарында әкімшілік жауапкершілікке тартылу қаупі жоғары. Мұнда кез келген көршінің шағымы тексеріске себеп болуы мүмкін. Жазғы дәмханалардың да қатты дыбысы пәтерлерге дейін жетсе, СЭС мамандары оны залдағы музыканың шуы деп тіркейді.
Алматы мен Астанада мұндай бақылау ерекше қатаң жүргізіледі.
Жазғы дәмханалардың өз ережелері бар: әкімдіктің рұқсатысыз жұмыс істеген дәмханаларға айыппұл салынып, тіпті тұрған жерінен алып тастасын деген талап келуі мүмкін.
Кәсіпкерлердің шуды реттеу тәжірибесі
Алматыдағы шағын бар иелері Ösim-ге шуды қалай реттейтінін айтып берді. Red Bear Bar иесі Рустам Қужагалиев шу мәселесін әліі ашылмай тұрғанда ойлағанын айтады:
Біз шу өлшейтін құралды бірден қойдық та, өзімізге қолайлы шу деңгейін 85–90 дБ деп белгіледік. Осы деңгейде үстіңгі қабаттағы пәтерде мүлде естілмейді, сондықтан көршілердің тыныштығы бұзылмайды. Ол жерде жасы үлкен әжей тұрады, біз онымен танысып, араласып кеттік. Бізге бизнес пен көршілер бір-біріне кедергі келтірмей тату тұрғаны маңызды.
Ал Purple Bar-да жағдай ұқсас. Мұнда жанды музыка ойнап, диджейлер жұмыс істейді, бірақ дыбыс бәрібір бақыланады:
Жабдыққа біз 105 дБ деңгейінде шектегіш қойдық. Техникалық тұрғыдан қаттырақ қоюға болады, бірақ ол есту қабілетіне зиян әрі сөйлесуге кедергі жасайды. Ал біз қойған деңгейдегі музыка жұрттың көңілін көтереді де, адамдар бір-бірін айқайлап шақырмайды. Әріптестер: “Неге лимитер қоясыңдар?” — деп, жиі таң қалады. Ал біз оны қонаққа да ыңғайлы, көршіге де тыныш деп ойлаймыз. Ең бастысы — мұндай амал тексерістерге ұшырап, айыппұл төлегеннен әлдеқайда оңай әрі арзан.
Тағы бір маңызды жайт бар:
Егер біреу бәрібір шағымданса, дыбысты өлшейтін мамандарды шақыруға болады. Алайда мен ондай жағдайға жеткізбеуге тырысамын. Көршілермен жақсы қарым-қатынаста болу ресми хаттама жазып әлек болғаннан тиімдірек.
Кәсіпкерге берер кеңес
Ұзақ уақыт жұмыс істегісі келетін мекемелер профилактика жүйесін қалыптастыруы керек.
Құрылым деңгейінде — қабырғалар мен төбеге дыбыс оқшаулағыш орнату, жуан дыбысты басқа арналған виброоқшаулау, кондиционерлерге экран орнату.
Процесс деңгейінде — дыбыс деңгейін шектейтін лимитерлер, 22:00-ден кейін «түнгі режим», жүк түсіру және тазалау жұмыстарын күндізгі уақытта жасау.
Коммуникация деңгейінде — көршілермен байланыс орнату, жедел желі ұйымдастыру, жалға алу келісімшартында шуға қатысты жауапкершілікті нақты белгілеу.
Кәсіп иесіне пайдалы чек-лист:
- шу диагностикасын жүргізу
- шектеуіштер мен оқшаулау жүйесін орнату
- жұмыс кестесін тұрғындарға кедергі келтірмейтіндей етіп құру
- кез келген шағымды тез арада қарастыруды ереже ретінде енгізу
Тексеріс кезіндегі әрекеттер
Инспекторлардан құжаттарын сұраңыз, дыбысты өлшеу жағдайын тіркеңіз, тексеріс актісіне қол қойыңыз. Ең бастысы — қатты дыбысты бірден бәсеңдетіңіз.
Шу шығару — тек көршілердің мазасын алатын нәрсе емес. Бұл бизнесіңіздің орнықты болуына тікелей әсер ететін фактор. Бір-ақ рет келген айыппұлды төлей салуға болады, бірақ егер шағым жиі түсіп тұрса, бизнесіңіз жабылуы да мүмкін. Акустикаға ақша салып, айналадағы адамдарға құрметпен қарап, жақсы қарым-қатынас орнатып, бәрін алдын ала дайындап отыратындардың табысты болары сөзсіз. Бұның бәрі көршілермен дауласып, хаттама толтырғанға қарағанда арзан әрі сенімді амал.