Алғашқы клиенттерді табу жолдары

Жарнамаға көп ақша жұмсамай бірінші тапсырыстарды алу және бизнесті ілгерілету

Алғашқы клиенттерді табу жолдары

Мақаланың мазмұны

  • Telegram-да талқылау

Кәсіп бастаған кезде ол туралы кәсіпкердің жақын ортасынан басқа ешкім біле бермейді. Алғашқы клиенттерді табу қажет, бірақ жарнамаға бірден қомақты қаражат жұмсау қауіпті. Себебі әзірге қай арнаның тиімді болатыны және кімнің клиент болатыны белгісіз.

Ауқымды жарнамалық науқансыз-ақ бастауға болады. Ең алдымен, өніміңіз кімге қажет екенін анықтап, оны әлеуетті сатып алушыларға таныстыру керек. Содан кейін қай ілгерілету тәсілдері нақты тапсырыс әкелетінін тексеру маңызды.

Өніміңіз кімге қажет екенін анықтаңыз

Клиент іздеуді бастамас бұрын тауарыңызды немесе қызметіңізді кімнің сатып алу ықтималдығы жоғары екенін, сондай-ақ мекемеңізге кімдер келетінін анықтап алыңыз. Өніміңіз қандай мәселені шешетінін және клиенттер сізді неліктен таңдайтынын ойластырыңыз.

Мысалы, кондитерлік дүкеннен мерекеге торт алғысы келетін адамдар да, қызметкерлеріне тәтті сыйлық жасауды жоспарлаған компаниялар да тапсырыс беруі мүмкін. Бұл екі топтың қажеті, тапсырыс күту мерзімдері, бюджеттері мен талаптары әртүрлі.

Мақсатты аудиторияңызды неғұрлым жақсы түсінсеңіз, соғұрлым тиімді ілгерілету арналарын таңдап, клиенттерге неліктен дәл сізге жүгіну керегін түсіндіру оңай болады.

Бизнесіңіз туралы айтып жүріңіз

Алғашқы тапсырыстарды таныстарыңыз, бұрынғы әріптестеріңіз және кәсіби ортаңыздағы адамдар арқылы алуға болады. Оларға қандай тауар немесе қызмет ұсынатыныңызды, оның кімдерге қажет болуы мүмкін екенін және тапсырысты қалай рәсімдеуге болатынын түсіндіріңіз.

Әр танысыңыздың клиентке айналуы міндетті емес. Ол өніміңізге мұқтаж адамға сізді ұсынуы немесе әлеуетті тапсырыс берушінің байланыс деректерін беруі мүмкін. Ауызша тараған жақсы пікір — ең тиімді жарнаманың бірі.

Компанияларға тауар сататын немесе қызмет көрсететін кәсіпкерлер әлеуетті серіктестер мен клиенттерге өздері хабарласқан жөн. Мысалы, компаниядағы мерекелік іс-шараларға орай арнайы ұсыныс жасауға болады. Бәріне бірдей мәтін жібергеннен гөрі әр компанияның қажетіне сай ұсыныс жасаған тиімді.

Сатып алушыларды тауар мен қызмет таңдайтын жерлерден іздеңіз

Әлеуетті клиенттер қажет тауарлар мен қызметтерді интернеттен, карталардан, әлеуметтік желілерден және арнайы платформалардан іздейді. Сондықтан бизнесіңіз туралы ақпарат клиенттеріңіз іздеуге дағдыланған жерлерде болған маңызды.

Мысалы, сұлулық салоны, кофехана немесе шеберхана сияқты жергілікті бизнес өкілдері 2GIS пен Google Maps карталарында компания туралы ақпаратты толтырғаны жөн: мекенжайын, жұмыс уақытын, байланыс дерегін көрсетіп, фотосуреттерін жүктеу керек. Алғашқы клиенттеріңізден пікір қалдыруды сұраңыз.

Егер тауарларыңыз бен қызметтеріңізді әлеуметтік желілерде жарнамаласаңыз, парақшаңызға кірген адам не ұсынатыныңызды, бағасын және қалай тапсырыс беруге болатынын бірден түсінуі керек. Барлық арнаны қатар жүргізуге тырыспай, бизнесіңізге қолайлы бір-екі платформаны таңдаңыз.

Серіктестік пен ұсыныстар арқылы клиент тарту

Сіздікіне ұқсас аудиториямен жұмыс істейтін, бірақ сізбен бәсекелеспейтін компанияларды табыңыз. Ынтымақтастық екі тарапқа да тиімді болуы керек. Мысалы, фотограф іс-шара ұйымдастырушымен, ал гүл дүкені кондитерлік дүкенмен серіктесе алады.

Бір-біріңізге клиент ұсынуға, әлеуметтік желіде бірлесіп жазба жариялауға немесе серіктесіңіздің клиенттеріне арнайы ұсыныс жасауға келісіңіз. Алдымен бірге шағын жобаны жүзеге асырып көріңіз. Нәтижесі жақсы болса, серіктестікке көбірек уақыт пен қаражат бөлуге болады.

Алғашқы тапсырыстардан кейін клиенттердің сенімін арттыруға көңіл бөліңіз. Уәделеріңізді орындап, белгіленген мерзімді сақтаңыз. Клиенттердің пікірін біліп отырыңыз. Қызметіңізге көңілі толған клиенттерден пікір қалдыруды және сізді басқаларға ұсынуды сұраңыз.

Тапсырыс қайдан көбірек түседі

Әлеуметтік желідегі қаралым, лайк пен жазылушылар саны клиенттердің келуіне кепілдік бермейді. Сондықтан әр клиенттің сіз туралы қайдан білгенін белгілеп отырыңыз: таныстарының ұсынысы, әлеуметтік желілер, карта, серіктесіңіздің кеңесі. Бұл ақпарат нәтижелерді талдау үшін қажет.

Клиенттердің қанша рет хабарласқанын, сатып алулар санын және ілгерілетуге кеткен шығынды салыстырыңыз. Мысалы, бір жазба көп қаралым жинағанымен, тапсырыс әкелмеуі мүмкін. Ал бірнеше пікір төлем жасауға дайын клиенттерді тартуы мүмкін.

Бір күннің немесе бір тапсырыстың нәтижесіне қарап қорытынды жасамаңыз. Таңдаған арнаңыздың тиімділігін бағалау үшін біраз уақыт бақылап, нәтижесін талдаңыз. Қай тәсіл көбірек пайда әкелсе, соған көбірек көңіл бөліңіз.

Алғашқы тапсырыстар жаңа клиент табуға жол ашады

Бизнесті енді бастағанда бірден көп клиент тарту немесе көп тапсырыс алу оңай емес. Ең бастысы — әлеуетті клиентіңіздің кім екенін, сізді қайдан тапқанын және неліктен таңдағанын түсіну. Алдымен мақсатты аудиторияңызды зерттеңіз, ұсынысыңыз туралы айтып беріңіз, қолайлы платформаларды таңдап, клиенттердің пікірін жинаңыз. Осылайша бизнесті болжамдарға емес, нақты нәтижелерге сүйеніп дамыта аласыз.


Алғашқы клиенттерді таныстар, кәсіби байланыстар, басқа компаниялармен серіктестік, әлеуметтік желілер мен онлайн-карталар арқылы табуға болады. Өзіңізге қолайлы бірнеше тәсілді таңдаңыз. Уақыт өте келе артық шығын жұмсамай, клиент тартудың тиімді жүйесін қалыптастыра аласыз. Әр кәсіптің өзіндік ерекшелігі бар, сондықтан түрлі тәсілді байқап, өз бизнесіңізге қайсысы оңтайлы екенін анықтаған жөн.